Бүгін: 20.10.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Қоғамның тұрақты дамуы мен ел болашағының жарқын болуы ең алдымен ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа байланысты.

Өткенін білген, бүгінін бағалаған және келешегіне жауапкершілікпен қарайтын ұрпақ қана ұлттық құндылықтарды сақтап, оны заман талабына сай жалғастыра алады. Сондықтан ұрпақ сабақтастығын нығайту – баршаға ортақ маңызды міндет.

Ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегесінің кейінгі ұрпаққа берілуі. Бұл тек салт-дәстүрді үйретумен шектелмейді. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, еңбекқорлық, адалдық, жауапкершілік, отансүйгіштік сияқты адамгершілік қасиеттер де ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отырады.

Қазақ халқы ежелден «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» қағидасын берік ұстанған. Ақсақалдың батасын алу, ата-ананы ардақтау, туған жерді қадірлеу, ағайынмен тату болу – халқымыздың өмір салтына айналған құндылықтар. Осындай дәстүрлер жас ұрпақтың бойына ұлттық болмысты сіңіріп, оның қоғамдағы орнын түсінуге ықпал етеді.

Ұрпақ сабақтастығындағы маңызды құндылықтардың бірі – ана тілі. Тіл – ұлттың рухани мұрасы, тарихы мен мәдениетін сақтайтын негізгі құрал. Аға буынның кейінгі ұрпаққа тіл байлығын, ұлттық сөз өнерін, мақал-мәтелдер мен шешендік сөздерді жеткізуі – елдің рухани сабақтастығын нығайтады. Өз тілін құрметтеп, оны күнделікті өмірде қолдану арқылы әр жас ұлттық болмысын сақтай алады.

Бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар мен жаһандану дәуірі жастардың дүниетанымына үлкен әсер етуде. Әлемдік мәдениет пен жаңа көзқарастарға ашық болу – заман талабы. Дегенмен, жаңашылдыққа ұмтыла отырып, ұлттық негізден ажырамау маңызды. Өзінің тарихын, тілін, мәдениеті мен дәстүрін білген ұрпақтың рухани негізі де берік болады.

Ұрпақтар арасындағы байланысты қалыптастыруда отбасының орны ерекше. Бала ең алғашқы тәрбиені отбасынан алады. Әженің әңгімесі, атаның ақылы, ата-ананың өнегесі – жас ұрпақ үшін үлкен мектеп. Отбасында үлкендер мен жастар арасында ашық әңгіме, өзара құрмет пен түсіністік қалыптасса, ұлттық құндылықтардың сабақтастығы да нығая түседі.

Сонымен бірге мектеп пен қоғамның да жауапкершілігі зор. Өлкетану жұмыстары, ардагерлермен кездесулер, тарихи-танымдық іс-шаралар, ұлттық мерекелер мен салт-дәстүрді дәріптейтін жобалар жастардың өткенге деген қызығушылығын арттырады. Аға буынның өмір жолын жастарға таныстыру арқылы еңбек пен елге қызмет етудің мәнін түсіндіруге болады.

Ұрпақ сабақтастығы – тек өткенді сақтау емес, оны болашақпен байланыстыру. Әр буын өзінен кейінгі ұрпаққа жақсы сөзін, ізгі ісін, жинақтаған тәжірибесін қалдыруға ұмтылғаны жөн. Ал жас буын үлкендердің өнегесін қабылдап қана қоймай, оны жаңа заманның мүмкіндіктерімен ұштастыра білуі қажет.

Бабалардан қалған «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген ұлағатты сөздің мәні бүгін де өзекті. Өзара сыйластық, мейірім, адалдық, еңбек, отансүйгіштік және ана тілін құрметтеу секілді құндылықтар ұрпақтарды бір-бірімен байланыстыратын алтын көпір іспетті.

Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, аға буынның өнегесін, ана тілін және салт-дәстүрді жас ұрпаққа жеткізу – әрқайсымыздың азаматтық міндетіміз. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі ел тірегі. Ал оның бойындағы рухани құндылықтар неғұрлым берік болса, қоғамның да болашағы соғұрлым баянды болмақ.

А. Мусина,

ОҚК кітапханашысы, ақпараттық топ мүшесі