Тәңірі тарту еткен тәуелсіздіктің тұғырына қонғанына келер жылы 30 жыл толады. Бұл орда бұзар шақ. Тумасынан ауыздықпен алпарысқан текті халық тағдыр тосқан тосын сыйды тосырқамай қабылдап, лайықты межені бағындырған болатын.
Кеше ғана қадамын енді басқан, шаңырағын көтерген мемлекетке бүгінгі күні әлемнің азулы елдері таңырқай қарайтын уақыт жетті. Бұлда тұтас ұлттың бірлігі мен шыдамдылығының арқасы.
Қазақ мемлекеттілігі бүгінгі Тәуелсіздікке кейбіреулер ойлағандай КСРО-ның күйреуінің нәтижесінде ғана жеткен жоқ. Оның тамыры тереңде жатыр. Себебі, тәуелсіздік үшін күрес кеше ғана басталып, бүгін аяқталған жоқ. Бүгінгі Қазақстан аумағын ежелгі замандардан бері мекендеген тайпалар мен ұлыстардың кезінен бастап-ақ ұлан дала үшін, оның кеңістігі мен әрбір сүйем жері үшін қан төгіп, жан алысқан күрестер болды. Біздің бүгінге дейінгі тарихымыз Еуразия төрінен ойып тұрып орын алған жеріміз үшін, еліміз үшін, келешек ұрпақ үшін ұлт-азаттық күрестерге толы болатын.
Иә, дана халқымыз бірлік болмаса тірлік болмайтындығын бекер айтпаған. Бірлік болмай, патшаның отарлық саясатының қыл бұрауы мойынға мықтап түскенде ғана, халық өзінің кешегі азат өмірінің көзден ұшқанын аңғарды. Тек аңғарып қоймай, кешегі даланы еркін жайлаған халық атқа қонды. Кенесарыдай батыр бабамыздың бар мақсаты ─ елінің тәуелсіздігі еді. Сол тәуелсіздік жолында өз өмірін құрбан етті .Сын сағатта өз мүддесінен ел мүддесін жоғары ұстады. Наурызбай, Ағыбай, Басығара, Жоламан батырлар да Кенесары хан қозғалысын қолдап, оны пір тұтты.Талай жылға созылған осы күрес халықтың әлі де сойыл ұстап, жауға аттанар ерлері барын танытты. Исатай мен Махамбетті де ереуіл атқа ер салдырып, егеулі найза қолға алдырған, еңку-еңку жер шалдырған, темір қазық жастанып, беркініп садақ асындырған, біртіндеп жауды қашырған да сол, ұлы жол, азаттық жолы еді ғой!
Тәуелсіздік үшін күрес бір сәт те толастаған емес, ол теңіз толқыны сияқты қат- қабат жарға соғып жатты. Кеңес тарихы болса олардың әрбір толқынын бір-бірінен айырып алып, аймақтық оқиғалардың қатарына жатқызды. 1916 жылғы ұлт-азаттық төңкерісі де осы тұрғыдан қаралып келеді. Ал шындығында 1916 жылғы оқиға империяның бүкіл шығысында болды. Ол сонау Азия, Африка, Оңтүстік Америкадағы ұлт-азаттық қозғалыстардың ешқайсысынан кем емес-ті.
1930 жылдардағы Шұбартау, Созақ көтерілістерінің қайсысын алмасаң да, олардың барлығы да отаршылдыққа қарсы бағытталды. 1986 жылғы Желтоқсан ұлттық қозғалысы да сол көтерілістердің заңды жалғасы еді.
Әлемге әйгілі Әбу Насыр әл-Фарабидің бостандықтың боз таңы атпай тұрғанда «Адам баласы сияқты, мемлекет те өмірінде екі ғұмырлық босағаны аттайды. Біріншісі – жарық дүниенің есігін ашу, екіншісі – ересек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де – қайталанбас, қастерлі мезеттер» дегені тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдікті мегзеген айқын мақсаты еді.
Ал, даналығы дара Махатма Ганди «Аман-саулық – адамның нағыз бақыты болса, тәуелсіздік – халықтың жалғыз бақыты» деп өнегелі өсиетін қалдырған. Міне, тәуелсіздіктің қадірі, бостандықтың қасиеті, Отан деген ұлы ұғымның ұлағаты осындай қастерлі ойға жетелейді.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы «Үдеудің сыры –бірлікте, жүдеудің сыры –алауыздықта» деп Қазақстанның бағындырған белсінің бар құпиясы мен шындығын бір ауыз сөзбен түйіндеген еді.
О, баста темір қазығын, бағдаршамын, мақсатын айқындаған ел қандай жағдай болмасын тұяғынан сүрінбесі анық. Отызға жетпей орда бұзған мемлекеттің ендігіде көздеген нысанадан мүлт кетуі мүмкін емес. Лайым солай болғай.
Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Ащы термен келген тәтті жеңіс- тәуелсіздіктің жалауы мәңгі желбіреуі тиіс.
Рух туы желбіреп тұрғанда өткенге тас лақтырып қарғыс айтпай, одан сабақ алып, жіберген қателігімізді қайталамай, найзаның ұшымен, рух-намыстың күшімен қорғаған ата-баба аманатын орындау ─ бүгінгі ұрпақтың парызы.
Біз тәуелсіздікке бабалардың нақылымен, халқымыздың парасатты ақылымен жеттік. Енді кемел келешегіміз үшін аянбай тер төгіп, жалынды жігерді жануға тиістіміз. Тәуелсіздік тұғырлы, егемендік елеулі болсын!
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ