
Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында қазақтың ұлы ақыны, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күніне және 10 тамыз – Абай күніне арналған «Абай – халықтың рухани мұрасы» тақырыбында шығармашылық кеш өтті.
Кеш барысында хакім Абайдың жүріп өткен өмірлік жолы, шығармашылығы кеңінен насихатталып, ақынның сырлы өлеңдері оқылып, әуезді әндері орындалды. Көбі жатқа білетін «Көзімнің қарасы» әні баянның сүйемелдеуімен орындалса, күмбірлеген домбырадан төгілген «Желсіз түнде жарық-ай» әні құлақтың құрышын қандырды.
Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында жыл сайын ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының бай әдеби мұрасын дәріптеуге, оның шығармалары арқылы ұлттық рухани құндылықтарды насихаттауға арналған түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Осы жолы да Абай күніне орай ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы жарық көрген кітаптардан құралған кітап көрмесі ұйымдастырылды. №2 отбасылық оқу кітапханасының жетекшісі Е. Свиридова қатысушыларға хакім Абай туралы жазылған басылымдарға, автордың туындыларына шолу жасады. Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, ұлы ақынның әрбір сөзі – адамдыққа, білімге, еңбекке үндейтін өшпес өнеге. Ал бұл іс-шара қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлап, Абай мұрасының халқымыздың рухани байлығының ажырамас бөлігі екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА









