Транзиттік машиналар енді Қарағандыдағы орталық көшенің жолдарын тоздырмайды. Облыс орталығында Солтүстік-Шығыс айналма жолы ресми түрде ашылды. Осындай деңгейдегі заманауи айналма жол қаланың негізі қаланғаннан бері алғаш рет пайда болды.
Жаңа жол Қарағандыны айналып өтіп, қаланы транзиттік автомобильдер мен үлкен жүк көліктерден босатуға мүмкіндік береді. Орталық арқылы күніне 22 мыңға жуық көлік өтеді.
- Астана күні біз Солтүстік-Шығыс айналма жолын ашамыз. 2017 жылы Елбасының бастамасымен оны салу тапсырылды. Жол халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және Екатеринбург-Алматы дәлізіне кіреді. Мұнда жеті көлік айрығы бар. Бұл бірінші санаттағы жол, - дейді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев.
Құрылыс «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Орталық-Оңтүстік» дәлізін қайта жаңарту жоспарына енді.
- Транзиттік көліктің Нұр-Сұлтан, Алматы бағытында жүру мүмкіндігі болады. Сондай-ақ Павлодар қаласына және Шығыс Қазақстан облысына шығу жолы бар. Қала арқылы көлік трафигін азайту экологияға да оң әсер етеді. Болжамды ағын - тәулігіне 20-22 мың бірлік көлікті құрайды, - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Серік Айдос.
Жол төрт жолақты, асфальтбетонды жабыны бар. Жол жабынын бірінші жөндеуге дейінгі қызмет мерзімі - 15 жыл. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолақтар арасында ирек білеу орнатылды.
Есептік жылдамдық - сағатына 120 шақырым.
Айналма жолдарды қайта құру аясында жеті жол айрығы, тоғыз жол өтпесі, Соқыр өзені арқылы өтетін көпір және демалыс үшін екі алаң салынды.
Жоба Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары бағыттары бойынша көлік айрықтарын қарастырады.
- Солтүстік-Шығыс айналма жолының құрылысына үш мыңнан астам жол жұмысшылары мен 500 бірлік техника жұмылдырылды. Құрылысшылардың 80%-ы – облыс тұрғындары. Солтүстік және Шығыс айналма жолдардың облыс үшін стратегиялық маңызы зор, себебі жобаларды іске асыру қала көшелеріне түсетін жүктемені айтарлықтай төмендетеді, жолдардың тозуын азайтуға, апаттылықтың төмендеуіне және экологиялық жағдайдың жақсаруына алып келеді. Сондай-ақ, облыс орталығын Қазақстанның оңтүстік өңірлерімен көлік байланысын қамтамасыз етеді, - деп атап өтті Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.
Жалпы, өңірде жол жобаларының үлкен пакеті іске асырылуда - бұл Балқаш, Бурылбайтал жолдары Жамбыл және Алматы жаққа қарай. Жезқазған-Қызылорда жолын жобалау аяқталуда.
Сондай-ақ, биыл Қызылорда - Жезқазған және Жезқазған - Қарағанды жолдарын жобалау басталады – бұл басым бағыттардың бірі болып табылады.
Қарағандыдан Павлодар бағытындағы жол мен Қарқаралы бағытындағы жолды қайта жаңарту жоспарда бар.