Бүгін: 07.06.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Руханият әлемін өнерсіз елестету мүмкін емес. Ән мен күй, би мен қойылым, жалпы өнерге қатысы бар мәдени іс-шаралардың барлығы - адамның жан дүниесін тебірентетін, ішкі рухани мұрасын байытатын, бойындағы түрлі сезімді оятатын, ерекше әсер сыйлайтын құдіретті күш.

21 мамыр күні – дәл осы салада қызмет етіп жүрген Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Төл мерекеде Саран қаласының мәдени өміріне белсене қатысып жүрген азаматтар марапат төрінен көрінді.

Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев қалалық мәдениет үйіне жиналған мәдениет және өнер қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, қалалық мәдениет үйінің, «Мудрость» хорының сүйемелдеушісі Петр Радовты, «Амадеус» би ансамблінің жетекшісі Наталья Канды Қарағанды облысы әкімінің Алғыс хатымен, Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының көркемдік жетекшісі Анастасия Иванова мен «Томирис» би ансамблінің жетекшісі Аида Нысамбаеваны Саран қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.

Сондай-ақ, қалалық мәдениет үйінің, Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының бір топ өнерпаздың, балалар өнер мектебінің қызметкерлерінің өнер саласына қосқан еселі еңбегі еленіп, Саран қаласы әкімінің Алғыс хатына кенелді.

- Мен өнер жолын 1960 жылы жалпы қалалық хорға қатысудан бастадым. 1961 жылы әскер қатарына шақырылып, 1964 жылы елге оралдым. Кейін Қарағанды музыкалық училищесіне оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң филармонияға жолдандым. Онда бір жыл еңбек етіп, кейін педагогикалық училищеге ауыстым. Педучилищеде қазақ бөлімінде 42 жыл қызмет атқардым. Сонымен қатар мәдениет үйінде қатар жұмыс істедім. 1971 жылдан бастап би ансамблінде концертмейстер болдым. Кейін ансамблмен, жеке орындаушылармен жұмыс істедім. 2005 жылдан бері «Мудрость» хорында өнер көрсетіп келемін. Міне, осы хорда жүргеніме 21 жыл болды. Әріптестеріме ең алдымен – денсаулық тілеймін. Тек жақсылыққа сеніңіздер дегім келеді. Өйткені, ең жақсы күндер тек алда, - деді «Мудрость» хорының сүйемелдеушісі Петр Радов.

Маңызды күнде Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айдана Аскеева өз қызметіне адал жандарға ризашылықтың нышаны ретінде қара шаңырақтың киелі сахнасында Алғыс хат табыстады.

Мерейлі сәтті Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің шығармашылық ұжымы қыздыра түсті. Әріптестерін мерекемен құттықтап, өнер сүйер қауым үшін жарқын номерлерінен шашу шашты. Жайлы орта, көңілді кеш сыйланды. Ізгі тілектер айтылып, алғыс жауған күн болды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА