Бүгін: 07.06.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

25 мамыр күні №6 жалпы білім беретін мектептің ауласында соңғы қоңырау соғылды.

Салтанатты іс-шарада қалың қошеметпен 11-сыныптың түлектері ортаға шақырылды. Мектеп директорының м.а. Антон Чагин оқушыларды соңғы қоңыраумен құттықтап, жолдары ашық, армандары биік болуын, әрқашан білімге құштар, үлкен жетістіктерге жете берулеріне тілектестік білдірді. Саран қаласының мәслихат депутаты Толеу Рублев, он бір жыл білім нәрімен сусындап өскен жас түлектердің алғашқы ұстаздары: Галина Чорноя, Ольга Абдраимова, Елена Жданович, Александра Лапина, ата-аналар комитетінің төрағалары да сөз сөйлеп, ақ жол тілеп, ең ізгі тілектерін жеткізді.

Үстілеріне форма мен ақ фартук киген 11-сыныптың оқушылары дәстүрге айналған мектеп вальсін билегенде, мектеп алаңы ерекше түрлене түсті. Жүректен шыққан сөздері аяулы ұстаздарының жүрегін елжіретті. Болашақ жолын айқындауға жақындай түскен 9-сыныптың оқушылары да өлең жолдарын оқып берді. Сонымен қатар, оқу жылында өздерін жақсы қырынан көрсете білген мектептің оқу озаттары мен белсенді оқушылары марапатқа ие болды.

Ал соңғы қоңырауды соғу құрметі «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер Вебер Киреге және 1-сынып оқушылары: Теона Хурашвили мен Эмиль Сафиулловке берілді. Бір мезетте қоңыраудың сыңғыры айналаны бірден өзіне баурап алды. Бұл жас түлектер үшін – қоштасу сәті болса, басқа оқушыларға - жаңа белестерге бастар қадам.

№6 жалпы білім беретін мектеп директорының м.а. Антон Чагиннің айтуы бойынша, биылғы оқу жылында мектеп жақсы нәтижелерге қол жеткізді.

- Осы оқу жылында біздің мектеп оқуда, спортта, шығармашылықта және қоғамдық өмірде үлкен жетістіктерге жетті. Оқушылар түрлі конкурстарға, олимпиадаларға және жарыстарға белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып, жақсы нәтижелер көрсетті. Экологиялық іс-шараларға ерекше назар аударылды. Қалдықтарды бөлек жинау жобасы, сондай-ақ табиғатты қорғауға арналған сынып сағаттары енгізілді. Мектептің спорттық өмірінде де жетістіктер болды. Біздің оқушылар футболдан, волейболдан, теннистен, оқ атудан облыстық, қалалық жарыстарға қатысып, күш, төзімділік пен командалық рух көрсетті. Мектептің шығармашылық ұжымдары концерттерге, байқауларға және мерекелік іс-шараларға қатысты. Оқушылар музыка, би, сурет және театр қойылымдарында өз таланттарын көрсетті. Мектепте қайырымдылық акциялары, тақырыптық апталықтар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, олар оқушылардың ұйымшыл, белсенді әрі жауапкершілігі мол болып қалыптасуына ықпал етті. Бұл оқу жылы қарқынды, қызықты және жемісті болды. Мектеп дамуын жалғастырып, жаңа жетістіктер мен биік белестерге ұмтылуда, - деді Антон Чагин.

Саран қаласының білім бөлімі берген ақпаратына сүйенсек, биыл 200 түлек – 11-сыныпты аяқтаса, оның 11-і «Алтын белгіге» үміткер.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА