
Саранда дәстүрлі «Мерейлі отбасы» республикалық байқаудың қалалық кезеңінің жеңімпазы мен жүлдегерлері марапатталды.
Биыл «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында өткен отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған ұлттық байқау ҚР жаңа Конституциясының қабылдануы мен Астана күніне орай ұйымдастырылды. Осыған орай Саран қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі мерейлі шараның мазмұнын «Отбасылық дәстүрлер - бақытты отбасы негізі» тақырыбындағы танымды кітап көрмесімен толықтырып, қатысушыларға рухани әсер сыйлай түсті. Ал қатысуға ниет білдірген тоғыз жанұя мүшелері ұлттық байқаудың қалалық кезеңіне сақадай сай дайындалып келген.
Марапаттау рәсімінде жеңімпаз отбасын жарияламас бұрын, Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев құттықтау сөз сөйлеп, өткен жылы «Мерейлі отбасы» қалалық байқауының жеңімпазы облыс бойынша бас жүлдені алып, республикалық деңгейде де орын алғандарын атап өтті.
Үшінші орын иегерлерін марапаттау үшін сахнаға Саран қаласының ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі Галия Туртбаева шақырылды. ІІІ дәрежелі диплом және 100 мың теңге қаржылай сертификат - Саткангуловтар отбасына берілді. Саран қалалық Аналар кеңесінің төрағасы Гүлжан Жүсіпбекова болса, Хаванцевтер отбасын ІІ дәрежелі дипломмен және 150 мың теңге қаржылай сертификатпен марапаттады.
Ал «Мерейлі отбасы» республикалық байқаудың қалалық кезеңінің жеңімпазы - Жашкеевтер отбасы атанды. Бірлігі жарасқан жанұяға Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев І дәрежелі диплом мен 200 мың теңге қаржылай сертификат табыстады.
- Бірінші орын аламыз деп ойламаған едік. Бұл үлкен дәреже деп ойлаймын. Біріншіден, өзімнің отбасыма мың да бір рақмет. Қалғандарына да жұғысты болсын, - деп өз әсерімен бөлісті жеңімпаз отбасының отағасы Талғат Жашкеев.
Ұлттық байқаудан ешкім құр-қол кетпеді. Әр жанұяның еңбегі бағаланып, номинацияларға ие болды.
-Бұл ұлттық байқауға біз екінші рет қатысып, бағымызды сынап келдік. Бірінші рет қатысқан уақытта «Жарасымды жанұя» номинациясымен марапатталғанбыз. «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Заман қанша өзгерсе де, отбасының іргесін биіктететін, ескермейтін құндылықтар бар. Ол: бір-бірін сөзсіз түсіну, қолдау және кешіре білу. Шаңырақ көтеру тек бірге тұру ғана емес, өмірдің ыстық-суығына бірге төзіп, бір бағытта бірге адымдау. Әрбір жас отбасы бір-біріне тірек, балаларына үлгі болса екен дейміз,- деді Манаш отбасының отағасы Алишер Манаш.
Мерейлі сәтте қолдарына плакат ұстаған қолдаушылардың қолдауы мен қошеметі ерекше болды. Жергілікті өнерпаздар да құлақтың құрышын қандыратын әсем әндер орындап, жылы лебіздер мен ақ тілектер легі толастамады.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА








