Бүгін: 27.07.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бала тәрбиесі — үздіксіз процесс

Бала тәрбиелеу — қажырлы еңбек пен тоқтаусыз ізденісті талап ететін күрделі процесс. Технология қарыштап дамыған, жаһандану үрдісі белең алған бүгінгі заманда өсіп келе жатқан ұрпақтың уақытын дұрыс арнаға бағыттап, саналы азамат етіп өсіру — ата-ана мен тәрбиеші қауымның басты міндеті әрі бағынбас асуы екені анық.

Десе де, «заманауи қоғамда бала тәрбиелеудің ең озық әрі тиімді жолы қандай?» деген сұрақ көпшілікті, әсіресе жас ата-аналарды жиі толғандырады. Баланың шығармашылық қиялын ұштап, білімін шыңдау, ой-өрісін кеңейтіп, тұлғалық қасиетін дамыту үшін не істеу керек? Әрине, бұл ретте баланың табиғи қарым-қабілеті мен бейімділігін ерте жастан байқап, оларды түрлі мәдени іс-шаралар мен танымдық фестивальдерге қатыстырған жөн.

Осы орайда, мамыр айының 23-і күні жас дарындардың басын қосқан, көпжанрлы «Еркетай» балалар шығармашылық фестивалі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Өскелең ұрпақтың өнерін ұштауды көздеген бұл байқау 3–14 жас аралығындағы өрендерге арналды. Дүбірлі додаға аймағымыздың әртүрлі білім беру мекемелерінен үміткерлер қатысып, өздерінің бойындағы тұнған дарындарын ортаға салды. Бұл фестивальдің өзге дәстүрлі байқаулардан ерекшелігі — мұнда тек балабақша тәрбиеленушілері ғана емес, мектеп оқушылары да келіп, өз өнерлерін паш етті. Кілең мықтылар жиналған сайыста қатысушылар хореография, вокал және актерлік шеберлік аталымдары бойынша өзара сынға түсті.

Аталған айтулы фестивальге «Әдемі» бөбекжайы» ЖШС-нің бүлдіршіндері де үлкен дайындықпен қатысып, өз өнерлерін жоғары деңгейде көрсетіп қайтты. Атап айтсақ, «Ботақан» тобының өнерлі ұлдары «Сиқырлы баскиімдер» биімен көрермендердің ықыласына бөленіп, ерекше көзге түсті. Топ құрамында өнер көрсетіп, сахнаның сәнін келтірген Нұрислам Сейілхан, Дарын Тілекұлы, Хан Бекет, Батырхан Жұмағали, Сұлтан Талғат, Қасым Құралбай есімді бүлдіршіндеріміз жүлделі орындардан көрініп, мақтау қағазын қанжығаларына байлады.

Балалардың шығармашылық тұрғыдан шыңдалуына, олардың бойындағы ізгі адамгершілік қасиеттерді дамытып, байқау жеңімпазы атануына үлкен еңбек сіңірген жетекшілер — «Ботақан» тобының білікті тәрбиешісі Айнаш Амандыққызы Ержанова мен ән-күй жетекшісі Никита Сергеевич Погониннің бұл жетістіктегі үлесі зор. Олар өз істеріне деген адалдық пен балаға деген шексіз махаббаттың шынайы үлгісін көрсете білді.

Қысқасын айтқанда, баланың ойлау қабілеті мен дүниетанымы ойнау арқылы қалыптасатынын әу баста-ақ терең түсінген бабаларымыз бөбегінің болашағын қалай ойнағанына қарап болжаған. Үйдегі ата-ана күнделікті тіршілік қамымен жүргенде, талшыбықтай ұл-қыздарды ізгілікке баулып, тәрбиелейтін алтын ұя — балабақша екені даусыз. Осы фестивальде дара шауып, биіктен көрінген балапандарды баптаған «Әдемі» бөбекжайы алдағы уақытта да еліміздің тұтқасы болар ерен азаматтарды тәрбиелеп шығаратынына сеніміміз мол.

А. Ержанова,

Қарағанды обылысы Саран қаласы, Ақтас кенті.

«Әдемі» бөбекжайы ЖШС тәрбиешісі