Елімізде қыркүйек айының соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтіледі. Осыған орай Саран қаласының мәдениет үйінде еңбек адамдарын ұлықтаған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Барша жиналған қауымды Саран қаласы әкімінің орынбасары Сағынбек Бейскеев Еңбек күнімен құттықтай отырып, елдің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан бір топ азаматты Саран қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Сонымен қатар, Қарағанды облысы «Атамекен» өңірлік кеңесінің төрағасы, «A.V. Group» ЖШС-тігінің бас директоры Владимир Алескеров адал еңбегі мен жоғары кәсіби шеберлік танытқан бірқатар кәсіпорын қызметкеріне Саран қаласы әкімінің Алғыс хаттарын табыстады.
Еңбегі еленіп, марапатқа ие болғандар қатарынан «SILK ROAD ELECTRONICS» ЖШС конструкторлық-технологиялық бөлімінің бастығының орынбасары Нұргүл Жөргембай табылды.
- Осындай марапатқа ие боламын деп күтпеген едім. Барша әріптестерімді, өндіріс саласының қызметкерлерін, жалпы барлық еңбек адамын осы айтулы әрі тамаша күнмен құттықтаймын!, - деді марапат иесі.
Салтанатты шара барысында маңдай терімен ел игілігіне қызмет етіп жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, олардың еңбегі кеңінен дәріптелді. Мәдениет үйінің қызметкерлері әсем әндерімен кештің сәнін келтірсе, Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығынан келген «Томирис» би ансамблінің сұлу бишілерінің өнері сахнаны одан әрі жандандырды. Көптің ыстық ықыласына бөленіп жүрген «Мудрость» хорының орындауындағы «Я желаю счастье вам» әні көрерменнің көңілінен шығып, қалың қошеметке бөленді.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА








