Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжде қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшілерінің бірі, қазақтың тұңғыш математик профессоры Әлімхан Ермековтің 135 жылдығына орай ғалым атындағы дәрісхана жаңартылды.
Білім ордасында 2004 жылдың 25 қарашасында ашылған Әлімхан Ермеков атындағы дәрісхана 22 жылдан кейін күрделі жөндеу жұмыстан өтіп, ресми түрде есігін қайта айқара ашты. Қызыл лентаны кесу құрметі Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейінің директоры Жанагүл Тусжановаға және Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледждің пән бірлестігінің жетекшісі, математика пәнінің оқытушысы, Әлімхан Ермеков атындағы кабинеттің меңгерушісі болған, бүгінде зейнеткер ұстаз Назира Құлпейісоваға берілді. Шашу шашылып, ізгі тілектер айтылды.
Осы сәтке орай қатысушылар «Математика – ұлттық мүдде қорғанында» атты өнеге сағатына шақырылды. Қадірлі қонақтар орындарына жайғасқаннан кейін, ұлы ғалымның өмірлік жүріп өткен жолына қатысты бейнероликтер көрсетілді, дәйекті деректер келтірілді. Әлімхан Ермеков 1921 жылы Қарқаралы қаласында екі сатылы мектеп ашып, кейін ол 1922 жылы педагогикалық училище болып қайта құрылады. Бүгінде бұл – ғасырдан асқан тарихы бар Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі. Қара шаңырақ үшін бұл тек кабинет қана емес, түп-тамыры тереңнен жайылған тағылым мен тәрбиеге толы оқу бөлмесі.
Заманға сай құрал-жабдықтармен жабдықталған, қажет техникалармен қамтылған кабинеттің іші жарық, әрі кең етіп жасалды. Колледж директоры Алма Темирбулатова, іс-шараның құрметті қонақтары: Жанагүл Тусжанова мен Назира Құлпейісова құттықтау сөз сөйлеп, жаңартылған кабинеттің есігі әрдайым ізденімпаз, білімді ұрпаққа ашық болуын, зор мүмкіндіктер сыйлауын тілек етті.
Сонымен қатар, жиналған қауым тағы бір тарихи сәттің куәгері атанды. Хакім Абайдың есімімен аталатын колледж және Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейі арасында ғылыми-әдістемелік және тәрбиелік бағыттар бойынша өзара ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қойылды.
Өнеге сағатын қорытындылау мақсатында сұрақ-жауап ойыны жүргізіліп, студенттердің өнері тамашаланды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА





