Бүгін: 05.10.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«Сұңқар» стадионында Саран қаласының спорт орталығының ұйымдастыруымен кезекті тартысты жарыс өтті.

Спорт орталығы әрдайым салауатты өмір салтын ұстанатын жастарды, қала тұрғындарын қолдап жүреді. Жеңіл атлетикадан, үстел теннисінен, шахматтан, тоғызқұмалақтан және басқа да спорт түрлерінен жарыстар өтіп тұрады. Таяуда ерлер мен әйелдер арасында эстафеталық жарыс ұйымдастырылды. Командалар арасындағы жарыста әр командадан екі қатысушы 400 метр қашықтыққа жүгіруден бақтарын сынаған. Ережеге сәйкес, әр қатысушы өз кезеңін жүгіріп өткен соң, эстафетаны командасына берген. Осы жолы эстафетаға қатысуға ниет білдіргендер ерекше белсенділіктерін көрсетіп, алаңды қыздыра түсті.

Нәтижесінде, ұлдар арасында 1-орынды Әмен Ринат пен Жақып Жанарыс, 2-орынды Муратхан Айтуған мен Күзенбаев Нұржас, 3-орынды Қаупен Тарғын мен Косанбай Есимхан иеленді. Ал қыздар арасында 1-орынды Таутек Нұрай мен Абдулхамитова Гүлназ, 2-орынды Зейнуллаева Аружан және 3-орынды Естаева Маржан мен Абдулхамитова Аяжан алды. Төрешілер алқасының шешімі бойынша жеңімпаз бен жүлдегерлер грамоталармен, медальдармен және 1-орын алғандар кубокпен марапатталды.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА