
Оң нәтижесін беріп жүрген тағы бір дәстүрлі байқау өз жалғасын тапты. Мемлекеттік қызметшілер, кітапханашылар, әлеуметтік қызметшілер мен оқытушылар бір сахнада тоғысты.
18 маусым күні «Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесі мен «Саран қаласының тілдерді дамыту орталығы» КММ мемлекеттік тілді оқыту курстарынан өткен тыңдаушылар арасында «Үздік тыңдаушы» қалалық байқауын ұйымдастырды.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңын, Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында өткен дәстүрлі байқау «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында өтті. Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айдана Аскееваның айтуы бойынша, биыл байқауда қатысушылардың 4 кезең бойынша мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі мен білім дәрежесі бағаланды.
«Сәлем – сөз анасы» деп аталатын бірінші кезеңде әр қатысушы қазақ тілінде өзін таныстырса, «Кім жылдам?», «Сауатты жазу шеберлігі», «Тыңдай білу – үлкен өнер» кезеңдерінде шапшаңдылығы, сөз саптауы мен грамматикасы басты назарда болды. Әділ қазы алқасы әр кезең бойынша берілген жауаптарды мұқият тыңдап, 10 баллдық жүйе бойынша бағалап отырды.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Саран қаласындағы филиалының төрағасы Береке Жарылғапова, Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледж директорының оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Ернар Махаметчин қатысушыларды марапаттау сәтінде сөз сөйлеп, байқаудың жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Қошеметпен сахна төріне Саран қалалық кітапханасының аға кітапханашысы Ольга Лаухина мен кітапханашы Татьяна Коняева және Саран қаласының отбасын қолдау орталығының әлеуметтік қызметкері Диана Асаева шақырылып, «Үздік тыңдаушы» қалалық байқауына белсене қатысқандары үшін алғыс хаттармен марапатталды. Жоғары жауапкершілік танытқаны үшін ақпараттық технологияларды дамыту және мемлекеттік қызмет көрсету сапасына мониторинг жасау бөлімінің басшысы Жанна Ахметоваға, Саран қаласы әкімі аппаратының бухгалтері Дмитрий Якубивке арнайы диплом мен 15 000 тг қаржылай сертификат табыс етілді. Үздік жетістіктері үшін ІІІ дәрежелі дипломмен және 50 000 тг қаржылай сертификатпен No2 көпсалалы ауруханасының зертхана маманы Ольга Ефимочкина, ІІ дәрежелі дипломмен және 60 000 тг қаржылай сертификатпен Саран қаласының өнер мектебінің фортепиано мұғалімі Агнесса Земцова, І дәрежелі дипломмен және 80 000 тг қаржылай сертификатпен «QazTehna» ЖШС менеджері Екатерина Шлома марапатталды. Бас жүлдені балалар өнер мектебінің оқытушысы Резеда Гайнетдинова алып, 100 000 тг қаржылай сертификатқа ие болды.
-Біріншіден, қазақ тілі маған жақын. Менің ұлтым – татар. Мен бала кезімнен қазақ тілін үйреніп жүрмін. Мен қазақ тілін түсінемін, тек сөйлеуге ұяламын. Ең қиыны осы. Мен балалар өнер мектебінде, хореография бөлімінде концертмейстер болып жұмыс істеймін. Менің хореографтарым қазақтар, олар менімен қазақ тілінде сөйлеседі, ал мен оларға орысша жауап беремін, қазақша сөйлесуге ұяламын. Енді, қазақ тілінде сөйлесуге тырысамыз, - деп езу тарта жауап беріп, сөзін әрі қарай жалғастырды. - Курстарда бізде өте жақсы мұғалім болды. Динара Тәрбиеқызы - ашық мінезді адам. Біз осы сабақтарда және тілдесу клубында әртүрлі тақырып бойынша сөйлесеміз, - деді бас жүлде иегері Резеда Гайнетдинова.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА







