Бүгін: 20.10.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саранда «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбында мемлекеттік қызметшілер арасында дебат турнирі өтті.

Саран қаласының Мәдениет үйінде мемлекеттік қызметшілер арасында дебат турнирі ұйымдастырылды. Оған 4 команда қатысып, «Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді толығымен жасанды интеллектке сеніп тапсыруға бола ма?» қарары бойынша өзара пікір алмасты. Қатысушылар берілген тақырыпқа сай өз ұстанымдарын қорғап, қарсы тараптың пікірлеріне дәйекті дәлелдерді келтіру арқылы өздерінің тұжырымдарын алға тартып отырды.

Мұндай дебатқа бірінші рет қатысып көрген «Саран қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бас маманы Мухаммедрахым Әрнешовтің айтуы бойынша: «Осындай пікірсайыс алаңын ұйымдастыру өте маңызды. Себебі, дәл осындай алаңдарда қоғамдық мәселелер жан-жақты талқыланады. Әрі, сыни ойлау қабілеті дами түседі».

Дебат барысында мемлекеттік қызметшілердің өз-өздерін ұстауы және пікірталас жүргізу мәдениеті мен нақты дәлелдерді келтіру шеберлігіне ерекше мән берілді. Тартысты кездесудің нәтижесінде, «Ұшқын» тобы 1-орынға, «Даму» командасы 2-орынға және «Ақиқат» тобы жүлделі 3-орынға ие болды. Жеңімпаз атанған команда қазан айында Қарағанды қаласында өткен облыстық турнирге қатысты.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА