Бүгін: 13.11.2026
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бала өміріндегі алғашқы тәрбие мен өнегені ата-анасынан, отбасы ортасынан алады.

Ол сөзді есту арқылы ғана емес, үлкендердің іс-әрекетін көріп, олардың қарым-қатынасын сезіну арқылы тәрбиеленеді. Отбасында өзара сыйластық, адалдық пен еңбекқорлық салтанат құрса, бұл – балаға берілетін ең жақсы өнеге. Өсе келе баланың бойына өз халқының тарихын, ата-тегін, салт-дәстүрі мен мәдениетін сіңіру – өмір талабы.

Отбасы – балаға өмір жолында дұрыс бағыт-бағдар беретін, оның тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін маңызды орта. Сондықтан айналасындағы адамдарға сүйіспеншілікпен, құрметпен қарауға, әсіресе ағайын-туысқа, аға-інілеріне, апа-сіңлілеріне деген туысқандық, бауырмалдық қасиеттерді бойына сіңіруге ерекше мән берген жөн.

«Қарты бар үйдің – қазынасы бар» дегендей, қазақ халқы ежелден ата-әжесін отбасының берекесі мен рухани байлығы деп бағалаған. Оларға ерекше құрмет көрсету, қамқорлық жасау – ұрпақтың парызы. Баланың бойына үлкенді сыйлау, қарттарға ізет көрсету, олардың ақыл-кеңесін тыңдау сияқты қасиеттерді отбасынан бастап қалыптастыру қажет.

«Жақсы сөз – жарым ырыс» деген халық даналығына сүйене отырып, баланы жас кезінен «сіз», «рақмет», «кешіріңіз», «өтінемін» сияқты сыпайы сөздерді қолдануға дағдыландыру маңызды. Үлкенге бірінші болып сәлем беру, олардың жолын кеспеу, батасын алу секілді дәстүрлерді сақтауға тәрбиелеу – ұлттық тәрбиенің ажырамас бөлігі.

Сондықтан балаға білім бермес бұрын, ең алдымен, тәрбие берген жөн. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөздің мәні тереңде жатыр. Бала тәрбиесін балабақша мен мектепке ғана жүктеп, «енді тәрбие мен білімді сол жерден алады» немесе «әлі жас, өсе келе өзі түсінеді» деп ойлау – үлкен қателік.

Бала үшін өз үйінен, өз отбасынан артық мекен жоқ. Отбасының жылуын сезініп, мейірім мен сүйіспеншілікке бөленіп өскен бала өз ортасына құрметпен қарайды. Сондықтан әрбір ата-ана отбасындағы береке-бірлікті сақтап, шаңырағының шаттығын арттыруға, баласының алдында абыройы мен қадір-қасиетін жоғары ұстауға ұмтылуы тиіс. Ата-ананың өзара сыйластығы мен өнегелі қарым-қатынасы баланың отбасына деген құрметі мен сүйіспеншілігін қалыптастырады.

Сайып келгенде, бала тәрбиесінде рухани дәстүр сабақтастығын сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз.

Рухани дәстүр сабақтастығы дегеніміз не? Бұл – ата-бабамыздан қалған өмірлік тәжірибені, тілімізді, мәдениетімізді, ұлттық құндылықтарымызды, имандылық пен адамгершілік қағидаларын үздіксіз ұрпақтан ұрпаққа жеткізу. Рухани байлығымыздың негізі – адамгершілік, ізгілік, мейірімділік пен адалдықты дәріптейтін дәстүрлеріміз.

Егер жас ұрпақ өз елінің тарихын, ата-тегін, ұлттық болмысын және рухани құндылықтарын білмей өссе, ұлттық санамыз бен мәдени сабақтастығымыздың әлсіреу қаупі туындайды. Сондықтан бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі – қазақ халқының асыл мұраларын, салт-дәстүрлерін жас ұрпақтың бойына сіңіріп, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға баулу және олардың рухани дүниесін байыту.

Дін мен дәстүр сабақтастығы да адамзат баласын адамгершілікке, мейірімділікке, адалдыққа тәрбиелеуде маңызды орын алады. Халқымыз ежелден «адал», «обал», «сауап» ұғымдарын өмірлік ұстанымына айналдырған. Бұл түсініктер ислам дінінің негізгі адамгершілік қағидаларымен де үндеседі.

Рухани байлығымыздың тағы бір көрінісі – «ұят» ұғымы. Ұят – адам бойындағы ар-ожданның, имандылықтың белгісі. «Өлімнен ұят күшті», «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген халық нақылдары адамды ізгілікке, адалдыққа, жауапкершілікке үндейді.

Ұлттық тәрбие мен дәстүрлі діни құндылықтарды дұрыс әрі үйлесімді ұштастыра отырып, жас ұрпақтың бойына сіңіру – олардың рухани иммунитетін қалыптастырудың маңызды жолы. Мұндай тәрбие жастардың ұлттық болмысын сақтап, жат идеологиялар мен теріс діни ағымдардың ықпалына қарсы тұруына көмектеседі.

Қалай болғанда да, біздің басты мақсатымыз – тәрбиелі, мейірімді, қайырымды, мұқтаж жандарға қол ұшын созатын, өзгелердің ақысын жемейтін, адал әрі ар-ұяты жоғары ұрпақ тәрбиелеу. Өйткені ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағының кепілі. Рухани дәстүрлерімізді сақтап, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру арқылы ғана ұлттық құндылықтарымыздың өміршеңдігін қамтамасыз ете аламыз.

Г. Жүсіпбекова,

Саран қаласы Аналар

кеңесінің төрағасы, қалалық

ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз