Бұл – 23 жыл өмірін ұстаздық жолға арнаған Гульбаршын Уатханқызының өмірлік ұстанымы. Осы уақыт аралығында талай оқушыға қанат қақтырып, білім нәрімен сусындатқан ол қазірдің өзінде жастармен бір толқында болғанды құба-құп көреді.
Ұстаздар күніне орай өмірлік жолын ұстаздықтан тапқан, шәкірттеріне көмек қолын созып жүретін Гульбаршын Уатханқызымен жақын танысу бұйырыпты. Ол 1974 жылы 16 қаңтарда Моңголия Республикасы, Баян-Өлгий аймағында дүниеге келді. 1982 жылы 1-сыныпқа аяқ басып, 1992 жылы 10-сыныпты жақсы аяқтап шығады. Сол уақыт аралығында Қазақстанға келіп, Торғай облысының Арқалық қаласында сатушы, тігінші мамандықтарын бітіріп шығады. 1993 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бесоба совхозының тумасы Мухархан Омирзахпен танысып, отбасын құрды. Жас жанұя 1995 жылы Саран қаласындағы РТИ-ге көшіп келді. Кейін 2000-2003 жылдар аралығында Абай Құнанбаев атындағы СЖГТК-ге оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын меңгереді. 2003 жылы Саран қаласындағы Абай атындағы жалпы білім беретін мектепке жұмысқа орналасты. Сол уақыттан бері мамандығына деген қызығушылығы артып, білімін жетілдіру мақсатында 2004-2007 жылдар аралығында Е.А. Букетов атындағы Қарағанды зерттеу университетін қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдайды.
Ол тек оқушыларының аяулы мұғалімі ғана емес, асыл жар, 3 баланың ардақты анасы, немерелерінің сүйікті әжесі. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, тәжірибелі ұстазбен аз-кем сұхбаттасуды жөн көрдік. Бір жағынан, өмірлік ұстанымдарын естіп қайтсақ, екінші жағынан, жас мамандарға бағыт-бағдар болар құнды ойларын тыңдадық.
Ұстаз болуды таңдауыңызға не себеп болды?
- Бала кезімнен ұстаз мамандығына ерекше қызығушылықпен қарадым. Ұстаздың бала жүрегіне жол тауып, оның болашағына бағыт бере алатыны мені осы мамандыққа жетеледі. Кейін бұл таңдаудың өмірімдегі ең дұрыс шешім болғанына көз жеткіздім. Мен үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, жүрек қалауым. Ұстаздық жолды таңдағаныма 23 жыл болды. Осы уақыт ішінде талай шәкіртке білім беріп, олардың азамат болып қалыптасуына өз үлесімді қосып келемін. Ұстаздық жолда әр жыл, әр шәкірт мен үшін үлкен мектеп болды.
Ұстаздық жолдағы ең есте қалған сәтіңіз қандай?
- Ұстаз үшін ең есте қаларлық сәт – шәкіртінің өз биігін бағындырған кезі. Бір шәкіртімнің жетістігін көріп, оның: «Сізден алған білімім маған көп көмектесті» деген сөзін естігенім әлі күнге дейін есімде. Осындай сәттер ұстаз еңбегінің бағасын сезіндіреді.
Сіз үшін «Ұстаз» деген ұғым нені білдіреді?
- Ұстаз – білім беруші ғана емес, балаға бағыт көрсетуші, жақсы мен жаманды ажыратуға үйретуші, қажет кезде қолдау көрсететін тұлға. Ұстаздың айтқан сөзі мен жасаған ісі шәкірттің жүрегінде ұзақ сақталады. Сондықтан ұстаз болу – үлкен жауапкершілік.
Шәкірттеріңіздің қандай жетістіктері сізге ерекше мақтаныш сыйлайды?
- Мен үшін әр шәкірттің жетістігі қымбат. Байқаудан жүлде алғаны да, жақсы оқу орнына түскені де, өмірден өз орнын тапқаны да – ұстаз үшін үлкен қуаныш. Әсіресе, бұрын тұйық, өзіне сенімсіз болған оқушының кейін өз ойын еркін айтып, биіктерге ұмтылғанын көру – менің ең үлкен мақтанышым.
Ұстаздық қызметіңіздің ең қиын әрі ең қуанышты тұсы қандай?
- Ең қиыны – әр баланың мінезі мен қабылдау қабілеті әртүрлі екенін ескеріп, әрқайсысына жеке жол табу. Ал ең қуаныштысы – сол еңбектің нәтижесін көру. Шәкірттің жетістігі мен алғысы барлық қиындықты ұмыттырады.
Ұстаз шәкіртіне білім беріп қана қоймай, өзі де шәкіртінен көп нәрсе үйренеді. Ал сіз шәкірттеріңізден қандай тағылым алдыңыз?
- Оқушыларымнан шынайылықты, жаңалыққа қызығушылықты және әр нәрсеге бала көңілмен қарауды үйрендім. Жас ұрпақтың ойы арқылы заманның өзгерісін де сезінесің. Сондықтан ұстаз да үнемі ізденіп, үйреніп отыруы керек.
Ұстаз бен оқушы арасындағы жақсы қарым-қатынастың сыры неде деп ойлайсыз?
- Оның негізі – өзара құрмет пен сенім. Оқушы ұстазының өзін түсінетінін, пікірін бағалайтынын сезінуі керек. Ұстаз да баланы тек оқушы ретінде емес, жеке тұлға ретінде қабылдағанда ғана шынайы байланыс қалыптасады.
Ұстаз ретінде өзіңізге қойған басты қағидаңыз қандай?
- Менің басты қағидам – «Әр балаға сеніммен қарау». Өйткені балаға бір ауыз жылы сөз бен қолдау оның өзіне деген сенімін арттыруы мүмкін. Сонымен қатар, өзің талап ететін қасиетті алдымен өз бойыңнан көрсету керек деп ойлаймын.
Егер ұстаздық жолды қайта таңдау мүмкіндігі берілсе, осы мамандықты тағы таңдар ма едіңіз?
- Иә, сөзсіз тағы да осы мамандықты таңдар едім. Себебі ұстаздық маған тек мамандық емес, өмірлік мән берді. Шәкірт тәрбиелеу, олардың жетістігіне куә болу – адамға үлкен рухани қуаныш сыйлайды.
Барлық шәкірттеріңізге бір ауыз тілек айту мүмкіндігі болса, не айтар едіңіз?
- «Өздеріңе сеніңдер, білім алудан жалықпаңдар және қандай жағдайда да адамдық қасиеттеріңді жоғалтпаңдар» дер едім. Армандарың үлкен болсын, сол арманға жету үшін еңбек етуден қорықпаңдар.
Ал өзіңізге сабақ берген ұстаздарыңыздан алған ең үлкен тағылым қандай болды?
- Өз ұстаздарымнан, ең алдымен, адамды сыйлауды, білімге адал болуды және бастаған ісіңе жауапкершілікпен қарауды үйрендім. Ұстаздың шәкіртке берген ең үлкен сыйы – тек білім емес, өмірге деген дұрыс бағыт деп түсіндім.
Ұстаздар күніне орай әріптестеріңізге, өзіңізге не тілер едіңіз?
- Барлық әріптестеріме мықты денсаулық, шығармашылық табыс, отбасыларына амандық тілеймін. Еңбектерінің жемісін көріп, шәкірттерінің жетістігіне әрдайым қуанып жүрсін. Ал өзіме ұстаздық жолда әлі де талай шәкірттің жүрегіне із қалдырып, мамандығыма деген сүйіспеншілігімді жоғалтпай еңбек етуді тілер едім. Ұстаз мәртебесі биік, еңбегіміз жемісті болсын!
Гульбаршын Уатханқызы уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет. Еңбегіңіз әрдайым еленіп, шәкірттеріңіз биік белестерден көріне берсін.
Сұхбаттасқан:
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА








