Бүгін: 21.08.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылып жатқан «Тіл-FEST» фестивалі биыл Саран қаласында мазмұны терең, форматы әр алуан, мақсаты айқын бірқатар іс-шарамен жалғасын табуда.

Фестивальдің басты мұраты - мемлекеттік тілдің қоғамдық қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің мәртебесін арттыру, тіл мәдениетін қалыптастыру және оны күнделікті өмірдің табиғи әрі ажырамас бөлігіне айналдыру.

Биылғы фестиваль аясында бес түрлі бағыттағы іс-шара өткізу жоспарланған. Оның алғашқы екеуі өз мәресіне жетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына, тіл мамандары мен жастарға жаңа форматтағы мазмұнды кездесулер ұсынды. Бірі - тіл үйретудің кәсіби қырын жетілдіруге арналса, екіншісі қазақ тілін шығармашылық пен заманауи өнер арқылы насихаттауға бағытталды.

ҮЗДІК ТӘЖІРИБЕ – САПАЛЫ ТІЛ ҮЙРЕТУДІҢ НЕГІЗІ

Фестивальдің алғашқы шарасы тіл мамандары мен ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған «Тіл үйрету шеберлігі: үздік әдістемелер мен білікті мамандар» тақырыбындағы «Qazaq Open» ашық есік күні болды.

Шараның негізгі мақсаты - қазақ тілін оқытуда қолданылып жүрген озық әдіс-тәсілдерді таныстыру, тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және тіл мамандарының кәсіби байланысын нығайту.

Ашық есік күніне Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Алма Шалабаева, басқарма жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі Жұпар Жақанова, Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бас маманы Ұлжан Бөрібаева, сондай-ақ, облысқа қарасты барлық өңірлерден тілдерді дамыту орталықтарының директорлары, әдіскерлері мен оқытушылары және тіл мамандары қатысты.

Ашық пікір алмасу, тәжірибелік тапсырмалар және кәсіби диалог - мамандарға бір-бірінің тәжірибесінен үйренуге мүмкіндік берді. Бұл тұрғыдан алғанда, «Qazaq Open» жай ғана кәсіби кездесу емес, тіл үйрету саласындағы тың идеялар тоғысқан, тәжірибе таратып, жаңа бастамаларға жол ашқан мазмұнды алаң болды.

Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нұрмаханованың айтуынша, мұндай кездесулердің маңызы зор.

– Шара барысында тәжірибелі мамандарымыз өздерінің әдістемелері мен практикалық жұмыстарын таныстырып, тіл үйрету сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарымен бөлісті. Қатысушылар үшін пікір алмасу, тәжірибелік тапсырмалар орындау және кәсіби ортада еркін диалог құру мүмкіндігі қарастырылды. Бұл өз кезегінде өңірдегі тіл мамандарының өзара тәжірибе алмасуына және үздік тәжірибелерді кеңінен таратуына жол ашты, – дейді орталық директоры.

ҚАЗАҚ ТІЛІ – КРЕАТИВ ПЕН ЕРКІН ОЙДЫҢ ТІЛІ

Фестивальдің келесі шарасы - қазақ тіліндегі креативті ойды, еркін пікірді және сахна мәдениетін бір арнаға тоғыстырған «Q-креатив Stand-up Kazakh» кеші болды.

Заманауи форматтағы бұл кештің ерекшелігі - қазақ тілін жастарға жақын, еркін әрі тартымды шығармашылық кеңістік арқылы танытуында. Стендап жанрының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қатысушылар күнделікті өмірдегі қызықты жайттарды, қоғамдағы өзекті мәселелерді және жастар арасында жиі кездесетін түрлі жағдайларды қазақ тілінде әзіл мен астарлы ой арқылы жеткізді.

Кеш барысында әзіл мен ой қатар өріліп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахнадағы әрбір қойылым қазақ тілінің бейнелілігін, сөз байлығын және ойды еркін жеткізудегі мүмкіндігінің кең екенін көрсетті.

Ең бастысы, бұл кеш қазақ тілін тек ресми қарым-қатынас құралы ретінде емес, заманауи мәдениеттің, шығармашылықтың, еркін пікір мен өзіндік ойдың тілі ретінде танытты. Көрермен мен өнерпаз арасындағы тікелей байланыс, еркін атмосфера, тапқырлық пен импровизация шараның мазмұнын аша түсті.

Осылайша, «Q-креатив Stand-up Kazakh» жастардың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, мемлекеттік тілдің қазіргі мәдени кеңістіктегі қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған тың бастама ретінде ерекшеленді.

ТІЛ ЖӘНЕ КӘСІП - БІРТҰТАС ҰҒЫМ

Егер фестивальдің алғашқы шараларында тіл мамандары мен жастарға басымдық берілсе, келесі кезеңде назар кәсіпкерлік ортаға бағытталды. Өйткені тіл мәдениеті тек білім беру мен мәдениет саласының аясында қалмауы тиіс. Ол - қызмет көрсету сапасынан бастап, кәсіпкер мен тұтынушы арасындағы қарым-қатынасқа дейінгі барлық үрдістің маңызды бөлігі.

Осы мақсатта шілде айында «Тіл-FEST» фестивалі аясында Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының бастамасымен «Бизнес және мемлекеттік тіл» шарасы қолға алынды. Шара аясында арнайы жұмыс тобы құрылып, шағын және орта бизнес нысандарындағы көрнекі ақпараттардың, маңдайшалар мен жарнамалардың мемлекеттік тілдегі сауаттылығына зерделеу жүргізілуде.

6 тамыз күні мамандар Ақтас кентіне барып, бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралады. Зерделеу барысында мемлекеттік тілдегі ақпараттардың жазылу сауаттылығына, мазмұны мен тілдік нормалардың сақталуына назар аударылды.

Кәсіп иелеріне қазақ тіліндегі ақпараттарды дұрыс әрі сауатты рәсімдеуге қатысты әдістемелік кеңестер беріліп, анықталған кемшіліктер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мұндағы басты мақсат - кәсіпкерлерге талап қоюмен ғана шектелмей, олардың мемлекеттік тілді бизнес саласында сауатты қолдануына нақты қолдау көрсету.

Шараның тағы бір ерекшелігі - тіл мәдениетін ынталандыруға бағытталған «Qazaq Friendly» белгісінің берілуі. Қазақ тілін дұрыс әрі сауатты қолданып, тұтынушыға мемлекеттік тілде сапалы ақпарат ұсынатын кәсіпкерлік нысандар осы белгі арқылы ерекшеленеді.

Бұл - жазалау емес, жақсы тәжірибені насихаттау тәсілі. Яғни мемлекеттік тілге құрметпен қарайтын, тұтынушыға қазақ тілінде сапалы қызмет көрсетуге ұмтылатын кәсіпкерлерді көпшілікке үлгі ету көзделеді.

Жұмыс Ақтас кентімен ғана шектелмейді. Аталған шара Саран қаласындағы шағын және орта бизнес өкілдері арасында да өз жалғасын тауып келеді. Жобаның қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды 20 тамыз күні жариялау жоспарлануда.

ТІЛ - ТҰТЫНУШЫҒА ДЕГЕН ҚҰРМЕТ

Тіл - тек қарым-қатынас құралы емес. Ол - қызмет көрсету мәдениетінің де айнасы. Кәсіпкердің тұтынушымен мемлекеттік тілде еркін сөйлесуі, маңдайша мен жарнаманы сауатты орналастыруы, тауар мен қызмет туралы ақпаратты қазақ тілінде анық әрі түсінікті ұсынуы - мемлекеттік тілге деген құрметтің ғана емес, тұтынушыға деген құрметтің де белгісі.

Бұл тұрғыдан алғанда, «Бизнес және мемлекеттік тіл» шарасы- тіл саясатын кәсіпкерлік ортаға жақындататын, мемлекеттік тілдің күнделікті қолданысын нақты әрекет арқылы көрсететін маңызды бастама.

Саран қаласында «Тіл-FEST» фестивалі аясындағы іс-шаралардың тағы бір ерекшелігі - олардың бірқатарының қалада алғаш рет өткізілуінде.

– Аталған іс-шаралар Саран қаласында алғаш рет өткізіліп жатыр. Әсіресе, біз үшін жаңашылдығымен ерекшеленіп отырғаны - «Q-креатив Stand-up Kazakh» және «Бизнес және мемлекеттік тіл» шаралары. Алдағы уақытта тамыз айында «Кәсіби салалар күні» – Pro Qazaq Day іс-шарасын, сондай-ақ жалпыұлттық диктант өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұның барлығы «Тіл-FEST» фестивалі аясында жүзеге асырылады. Негізгі мақсатымыз - мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп қана қоймай, оны қоғамның әр саласында еркін әрі сапалы қолдануға мүмкіндік жасау, - дейді Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нұрмаханова.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

Фестиваль аясындағы әр бастама - мемлекеттік тілдің қоғамдағы орнын нығайтуға бағытталған ортақ мақсаттың бір бөлшегі. Тіл үйрету, шығармашылық, кәсіпкерлік, кәсіби орта мен қоғамдық бастамалардың бір арнада тоғысуы тіл саясатын жүзеге асырудың заманауи үлгісін көрсетеді.

Бүгінде мемлекеттік тілді дамыту тек белгілі бір мекеме немесе сала мамандарының міндеті емес. Оның өміршеңдігі қоғамның әр мүшесінің тілге деген көзқарасы мен күнделікті қолданысына тікелей байланысты. Қазақ тілінде сапалы қызмет көрсету, сауатты жазу, еркін сөйлеу, кәсіби ортада мемлекеттік тілді қолдану - тілге деген құрметтің нақты көрінісі.

«Тіл-FEST» фестивалінің де басты құндылығы осында. Ол тілді тек дәріптеп қана қоймай, оны өмірдің әр саласында қолданудың нақты үлгілерін көрсетіп отыр. Бір жерде ұстаздың шеберлігі шыңдалса, енді бір жерде жастардың шығармашылық ойы еркіндікке ұмтылады. Ал кәсіпкерлік ортада тіл мәдениеті мен қызмет сапасының өзара сабақтастығы айқындалады.

Тілдің болашағы - оның қаншалықты жиі қолданылатынында. Сөздің қадірі - оның күнделікті өмірде қаншалықты табиғи айтылып, сауатты жазылуында. Ал мемлекеттік тілдің мерейі - оны қолдауға бағытталған игі бастамалардың нақты іске айналуында.

Саран қаласында өтіп жатқан «Тіл-FEST» - осы ұстанымның жарқын көрінісі. Өйткені тіл мәдениеті қалыптасқан жерде сапалы қызмет, жауапты кәсіпкерлік, кәсіби шеберлік пен өзара құрмет мәдениеті де орнығады.

Мемлекеттік тіл - ортақ құндылық. Ал оны құрметтеп, дамыту және күнделікті өмірде еркін қолдану - баршаға ортақ жауапкершілік.

Өз тілшімізден