Еліміздің болашағы – жастар. Сондықтан жас ұрпақты елін, жерін сүюге, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу – маңызды міндеттердің бірі. Елжандылық әр адамның туған жеріне деген сүйіспеншілігінен, өз халқына деген құрметінен басталады.
Бүгінде жастар білім алып, түрлі салада жетістікке жетуге талпынып жүр. Олар елдің дамуына өз үлестерін қосып, қоғам өміріне белсенді араласуда. Соның ішінде Саран қаласының жастары да қоғамдық жұмыстарға қатысып, спорттық жарыстарда, мәдени іс-шараларда және еріктілік қозғалыстарында белсенділік танытып келеді. Бұл олардың туған өлкесіне деген жанашырлығы мен жауапкершілігін көрсетеді. Елжанды жастар қоғамның тұрақтылығы мен бірлігін нығайтуда маңызды рөл атқарады. Олар қоғамдық тәртіпті сақтауға, қоршаған ортаны қорғауға және ел игілігі үшін еңбек етуге ұмтылады. Осындай қасиеттер жастардың бойында отбасында, білім беру ұйымдарында және қоғамдық ортада қалыптасады. Сонымен қатар, мемлекет дамуының басты күші де – білімді әрі белсенді жастар. Олар жаңа идеялар ұсынып, ғылымның, мәдениеттің, экономиканың дамуына үлес қосады. Әрбір жас өз білімін жетілдіріп, еңбекқорлық пен жауапкершілікті серік етсе, елдің өркендеуіне жол ашады.
Саран қаласының жастары да туған қаласының көркеюіне атсалысып, түрлі бастамаларды жүзеге асыруға қатысып келеді. Мысалы, «Жасыл ел» бағдарламасына жылда көптеген оқушылар тіркеліп өздерінің үлестерін қаламыздың көркеюіне қосып келеді. Мұндай белсенділік жастардың азаматтық ұстанымын қалыптастырып, қоғамның дамуына оң әсер етеді. Қорыта айтқанда, жастарды елжандылыққа тәрбиелеу – болашаққа салынған инвестиция. Еліне адал, білімді, еңбекқор және белсенді жастар қоғамның тұрақтылығын сақтап қана қоймай, еліміздің жан-жақты дамуына үлес қосады. Сондықтан жастарға дұрыс тәрбие беріп, олардың бастамаларын қолдау – баршамыздың ортақ міндетіміз.
А. Мусина,
Орталық қалалық кітапхананың кітапханашысы, ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі





