18 мамырда «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде «Нашақорлық – XXI ғасырдың қасіреті» тақырыбында қалалық брифинг өтті.
Іс-шараға Қарағанды облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Н. Садвакасов, Саран қаласы прокуратурасының аға прокуроры Ж. Топарова, Саран қаласының пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет капитаны Д. Байбахтина, «Саран қаласының ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры А. Рахимбеков, қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының м.а. А. Танирберген, «Мир добра» ҚБ жобалар үйлестірушісі Т. Абрамова, қалалық ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі, қоғамдық пікір көшбасшысы Г. Туртбаева, Саран қаласының отбасын қолдау орталығының директоры Е.Швецова және білім беру ұйымдарының басшылары, ата-аналар қоғамдастығының өкілдері, қамқоршылық кеңестердің төрағалары, құқық қорғау органдары, дәрігерлер, педагогтер, психологтар мен жастар қатысты.
Брифинг барысында спикерлер сөз сөйлеп, нашақорлық пен құқықбұзушылықтың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды мәселелерін кеңінен талқылады. Сондай-ақ, тақырыпқа сай деректі фильмдер назарға ұсынылып отырды.
Қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының м.а. А. Танирберген: «Нашақорлық – қоғам дерті. Ол адамның денсаулығына ғана емес, оның өміріне, отбасының тыныштығына және қоғамның қауіпсіздігіне үлкен қауіп төндіреді. Әсіресе жастар арасында есірткінің таралуы алаңдатарлық мәселе болып отыр» дей келе, сөз кезегін спикерлерге кезекпен-кезек беріп отырды.
Мамандардың басым көпшілігі ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынастың маңызын ерекше атап өтті. Жас буынмен ашық сөйлесу, оның қызығушылығы мен ортасына көңіл бөлу – нашақорлықтың алдын алудың маңызды жолдарының бірі екенін айтты. Сонымен қатар, жастар арасында түсіндіру жұмыстарын өткізу, кәмелетке толмағандардың құқықтық сауаттылығын арттыру қажеттілігі айтылды.
Шара қорытындысына қарай, «Мир добра» ҚБ жобалар үйлестірушісі Т. Абрамова қыркүйек айында «Есірткіге жол жоқ!» атты театрландырылған қойылым қою жоспарланып отырғанын хабарлады.
Спикерлердің берген ақпаратын мұқият тыңдаған қатысушылар да өз тарапынан пікірін білдіріп, сауалын қойды. Әрі мұндай кездесулердің маңызы зор екенін жеткізді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





