Саран қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінің ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі жарыс осы жолы да тартысты болды.
Оған қалалық білім бөліміне қарасты білім ордалардан келген мектеп оқушылары белсене қатысып, өз мүмкіндіктері мен шыдамдылықтарын бір сынап алды. Қатысуға 8 мектеп өтініш білдіріп, оның бесеуі ғана өз білімдері мен дағдыларын шыңдай түсті.
- Міне, бүгін, жылда өткізетін қалалық «Жас құтқарушылар» олимпиадасына келдік, Абай мектебі атынан. Оқушылардың дайындығы жаман емес. Әрине, өз оқушыларыма жеңіс тілеймін, қалғандарына сәттілік тілеймін, - деді Абай атындағы ЖББМ АӘжТД пәні бойынша педагог-ұйымдастырушы Аманбек Бидахметов.
Салауатты өмір салтын насихаттауға, балаларды патриоттыққа тәрбиелеуге бағытталған бауқауда оқушылар тек 6 кезеңге ғана қатыспай, төтенше жағдайлар бөлімінің жұмысымен жақын танысып, сақтық шараларын пысықтады. Түрлі жағдаяттарды мысалға ала отырып, оның ішінде алғашқы медициналық көмек қамтылған сұрақтарға жауап беріп, кейін шапшаңдылық пен ептілікті қажет ететін уақытқа өрт сөндірушінің киімін киюден, іздеу-құтқару жұмыстарына бағытталған кезеңдерден мүдірмей өтуден бақталасты.
Нәтижесінде №1 мектеп-лицейінің оқушылары 3-орынмен, Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінің білім алушылары 2-орынмен және №16 жалпы білім беретін мектептен келген оқушылар 1-орынмен марапатталды.
Саран қаласының Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Нұрлан Жақыпбаевтың айтуы бойынша, қалалық жарыстың жеңімпаз командасы мамыр айында облыстық жарысқа қатысады. Одан сүрінбей өткен жағдайда республика көлемінде бақтарын сынайтын болады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА







