
Саран қаласының Мәдениет үйі – өнер мен руханияттың, ұлттық құндылықтардың тоғысқан қасиетті шаңырағы. Мұнда өтетін әрбір кездесу мен мереке қала тұрғындарының рухани өміріне серпін береді.
Мәдениет үйінің қызметкерлері әрдайым қалада өтіп жатқан маңызды іс-шаралардың басы-қасынан табылады. Күннің ыстығы мен ауа райына қарамастан жоспарланған іс-шаралардың сәтті өтуіне бір адамдай атсалысып, қала тұрғындары мен қонақтары үшін ұмытылмас әсер сыйлауға асығады. Жанды дауыста да ән шырқап, түрлі композицияға толы би нөмірлерімен кешті жандандырады. Бұл – ел-жұрттың көзіне көрінетін еңбектің аз ғана бөлігі. Ал оның тасасында көзге көріне бермейтін ауқымды жұмыс жүргізіледі. Себебі, бір концерттік бағдарламаны қою үшін қызметкерлер айлар бойы сценарийден, дайындықтан бас алмайды. Келелі кездесулер мен шығармашылық кештерді және басқа да мәдени іс-шараларды ұйымдастыру – үлкен жауапкершілікті, ізденіс пен тың идеяларды қажет етеді.
Бұл жұмыстардан бөлек, осы бір жыл бойы қаланың кішкентай тұрғындары үшін үлкен залда түрлі жанрда мультфильмдер көрсетілімі өтуде. Соңғы 10 ай ішінде әр сейсенбі сайын отбасылық, комедиялық және тағы басқа да жанрдағы фильмдер көрсетілуде. Олардың араларында Отандық кинолар да ел назарына паш етілуде. Осы көрсетілімдердің барлығына кіру тегін.
- Біз балалармен бірге мектеп жанындағы балалар лагерінен келдік. Бізде қазір үшінші маусым басталды. Мәдениет үйімен хабарласып, олар бізге әр бейсенбі сайын мультфильм көрсетілімі болатынын хабарлаған соң, бүгін балалармен мультфильм тамашалауға келіп қалдық. Одан бөлек, біз лагерьдің бірінші және екінші маусымында да болдық. Балаларға өте ұнайды, мультфильмнен алған әсерлерімен бөліседі, - деп атап өтті №1 мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Аурика Комиссарова.
Мәдениет үйінің бастамасымен 2025 жылдың жаз маусымынан бастап, әр бейсенбі сайын балалардың көңілінен шыққан «SUMMER GAMES» ойын-сауықтық бағдарламасы балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға жол тартты. Бұл дәстүр биыл да өз жалғасын тауып, бүгінде Дубовка, Финский, 106, Плановый, кіші Саран кенттерінде, РТИ ауданында, 1 А, Горняк шағын аудандарында өткізіліп, қызықты ойындармен жазғы күндердің қызығын одан әрі арттыра түсуде.
- Бүгінгі іс-шара өте қатты ұнады. Жылы атмосфера, өте көңілді өтті. Балалар да белсенді болды. Түрлі ойындардан бөлек, командалық жұмыс жүргізілді, - деп 6 тамыз күні Горняк шағын ауданында кезекті ұйымдастырылған «SUMMER GAMES» шарасы жайлы жастар орталығының үйлестірушісі Ева Шрейнер пікірін білдірді.
Мәдениет үйі – тек мерекелерді атап өтетін орын ғана емес, ол – ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, ұлттық өнерді насихаттайтын, жастардың шығармашылығын шыңдайтын рухани орта. Күнтізбеде белгіленген мемлекеттік, ұлттық мерекелерден бөлек, жазғы маусымның әр сенбінде, сағат 18:00-ден бастап, 22:00-ге дейін ырғақты әнге толы кештер ұйымдастырылуда. Бір аптада 70-90 жылдарда орындалған әндерден құралған «Ретро кеш» өткізілсе, келесі аптада «DEKA» тобы ашық аспан астында жанды дауыста жеке концертін береді. Мүмкіндігінше, әр аптаның қызықты, көңілді өтуіне барлығы атсалысуда.
«DEKA» тобын - көпшілігі өнердің жанашырлары ретінде жақсы біледі. Олар тұрғындарға ретро әндерден құралған кештер сыйлап, әрдайым ыстық ықыласқа бөленіп келеді. Бір ескере кететін жайт, олардың әр кеші жанды дауыста беріледі.
- Көрермендердің қолдауы бізге үлкен күш береді, шабыттандырады. Адамдардың біздің концерттерімізге келіп, музыкамызды ықыласпен тыңдап отырғанын көргенде, жасап жүрген ісіміздің бекер емес екенін түсінеміз. Халықтың қызығушылығы мен ықыласы бізге қанат бітіреді. Сондықтан қолымыздан келгенше осы игі істі жалғастыра береміз, - деп атап өтті «DEKA» тобының солисті Геннадий Пекин.
Одан бөлек, топтың өздері қалыптастырған игі дәстүрі бар. Жыл сайын ақпанның аяғына қарай немесе наурыз айында олар «Музыканттар күнін» өткізеді. Бұл дәстүр ұжымның жетекшісі болған Федор Николаевич Акимовті еске алуға арналған концерттен бастау алған.
«DEKA» тобы - барлық кештерін тегін өткізеді. Барлығын шын көңілден, өздерінің ынта-жігерлерімен істеп келеді. Олар үшін өнердің ең биік шыңы– халықтың ықыласы болса, ал музыканың ең биік бағасы – тыңдарманның алғысы.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА










