Бүгін: 02.07.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Елімізде жыл сайын 23 маусым күні Қазақстан Республикасының Полиция күні атап өтіледі. Кәсіби мерекеге орай Саран қаласында ел тыныштығын күзететін, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін қызметкерлерге арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.

Негізгі марапаттау рәсіміне көшпес бұрын, Саран қаласы полиция бөлімінің қызметкерлері мен ардагерлері қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің рухына тағзым етіп, олардың құрметіне орнатылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Іс-шара барысында Саран қаласының ПБ бастығы Ержан Ыбырай мен сала ардагерлері сөз сөйлеп, Отан мен халық алдындағы адал қызметтің үлгісін көрсеткен тәртіп сақшыларының есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

Еске алу рәсімінен кейін, «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында марапаттау салтанаты өтті. Саран қаласы полиция бөлімінің бастығы Ержан Ыбырай құттықтау сөз сөйлеп, ардагерлерге, қызметкерлерге алғысын жеткізді. Сонымен қатар қызмет жолында қайтыс болған Иса Кубаевтың және Нұрболат Әлімбаевтің жанұясына естелік сыйлықтарды табыстады. Көп жылдар бойы полиция қызметінде қызмет еткен сала ардагерлері Саран қаласы әкімінің Алғыс хатымен, Саран қалалық ПБ бастығының Алғыс хатымен марапатталды. Күн-түн демей тынымсыз қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерінің де еңбегі еленіп, Саран қаласы әкімінің Құрмет грамотасына, Алғыс хатына және ПБ бастығының Алғыс хатына ие болды.

Сонымен қатар, жас полиция қызметкерлерінің ата-аналары да іс-шараға қатысып, Касымбековтер және Оразалиндер жанұясына Саран қаласының ПБ бастығының Алғыс хаты табыс етілді. Полиция бөлімі Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нина Теплякова ізгі лебізін жеткізе отырып, жиналған қауымға зор денсаулық, мол бақыт, бақ-береке мен толағай табыс тіледі.

Марапаттау рәсімі Саран қаласының мәдениет үйінің қызметкерлері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Патриоттық әндер, көңілге қуат сыйлаған күйлер орындалып, ақ тілектер легі толастамады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА