
Көпбалалы отбасынан шыққан жас азамат өзі таңдаған мамандығы бойынша еңбек етіп, кәсіби жолын қалыптастырып келеді. Бүгінде ол мемлекеттік қызметші болуға дайындалып, алдына қойған мақсаттарына нық қадам басуда.
Елімізде Құрылысшылар күні жыл сайын тамыз айының екінші жексенбісінде атап өтіледі. Осы күнге орай Саран қаласының құрылыс бөлімінің жас маманы Арғын Амангелдіұлы Мухтаровпен сұхбаттасып, мамандықтың қыр-сырын сұрастырып қайттық.
Арғын Амангелдіұлы, сіз Саран қаласында білім алып, арман-мақсаттарыңызға қанат қақтыңыз. Құрылыс саласына қалай келгеніңіз туралы айтып бересіз бе?
- Мен Саран қаласында дүниеге келіп, қазіргі Абай атындағы жалпы білім беретін мектепте 7-сыныпқа дейін білім алдым. Кейін Қарағанды қаласындағы Н. Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында оқуымды жалғастырдым. Оны аяқтаған соң, Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің сәулет-құрылыс факультетіне түсіп, оны тәмамдағаннан кейін 2022 жылы Саран қаласының құрылыс бөліміне маман болып жұмысқа орналастым.
Егер құрылыс саласында қызмет етпегенде, өзіңізді басқа қандай саладан көрер едіңіз?
- Бірден есіме түспей тұр. Алайда бала кезімде төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлеріне қызығып жүретінмін, уақыт өте келе құрылыс саласына қызығушылығым басым түсті. Осы бағытта оқу оқығандықтан, дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын. Себебі, жұмысым өзіме ұнайды. Халық даналығы бойынша адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек. Солардың бірі – мамандық таңдау. Өз басым мамандық таңдаудан қателеспедім.
Осы орайда күнделікті жұмыс күніңіз қалай өтетінін айтып бересіз бе?
- Біздің жұмыс уақытымыз 9:00-ден басталып, 18:30-да аяқталады. Күнде жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын тексереміз, нысандарды аралаймыз. Қазір су құбыры тартылып жатқандықтан бізге халық көп жүгінеді, жаңа су құбырына қосылуға өтінім көп түседі. Сондай-ақ іссапарларға шығамыз, мердігермен жұмыстарды толық пысықтаймыз, түнде авариялар болып жатса, уақытқа қарамастан сол жерге шығамыз. Менің тарапыма, жерді рәсімдеу, құрылыс-монтаждау жұмыстарының жобаға сәйкестігін тексеру және олардың сапасын қарау кіреді.
Жұмысыңыздың ең қиын тұстары бар ма?
- Менің ойымша, әр жұмыстың өз қиындықтары болады. Авариялар болған уақытта, ауа райына қарамастан авария болған жерге шығып кетеміз. Өкінішке қарай, Саран қаласында инженерлік желілер тозғандықтан жиі авариялар боп тұрады. Сол себепті қазір су құбырларын, кәріз жүйесін жаңартудамыз. Осы бағытта орасан зор жұмыстар атқарылуда.
Қазіргі уақытта Саран қаласында қандай жұмыстар жүргізілуде?
- Саранда толық су құбырлары мен кәріз жүйесі жаңартылуда. Су құбыры, шамамен, 80 пайызға аяқталды. Саран қаласынан бөлек, қалаға қарасты кенттер бар. Дубовка, 106, Угольный, Финский кенттерінде жаңартып болдық. Енді бізде кенттердің барлығы жаңа су құбырымен қамтамасыз етіліп тұр. Саран қаласының өзінде қазір жұмыс жалғасуда.
Сіздің ойыңызша, құрылыс саласында жұмыс істеу үшін қандай дағдылар мен білім қажет?
- Біріншіден, кез келген жұмысқа жауапкершілікпен қарау керек. Сызбаларды оқып, техникалық жағынан сауатты болуы қажет. Сондай-ақ, біздің жұмыста қауіпсіздік ережелерін сақтау маңызды. Қауіпсіздік ең басты – талап. Қазба жұмыстары кезінде ең алдымен арнайы белгілер қойылады, жерді қазу барысында арнайы қоршаулар қойылады. Барлық жұмыскерлер арнайы нұсқаудан өтеді.
Құрылыс саласында қандай жаңа технологиялар қолданылып жатыр?
- Өздеріңіз білесіздер, заман бір жерде тұрған жоқ. Өзгерістер көп. Мәселен, бізде жүргізіліп жатқан көлденең бағытталған бұрғылауды айрықша атауға болады. Себебі арнайы бұрғылау қондырғыларының көмегімен құбыржолдар жер астымен тартылады. Яғни, жер бетін қазбай, жер астында қазба жұмыстары жүргізіледі.
Жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз және алдағы арман-мақсаттарыңызбен бөліссеңіз?
- Мен өзім де жас маманмын. Ең бастысы – еңбекқор болу керек. Жұмысқа немқұрайлы қарамай, әр іске жауапкершілікпен қарап, өз ісіңді адал атқарсаң, міндетті түрде нәтижеге жетесің деп ойлаймын. Жас болғандықтан арман-мақсат көп. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметші болу үшін тест тапсыруға дайындалып жүрмін. Мемлекеттік қызметте еңбек етіп, халыққа қызмет көрсетіп, ел игілігіне өз үлесімді қоссам деймін.
Арғын Амангелдіұлы, сізді тағы да кәсіби мерекеңізбен құттықтаймыз! Сізге және әріптестеріңізге зор денсаулық, талмас қуат тілейміз. Алтын уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан:
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА










