
Саран қаласында «Реконструкция канализационных сетей города Сарани, 2 очередь» жобасын іске асыру жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Аталған жоба аясындағы құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың тамыз айында басталған.
Мердігер ұйым ретінде «Западно-Казахстанская Металлоломная Компания» ЖШС анықталды. Компания кәріз желілерін жаңартып, тозған учаскелерді ауыстыру мен инженерлік жүйелердің тиімділігін арттыру бойынша жұмыстарды атқарып келеді. Құрылыс бөлімі мамандарының ақпараты бойынша, бүгінгі күні Горняк шағын ауданында негізгі магистральдық кәріз желілерін салу аяқталды. 1А шағын ауданында, сондай-ақ Калинин, Стадионная және Жеңіс көшелерінде магистральдық желілерді төсеу мен кәріз құдықтарын монтаждау жұмыстары жалғасуда. Барлығы 6,4 км кәріз желілері мен 194 құдық орнатылды.
Сонымен қоса, биыл «Горняк» және 1 А шағын аудандарынан бастап Ленин даңғылына дейін кәріз желілерін ауыстыру жұмыстарын орындау жоспарланған. Ал келесі жылы Ленин даңғылынан бастап 5 шағын ауданға дейін кәріз құбырлары ауыстырылмақ.
Сондай-ақ, жоғарыда аталған жоба арқылы ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген, орталықтандырылған кәріз жүйесі мүлдем болмаған учаскелердегі су бұру мәселесін де шешу қарастырылған.
Жаңа кәріз желілері Больничный тұйық көшесінде, Карагандинская көшесінде және Жеңіс көшесі бойындағы No93 үйден Рабочая көшесіне дейінгі бөлігінде салынбақ.
Сонымен қатар, осы жылы «Реконструкция канализационных сетей города Сарани, 2 очередь» жобасына енгізілмей қалған учаскелер бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмыстарын бастау жоспарда бар.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА








