
Қазақстанның қаржы жүйесі – елдің экономикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін, ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен дамуына ықпал ететін маңызды тетіктердің бірі.
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан алдында дербес банк жүйесін құру, ұлттық валютаны айналымға енгізу, мемлекеттік бюджетті қалыптастыру және қаржы нарығын дамыту сияқты ауқымды міндеттер тұрды. Осы жылдар ішінде еліміздің қаржы жүйесі бірнеше маңызды кезеңнен өтіп, бүгінгі таңда цифрлық технологияларға негізделген жаңа даму сатысына қадам басты.
1991 жылы Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін елдің дербес қаржы жүйесін қалыптастыру жұмыстары басталды. Бұрынғы кеңестік экономикалық жүйеден нарықтық қатынастарға көшу қаржы саласында түбегейлі өзгерістер жүргізуді талап етті. Мемлекеттік бюджетті басқару, банк қызметін ұйымдастыру және ақша айналымын реттеу бағыттарында жаңа заңнамалық негіз қалыптасты.
Осы кезеңде екі деңгейлі банк жүйесін құруға басымдық берілді. Оның бірінші деңгейін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі құраса, екінші деңгейіне коммерциялық банктер жатты. Мамандандырылған мемлекеттік банктердің акционерлік қоғамдарға айналуы банк секторында нарықтық қатынастардың дамуына жол ашты.
Қазақстанның қаржы тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – ұлттық валютаның айналымға енгізілуі. 1993 жылғы 12 қарашада ұлттық валютаны енгізу туралы Президент Жарлығы қабылданып, 15 қарашада Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге ресми түрде айналымға шықты. Теңгенің енгізілуі елге дербес ақша-несие саясатын жүргізуге мүмкіндік берді. Бұл қадам мемлекеттік қаржы жүйесін қалыптастыруда, инфляцияны реттеуде және экономикалық саясатты тәуелсіз жүзеге асыруда ерекше рөл атқарды.
1995 жылғы мамырда Алматыда Банкнот фабрикасының ашылуы ұлттық валютаны өз елімізде басып шығаруға мүмкіндік берді. Бұл ақша белгілерін өндіру саласындағы дербестікті арттырып, ұлттық қаржы инфрақұрылымын нығайтты.
Нарықтық институттар және қаржы жүйесінің жаңғыруына келетін болсақ, 1990-жылдардың соңы мен 2000-жылдары Қазақстанның қаржы жүйесі біртіндеп тұрақтанып, нарықтық институттар дами бастады. Екінші деңгейлі банктердің қызметі жетілдіріліп, халыққа және кәсіпкерлік субъектілеріне ұсынылатын қаржылық қызметтердің аясы кеңейді. Бұл кезеңде зейнетақы жүйесінде де елеулі өзгерістер орын алды. Сонымен бірге сақтандыру саласы, бағалы қағаздар нарығы және инвестициялық қызмет заңнамалық тұрғыдан реттеліп, қаржы нарығының жаңа институттары қалыптасты.
Қаржы жүйесінің дамуы кәсіпкерлікті қаржыландыруға, инвестиция тартуға және халықтың банк қызметтеріне қолжетімділігін арттыруға ықпал етті. Дегенмен, әлемдік қаржы дағдарыстары мен экономикалық тұрақсыздық кезеңдері қаржы жүйесінің осал тұстарын да көрсетті. Бұл жағдай банк секторын қадағалауды күшейту, тәуекелдерді басқару және қаржы ұйымдарының тұрақтылығын арттыру қажеттігін айқындады.
Ал бүгінгі күнге келетін болсақ, Қазақстанның қаржы жүйесі цифрлық технологиялардың көмегімен қарқынды жаңарып келеді. Мобильді банкинг, интернет арқылы төлем жасау, электрондық ақша аударымдары және қолма-қол ақшасыз есеп айырысу қызметтері кеңінен қолданыла бастады. Бұрын банкке барып орындалатын көптеген операцияны бүгінде смартфон арқылы бірнеше минут ішінде жүзеге асыруға болады. Бұл уақытты үнемдеп қана қоймай, қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – цифрлық теңге. 2022 жылы цифрлық теңгені дамыту тұжырымдамасы таныстырылып, оны енгізу мен сынақтан өткізу жұмыстары басталды. Цифрлық теңге – Қазақстанның ұлттық валютасының цифрлық нысаны. Ол қолма-қол ақша мен банктік шоттағы қаражаттан ерекшеленетін, орталық банк міндеттемесіне негізделген төлем құралы ретінде қарастырылады.
Қазақстанның қаржы жүйесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қалыптасу кезеңінен бастап бүгінгі цифрлық жаңғыру дәуіріне дейін үлкен өзгерістерден өтті. Дербес банк жүйесінің құрылуы, теңгенің айналымға енгізілуі, қаржы нарығы институттарының дамуы және цифрлық технологиялардың таралуы – осы жолдың негізгі белестері.
Елімізде қаржы жүйесінің қалыптасу тарихы – экономикалық тәуелсіздікті нығайту, өзгерістерге бейімделу және болашаққа бағытталған даму жолының көрінісі. Ал жүйе тиімділігі тек заманауи технологиялармен өлшенбейді. Оның басты көрсеткіші – халықтың ұлттық валютаға, банктерге және мемлекеттік қаржы институттарына деген сенімі болып табылады.
Р. МУРЗАГОЖИНА
Саран қалалық мемлекеттік
қазынашылық
басқарма
басшысының орынбасары





