Бүгін: 05.10.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында Отбасы күніне және «Ақ шаңырақ» қазақ этномәдени бірлестігінің құрылуына елеулі үлес қосқан Сейтқазина Рымтай Отарқызын еске алу құрметіне орай бірінші рет «Бір шәугім шәй» атты отбасылық-шығармашылық фестиваль өтті.

Фестивальдің басты мақсаты — отбасылық дәстүрді, құндылықтарды дәріптеу және ата-ана мен бала арасындағы байланысты арттыру. Осы тұрғыда бағын сынап, қатысуға бел буған 5 жанұя тек өздерінің өнерлерін ортаға салып қана қоймай, әр кезеңнің мазмұны мен тақырыптық өзегін ашуға барынша күш салды.

Ең алдымен, «Біздің әулет» атты бірінші кезеңде өздерін таныстырса, 2-кезеңде өнер мен шығармашылыққа басымдылық берілді. «Білгенге маржан» атты 3-кезеңде сұрақ-жауаптарға мүдірмей жауап берсе, шешуші 4-кезеңде ақ дастарқанның құдіреті мен қойылған тағамдардың мән-маңызы түсіндірілді.

Ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, фестиваль ақжарма ниетке, жүрекке жылы әсер сыйлаған сәттерге толы өтті. Шара барысында қатысушылар ән айтып, би билеп өз өнерлерін ортаға салған.

Нәтижесінде Филатовтар жанұясы «Белсенді отбасы», Бексұлтановтар әулеті «Шығармашыл отбасы», Тусуповтар жанұясы «Үлгілі отбасы», Мэлс Тусупова «Парасатты отбасы» және Бексеитовтар жанұясы «Өнерлі отбасы» номинацияларына ие болды.

Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының директоры Майра Кульджабаева белсене қатысқан барлық қатысушыға ризашылығын жеткізіп, алдағы жылдары да игі дәстүрлі жалғастыру ойда барын атап өтті. Қатысушыларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА