Саран қаласында 15 мамыр – Халықаралық отбасы күнінде дәстүрлі «Тіл шебері» байқауы өтті. Осы жолы «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының сахнасында қатысушылар үш кезеңнен сыналды. Қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нұрмаханованың айтуы бойынша, биыл «Тіл шебері» байқауына қатысуға ниет білдірушілердің қатары қалың болды, әрі ережеге де аз-кем өзгерістер енгізілді. Өткен жылы жастармен бірге жас мұғалімдер қатысса, биыл әскери қызметкерлер өтініштерін білдірді. Сондай-ақ, енді 16 жастан емес, 18 жастан асқан азаматтар қатыса алды.
Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айдана Аскеева құттықтау сөз сөйлеп, барлығына сәттілік тіледі. Ең алдымен «Сөзтаным» кезеңінде әр қатысушы үш тілде өзін таныстырып, мемлекеттік тілде қазақ халқының руханияты мен ұлт болмысына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлғалар жайлы айтса, келесі «Елтаным» кезеңінде экранда көрсетілген ұяшықтарды таңдау арқылы ел тарихына тереңнен үңіліп, киелі жерлер туралы орыс тілінде баяндады. «Ойтаным» атты үшінші кезеңде ағылшын тілінде ұлттық ойындар мен ұлттық мұралар таныстырылды.
Сахнаға бағын сынап шыққан әр қатысушы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде таңдалған тақырыптың мазмұнын ашуға, ойын дұрыс жеткізуге тырысты. Ал олардың жауаптарын халықаралық ERASMUS бағдарламасының жеңімпазы, ағылшын тілінің маманы Ақбота Серікжан, «Тіл шебері» қалалық байқаудың 2025 жылғы бас жүлде иегері, №1 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлім Ғалым, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Айым Қанапиянова бағалады.
Шешуші сәттің алдында халықаралық ERASMUS бағдарламасының жеңімпазы, ағылшын тілінің маманы Ақбота Серікжанға сөз берілді. Ол қатысушыларға рақметін айта отырып, көп тілді меңгеру оңай еместігін атап өтті.
Бір атап өтетін жайт, «Тіл шебері» байқауының қалалық деңгейіне қатысқандардың ешқайсысы құр-қол кетпеді. Орын алмаған жағдайда да белсенділік танытқандары үшін Алғыс хатпен және ынтыландыру сыйлық ретінде AirPods құлаққаптары тарту етілді. Қазылар арқасының көңілінен ерекше шыққан жандарға арнайы диплом және 15 000 тг көлемінде қаржылай сертификат берілді.
Жүлделі үштіктің қатарынан: ІІІ дәрежелі дипломмен және 50 мың теңге сертификатпен марапатталған Мөлдір Дюржанова, ІІ дәрежелі дипломмен және 60 мың теңге сертификатқа ие болған Ажар Боранбай, І дәрежелі дипломмен және 80 мың теңге сертификат табысталған Ақерке Адамбекова көрінді. Бас жүлдені – 44803 әскери бөлімінің взвод командирі, үш тілден бөлек француз, түрік тілдерін меңгерген Арсен Серікбай жеңіп алды.
- Көңілім хош болып, сондай бір ынтызарлықпен келдік бұл сайысқа. Негізі, тіл білімі туралы үлкен ізденіс жасаушылардың біріміз. Жақында аға буындарымыздан осы бір дода туралы білген болатынмын. Әскери қызметте жүргендіктен байқаудың дайындығына қатты басымдылық қоя алмадық. Десе де, қолымыздан келгенін барынша жасадық, - деді жеңімпаз.
Биыл да қатысушылардың арасында студенттер мен жас мамандар болды. Бірінші орынға ие болған Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте ағылшын пәнінің мұғалімі Ақерке Адамбекованың айтуы бойынша, мұндай байқаулар жас буынды жігерлендіріп, тәжірибелерін арттырады.
- Бауқауға бірінші рет қатыстым. Бұл байқаудың мән-маңызы өте зор. Себебі жас ұрпақты қазіргі кезде жастардың арасында үштілділікті қатар алып жүруге тәрбиелейді. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, өз тіліңді толық меңгеріп және басқа да тілдерді меңгерсең ол өте жақсы деп ойлаймын. Жастар бәсекеге қабілетті болу үшін осындай конкурсттар ұйымдастыру керек.
Дәстүрлі байқаудың соңында Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нұрмаханова қатысушылардың еңбегін атап өтіп, бас жүлдеге ие болған жеңімпаз облыстық байқауда Саран қаласының намысын қорғайтынын айтты.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





