Бүгін: 07.06.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

28 мамыр күні Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саран қаласының тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдау өткізді.

Кездесуде облыс әкімі Саран қаласы индустриалды қала ретінде белсенді дамып, РТИ аумағында қарқынды жұмыстар жүзеге асырылып жатқанын, сондай-ақ, экономикалық өсім барын атап өтті.

Оның айтуы бойынша, егер бұрын қаланың облыс өнеркәсібіне қосқан үлесі 1,3 пайыз болса, бүгінде ол 6 пайызды құрап отыр.

- Сонымен қатар, экономикалық өсумен бірге қаланың өзі де өзгеруде. Тұрғындар жылдар бойы көтеріп келген мәселелер - бүгінде нақты шешімін табуда. Қаланың орталықтандырылған жылумен қамту мәселесі шешілді. Су құбыры мен кәріз желілері жаңартылуда, жолдар қалпына келтірілуде,- деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Одан бөлек, Саран қаласының спорттық инфрақұрылымы ерекше атап өтілді. Ақтас кентінде дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталынып, жақын күндері ашылатыны хабарланды. РТИ ықшам ауданындағы ғимараттарды жөндеу жұмыстары, саябақтар мен аулаларды абаттандыру да жалғасатын болады.

Одан бөлек облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев кездесу алдында заманауи модульдік жедел жәрдем қосалқы станциясының ішін аралап, тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Тағы бір жақсы жаңалықтардың бірі - облыс әкімінің қолдауымен Саранда шағын орталығы бар, 600 орындық жаңа мектеп салынады.

Келесі сөз кезегі Саран қаласының әкімі Дарын Бұлқайырға берілді. Қала басшысы бірден Саран қаласының дамуындағы ең негізгі бағыттарды атап өтті. Жылу жүйесі, газдандыру, сумен жабдықтау және басқа да қаланың инфрақұрылымына қатысты мәселелерге жіті тоқталды.

- Биыл біз сумен жабдықтау желісін қайта құрудың үшінші кезеңін аяқтап жатырмыз. 92 км су құбырының 72-сі орнатылды, орнату және ұңғымаларды орнату жұмыстары жалғасуда, -деді Дарын Бұлқайыр.

Сондай-ақ, қоғамдық кеңістіктерді жақсарту үшін балалар ойын алаңдарын, спорт алаңдарын және ландшафттық аулаларды орнату жұмыстары әрі қарай да жүргізілетін болады.

- РТИ шағын аудандарындағы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Он үш коммерциялық ғимарат пайдалануға берілді. Барлығы 330 пәтер тапсырылды. 2025 жылы кезекте тұрғандарға 110 пәтер тапсырылды. Биылғы жылдың басынан бері 135 пәтер тапсырылды. Жыл соңына дейін тағы 162 пәтер тапсыру жоспарлануда,- деп сөзін толықтыра кетті Дарын Бейбітұлы.

Қала әкімі баяндамасын аяқтағаннан кейін, тұрғындар көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Көше мен жол, үй кезегі және басқа да өзекті мәселелердің басы көтерілді. «Жас келсе - іске» демекші, кездесуге қатысқан қаланың қазыналы қариялары, аға буын өкілдері қала әкімінің жасаған жұмысын жоғары бағалап, ризашылығын жеткізді. Олардың қатарында таяуда 90 жасқа толған қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Тамара Кучеренко да болды. Тоқсан жастың төріне шыққан денсаулық сақтау саласының ардагерін облыс әкімі мен қала әкімі келіп жеткен мерейтойымен құттықтады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА