Бүгін: 20.10.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Саранда Мүгедектігі бар адамдар күні қарсаңында қалалық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жүрек жылуы – біздің қолымызда» атты ізгілікке толы концерт өтті.

Мейірім нұры төгілген шара барысында Саран қаласының мәдениет үйінің өнерпаздары сахнада өнер көрсетіп, әсем әндерден шашу шашты. Алғашқы болып Алтынай Сармутдинова «Толғау» әнін орындаса, одан кейін «Детство» үлгілі би ансамблінің сүйкімді бишілері өздерінің нәзік қимылдарымен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Арнайы осы концертке Саран қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының қатысушылары келіп, өз өнерлерін паш етті.

- Біз үнемі дайындаламыз, олармен тұрақты сабақтар өткіземіз. Жиі өнер көрсетеміз. Алдыңғы күні Қарағандыда өткен «Творчество души» облыстық фестивальден оралдық. Біз репертуарымызды мерекелерге қарай дайындаймыз, сондай-ақ шақырған жерден қалмауға тырысамыз, - деп атап өтті Саран қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының мәдени ұйымдастырушы Наталья Кан.

Концертте «Pulse», «School Fox Kids» ансамбльдерінің шығармашылық қабілеттері көрермендердің ерекше көңілінен шығып, қалың қошеметке кенелді. Қазақтың киелі домбырасынан күй де ойналды, сондай-ақ, Наталия Поповичтің орындауындағы «Қамажай» композициясы залды бірден өзіне баурап алды.

Осындай әсем де әсерлі сәтте Саран қаласы мәдениет үйінің м.а. Меней Жұлдыз сахнада өнер көрсеткен барлық өнерпаздарға ризашылығын жеткізе отырып, «Pulse» ансамблінің жетекшісі, Саран қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының мәдени ұйымдастырушы Кан Натальяға, «School Fox Kids» ансамблінің жетекшісі Алена Черноваға шығармашылық табыстар тілеп, алғыс хаттармен марапаттады.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА