Бүгін: 09.09.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, қазақ тілін күнделікті қызмет көрсету саласында сапалы қолданып жүрген 30 кәсіпкерге «Qazaq Friendly» белгісі берілді.

19 тамыз күні «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығында Қазақстан халқы тілдері күніне орай ұйымдастырылып жатқан «Тіл-FEST» фестивалі аясында өткен «Мемлекеттік тіл және бизнес» іс-шарасының қорытындысы шығарылды.

Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нұрмаханованың айтуы бойынша, «Мемлекеттік тіл және бизнес» іс-шарасы барысында жұмыс тобы құрылып, мамыр-тамыз айлары аралығында кәсіпкерлік нысандар араланды және олардың қызметкерлеріне қазақ тілін қолдану бойынша тегін әдістемелік көмек көрсетілді.

Ұйымдастырушылардың мәліметіне сүйенсек, «Qazaq Friendly» - қазақ тілін қолдайтын нысан деген белгі. Яғни, мемлекеттік тілді дамытуға қосқан үлесі үшін және қызмет көрсету саласында қазақ тілін сапалы қолданатын кәсіп иелеріне берілетін арнайы мәртебе.

Төрт айдың жемісін жарияламас бұрын, Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айдана Аскееваға сөз берілді. Ол өз кезегінде, марапат иелерін құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

Сондай-ақ, осы уақыт аралығында тіл жанашырларынан құрылған жұмыс тобының жұмысы және кәсіпкерлерге бизнесін жүргізуде пайдалы болатын бейнематериалдар екі тілде ЛЭД-экранда көрсетілді.

Арнайы іс-шараға қатысқан жұмыс тобының мүшесі Баян Мамитова: «Саран қаласында тіл туралы заңның сақталуына біз өте қуаныштымыз. Басқа да кәсіпкерлер сіздерден үлгі алып, мемлекеттік тілді қолдау және дамыту бағытындағы жұмыстарын жалғастырады деп сенеміз»,- деп атап өтті.

Сахнаға кезекпен-кезек қазақ тілін қолдану деңгейі жоғары, үлгілі деп танылған кәсіпкерлер шақырылды. Олардың араларында мемлекеттік тілді оқыту курстарына белсенді қатысып, қазақ тілін меңгеруге ынта танытып жүрген кәсіпкерлер де болды. Барлық марапат иегеріне «Тілге құрмет – елге құрмет» деген жазуы бар «Qazaq Friendly» белгісі мен арнайы алғыс хаттар табысталды.

«Mixshop» дүкенінің иесі Елена Кшникаткина - «Qazaq Friendly» белгісіне ие болған кәсіпкерлердің бірі. Ол мемлекеттік тілді оқыту курстарына үзбей қатысудың арқасында қазақ тілінде қарапайым сөздерді (мысалы, көйлек, шалбар, ұзын, қысқа, және т.б. сөздерді) емін-еркін қолдана алады. Жеңіл сөйлемдерді де оңай құрастырады.

- Мен – кәсіпкермін. Мен жасөспірімдер мен ерлерге арналған киім бөлімін жүргіземін. 2025 жылдың қазан айынан бастап қазақ тілін үйрететін курстарына барамын. Маған өте ұнайды. Қазақстанда өмір сүріп жатқандықтан екі тілді білген жөн деп ойлаймын. Әр түрлі ұлт өкілдері келеді. Менің ойымша, мұндай курстар халық үшін өте маңызды. Әсіресе, кәсіпкер үшін, - деді Елена Кшникаткина.

Марапат иегерлерінің қатарынан ұлты – түрік болса да, Саран қаласында білім алып, өз кәсібін бастаған «Ласточка» азық-түлік дүкенінің иесі Аслан Ниязов та болды.

-Бізге өзге ұлт өкілдері жиі келеді. Сол себепті қазақ, орыс, өзбек, түрік тілінде де қызмет көрсетуге әзірміз. Өзім қазақ тілін – мектепте үйренгенмін, - деді Аслан Ниязов.

Саран қаласының тілдерді дамыту орталығының директоры Альбина Нұрмаханова да өз кезегінде қолдау көрсеткен кәсіпкерлерге алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.

«Осылайша, төрт айға созылған «Мемлекеттік тіл және бизнес» бастамасы өз нәтижесін көрсетіп, қазақ тілін қызмет көрсету саласында кеңінен қолдануға ниетті кәсіпкерлердің басын біріктірді. «Qazaq Friendly» белгісінің табысталуы - жай ғана марапат емес, мемлекеттік тілге деген құрмет пен оны күнделікті өмірде қолдаудың нақты көрінісі. Бұл бастама кәсіпкерлерге қазақ тілін қолдануға жаңа серпін беріп қана қоймай, сапалы қызмет пен тіл мәдениетінің қатар қалыптасуына жол ашты. Ең бастысы - тілге деген құрметтің бизнестің ажырамас бөлігіне айнала бастағанын көрсетті. «Qazaq Friendly» белгісін иеленген 30 кәсіпкердің әрқайсысы - өзгеге үлгі. Ал бүгінгі бастама Саран қаласында қазақ тілін қолдайтын кәсіпкерлердің қатарын көбейтіп, «Қазақша қызмет көрсету - сапалы қызмет көрсетудің бір бөлігі» деген ұстанымды қалыптастыра береді деген сенімдеміз»- деді орталық директоры.

Қорытынды шарада «Қыран» хореографиялық ансамбльдің «Мен – қазақпын» биін де тамашаладық, екі шекті домбыраның үнінен «Көне Тараз» күйін тыңдап, әсем әндерден шашу шашылды. Барлығы бір деммен өтіп, көңілге сая болатын жақсы бір күйде тарқасты.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА