Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

«ҚЫРАН» ЖАСТАР СЫЙЛЫҒЫНЫҢ «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ОҚУШЫСЫ» АТАЛЫМЫНДА ОЗЫҚ ШЫҚҚАН, ЖАС БОЛСА ДА ТАПҚЫР, ОЙЫ ЗЕРЕК ЖЕРЛЕСІМІЗ СӘБИ СӘУЛЕТҰЛЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДА КЕЗЕКТІ  ЖЕТІСТІГІМЕН ҚУАНТТЫ.

Таяу да ғана Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының қолдауымен қашықтықтан өткен республикалық «Абай тағылымы – адамзаттық тағылым» атты әдістемелік-шығармашылық фестивальде өзге қатысушылардан бойындағы өнерімен дараланып, мықтылардың қатарынан көріне білген Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығының 4 курс студенті 150-ге жуық үміткерлердің ішінен 1-орынды қанжығасына байлады.

Ел бойынша 14 облыс қатысқан, Абайдың  рухани мұрасының зерттелуін  және  оқу-тәрбие үрдісін жаңғыртудағы өзектілігін насихаттауға бағытталған қашықтықтан өткен  әдеби байқауда Қарағанды облысының намысын қорғап, Саран қаласының мерейін асқақтатқан жас жігітпен сұқбаттасудың орайы келді.

Сәби Сәулетұлы, сізді кезекті жеңісіңізбен құттықтаймыз! Сұқбатымызды бастамас бұрын ең алдымен филология бағытына қалай келгеніңіз жайлы айтып өтсеңіз?

- Өзім Саран қаласында дүниеге келгенмін. Саран қаласының № 4 жалпы білім беретін мектебінің түлегімін. 2016 жылы Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық – техникалық колледжінің электрик мамандығы бойынша оқуға түстім. Мен оқуға түскен кезде филология болған жоқ. Сөйтіп, 2017 жылы оқып жүрген оқу орнында армандаған филология ашылды. Ол кезде 1 курсты бітіріп, 2 курсқа көшу керекпін. Алайда, қазақ тілі мен қазақ әдебиетіне деген сағынышым басым болып, ойланбастан қайтадан 1 курс студенті атанып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығына түстім. Солай көзді ашып-жұмғанша әдеби өмірім басталып кетті.  2017 жылдан бастап халықаралық, республикалық, облыстық, қалалық жарыстарға қатысып, бағымды сынап келемін. Шүкір, осы күнге дейін байқаулардан орын алмай немесе сағым сынып ұтылып қайтқан емеспін. Өзім әдебиетке жақын жүретін, кітап оқығанды жақсы көретін адамдардың бірімін.

Әдебиетке деген құштарлығыңыз қашан оянды?

- Мұқтар Әуезовтің керемет сөзі бар: «Алдыңғы жас қандай болса, артынғы жас сондай  болады» деген. Шынымды айтайын, мектепте бір білім қуып, оқу оқып жарысқан емеспін. Әйтеуір ел қатарлы білім алдым. Ол кезде әдебиетке деген қызығушылығым да оянбаған. Менің ағам әкемнің туған інісі қазақ әдебиетіне жақын жан. Өлеңге, сөз саптауына аса мән береді. Сол кісінің жолын қуғым келді. Өзі домбырадан сабақ береді. Өзім де 7 жыл домбыраға қатысып, музыкалық диплом алғанмын. Одан кейін сол ағамның жолын қуып әдебиетке түсіп, қазір енді солардың табанын басып келе жатырмын. Жалпы, біздің әулетте барлығы мұғалім.

Онда сіз де ата жолын жалғап, келешекте қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі болуды армандайсыз ба?

- Ұстаз болуды армандаймын әрине. Алайда қазір біздің елде, мемлекетімізде басқа бағыттарды дамыту керек қой. Мәселен, ғылым. Осы жақты да қарастыру керек секілді. Бір білетінім әдебиеттен алыстамайтыным анық. Әдебиеттің қазанында қайнаймын ғой, бұйыртса (езу тартып жауап берді).

«Абай тағылымы – адамзаттық тағылым» атты республикалық әдістемелік-шығармашылық фестивалі жайлы қалай естідіңіз?

- Иә, бұл фестивальға қатысуым өзі бір қызық оқиға болды. Биылғы жыл негізі Абай жылының қорытынды жылы. Ұлы ақынның 175 жылдығына орай ауқымды іс-шаралар өтуде. Келер жылы тұғырлы Тәуелсіздігіміздің жылы болмақ. Абай атамыздың шығармалары әлбетте жүректе мәңгі болары хақ. Енді бұл фестивальді маған колледжімізде қазақ бөлімінің меңгерушісі Күнеділова Ақмарал Дәріғұлқызы ұсынған. Фестиваль деген үйреншікті жарыс емес, оған ат үсті қарауға болмайтындықтан біраз қорқақтадық. Әйтеуір, қолымызды қайта серпімей, білекті сыбанып, іске кірісіп, жарысқа қатыстық. Жарыс 3 номинациядан тұрды. Бұл:«Абай - дана, Абай - дара қазақта» атты жас ақындар мүшәйрасы, «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы...» саундтрек байқауы, «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе!» атты Абай оқулары. Маған Абай оқуларына қатыс деген. Алайда республикалық деңгей болғандықтан менен де көп өлең жаттаған азаматтардың болатынына сенімді едім. Жан-жақты жүргендіктен қоржынымда жаттаған өлеңдер аз еді. Сөйтіп, ойлана келе бағымды «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы...» саундтрек байқауынан сынап көргім келді.

Байқауға дайындық барысы қалай өтті? Қиын болған сәттер болды ма?

- «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы...» саундтрек байқауын бастапқы кезде түсінбедік. Мысалы, саундтрек деген  видео-монтажбенен, бейнебаянменен ақынның өмірін, өлеңін әспеттеп, екеуінің арасынан бір туынды шығару. 1-2 минуттық тизер немесе фильмдердің трейлері секілді. Оған енді уақыт болған жоқ. Әйтеуір, бір күнде жасап, түсіріп жібердім. Менде бір бірінші орын алайын-ау, орынға ілігейін-ау деген мақсат та, ондай арман да болған жоқ. Содан енді «бақ шабады ма, бап шабады ма» дейді ғой, Менің бағым емес бабым шауып кеткен секілді осы жерде (жымиды).

Осындай фестивальге бірінші рет қатыстыңыз ба?

- Қашықтықтан өткен фестивальге бірінші рет қатысуым. ZOOM платформасы арқылы бір 6 сағаттай отырдық. Фестиваль ғалымдардың алғы сөздерімен ашылды. 14 облыстан 150-ге жуық жас қатысты. Ең қызығы екі номинацияда 3-орын үшеу, 2-орын екеу, 1-орын біреу болды. Тек біздің номинацияда ғана бір-бірден келді. Сондай-ақ, байқауда ешқандай шектеу болған жоқ. Яғни оған әдебиетті сүйетін кез келген жан қатыса алатын. Мәселен, бір номинацияда бас жүлдені медакадемияның баласы алды. Қорытынды нәтижесін айта бастағанда, ең алдымен үшінші орын алған қатысушыны айтты. Онда менің есімім аталмағандықтан, орын алмаған шығармын деп ойладым. Ұялы телефоным қызып кетсе де, аяғына дейін көрейін деп шештім. Шыны керек, ойладым, маған орын жоқ деп. Сөйтіп бірінші орын кімге бұйырады екен деп күтіп отырғанда өзіміз 1-орынды қанжығамызға байлап, мәз-мейрам болдық. Бұл менің осы колледжда қалдырған таңбам шығар. Олай деу себебім, 2020 жылы колледж аккредитациядан өткеннен кейін, атауына «жоғары» деген қосылды. Биыл Абай Құнанбаев атындағы Саран жоғары гуманитарлық – техникалық колледжіне республикалық деңгейде бірінші болып бас жүлде алып келдім. Өзім үшін бұл да бір есте қаларлықтай тарихи сәттердің бірі.

Бәрекелді! Енді осы кезде сізге жеңіс сыйлаған бейнежазба жайлы білгіміз кеп тұр.

- Осы түсірген видеоны «көргіміз келеді» деп көбісі сұрайды. Жалпы, мен қатысқан байқауға шамамен 60-қа жуық қатысушы қатысқан шығар. Видеоны түсіруге бар жоғы бір 10 минуттай уақыт кетті. Дайындыққа осыншалық күн кетті деп айта алмаймын. Әр нәрсеге ыңғайлы уақыт болады емес пе? Міне, осы жерде де сондай бір сәт болды. Үйдің бұрышын қараңғылатып, бір-екі жерден жарық қосып, 10 секундтық видео істеп шықтым. Өзім ойлаймын, менің бір ұтымды жағым  - толық қара киім кигенімде. Қара тақия, қара жейде, қара тәспі. Осы арқылы сол кездегі қазақтың қараңғылын көрсеткім келді. Абай бабамыз: «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім, мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма» демекші, сол кездегі қара жаяу, қара табан мал бағып жүрген, білім-ғылымнан әлдеқайда ада халықты көрсетіп, ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы көрінісін алдым. Қолыма шам ұстап, дана Абайдың «Қалың елім қазағым, қайран жұртым» деген өлеңін оқыдым. Шам ұстаған себебім, Мұқағали Мақатаевтың бір сөзі бар: «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» деген. Яғни, қара қоғамға Абай сәуле боп тұр. Алыстан қол былғап тұрған жарық секілді. Осыны көрсеткім келді. Сондай-ақ, артқы фонда халықтың түр-сипаты көрсетілді.

Негізі, осындай саундтрек байқауының бағалау өлшемдері қандай болды? Өзге номинациялардан ерек екен.

 Иә, қазіргі жастар Абайды оқығысы келмейді. Аталмыш байқау жаңалық енгізу секілді. Дәстүрлі өлең, шығарма жарыстарынан қарағанда ерекше. Енді бағалау өлшемдеріне: таңдап алынған шығарманың өзіндік ерекшелігі, сөйлеу мәнері мен анықтығы, яғни, логикалық екпін, дауыс ырғағы, тембр, оқылымның эмоционалдық-экспрессивтік бояуы  кіреді. Сонымен қатар, мәтіннің бейнелік жүйесі мен мазмұндық құрылымын терең сезіну, байқау жұмысы мазмұнының байқау бағыттарына сәйкестігі, сюжеттік желіні құру қисыны, бейнематериалда ІТ-қолдану құзіреттілігі, дыбыс сапасы, грамматикалық, стилистикалық, орфографиялық сауаттылығы, бейнежазбаның креативтілігі де ескерілген. Қазылар алқасының қатаң қадағалауында, жіті назарында болды.

Ал, қазіргі таңда бағыңызды тағы бір мәрте сынап жүрген немесе қатысқыңыз келетін байқау бар ма?

- Жоқ, ондай байқау жоқ. Байқау болғанның өзінде оған дайындалу керек. Уақыт бөлу керек. 4 курс студенті болғандықтан қазір мүлдем уақытым болмай тұр. Байқауларға қарағанда ғылымға бет бұру керек секілді. Байқауларға қатыса берсек «байқаудың адамы» болып кетеміз. Онда ғылым жағы далада қалып қояды. Ендігі болатын жарыстарда көбіне бір жаңалық енгізетіндей, өзіме қызық болатындай ғылыми жарыстарға қатысқым келеді. Төрт жыл қатарынан халықаралық, республикалық, облыстық байқаулардан 1 - орын алып келе жатырмын. Дегенмен де, ақылың тоғысқан сайын сен Абайға жақындай түсесің. Абайдың шығармашылығын оқып, ғылымға бет бұрғым кеп жүр.

Олай болса,  Абайдың қандай қара сөзі жаныңызға жақын?

- Бірінші қара сөзі жаныма жақын. Көбінесе ғылым бағу, сопылық қылып дін бағу, мал бағу міне осының бәрі адамзаттың қолынан келеді. Алайда малды адам баласы өле-өлгенше бақпайды ғой. Малды адам баласы өзі қалағанша бағып алар. Ал сопылық қылып, дін бағуға тыныштық керек. Ғылым бағу үшін де адамзат ойлану керек. Себебі білген дүниеңді кімге айтасың, білмеген дүниеңді кімнен сұрайсың? Қазаққа осы жетпей тұр. Мәселен, ғылым қуғымыз келеді. Әлемдік аренаға шыққымыз келеді. Алайда дұрыс бағытты кім бере алады? Біреулерге үлгі боларлықтай тұлға болсақ деген ниет қой біздікі.

Абайдың шығармашылығына қай уақыттан бері қызыға бастадыңыз?

- Қызығушылық бірден болмады. Абайдың шығармашылығымен алғаш рет мектепте таныстым. Менің осы қалыптасуыма – Саран жоғары гуманитарлық – техникалық колледжінің септігі мол. Оқу орнының қабырғасы киелі ме білмеймін, бәрімізді бір-бір тұлға етіп шығарды. 2017 жылы Абайдың шығармаларымен толық таныса бастадым. Тоғыз жыл өткеннен кейін Абайды танығаныма өкінемін. Егер мен Абайды 5 жасымда танығанда онда қазір басқаша деңгейде болатын едім.

Абайдың философиялық мұрасына көзқарасыңыз қандай?

- Абайдың кез келген философиясын алсақ та оны бөліп-жарып айта алмаймыз. Абайдың өзі – философ. Әл-Фарабитанушы Ақжан әл-Машани «Әл-Фараби музыкант, біз оны философ дейміз, Абай философ, оны ақын дейміз» деген қағидалық тұжырымы бар. Бір-екі ғана мысал келтірейінші, еңгезердей бір жігіттер болады. Болмайтын дүниенің арасында жүріп, ойын қуып кетеді. Істеп жүрген тірлігіне қарап,  «Орынсыз күлкі, бос ыржаң, аздырар адам баласын», «жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат», - деген секілді Абай айтқан сөздер еріксіз есімізге түседі. Одан кейін дастарқан басында айтылатын өсек жайлы. Сол кезде де бірдеңе айтайын десең айта алмайсың, сонда тағы Абай еске түседі:  «Бір көрмекке тәп-тәтті, қазаны мен қалбаңы, дөң айналмай ант атты, бүксіп, бықсып әр жағы».  Кейде осы Абайдың өзі сабырға шықарады. «Күшік асырап ит еттім, ол балтырымды қанатты, біреуге мылтық үйреттім, ол мерген болды, мені атты», - деп бірден тәубаға түсіреді. Кез келген жағдаятты сырттай болсын қарап отырсақ, Абайдың дана сөздері дәлме-дәл келіп тұрады. Өзім Абайдың шығармасына қызықандықтан көбіне қара сөздеріне көңіл бөлемін. Абайдың өзі бір қара сөзінде: «бұл қазақ тыныштықты көксейді, бірақ сол тыныштық келе қалған кезде іші пысып байбалам шығаратын не әдеті бар?», - дейді. Не болмаса «ат алысып, ат берісіп жүрген ағайынның арасына біреу түсіп, бір жұмыс түсе қалса соның астына түсіп өле жаздайды». Міне, Абайдың өзі болмағанмен, артынан өшпейтұғын, өлмейтұғын мұра қалдырып отыр.

Абай туралы оқыған, білген қандай тың дерек білесіз?

- Біз Абайды Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы»  роман-эпопеясынан, ақынның өлеңдері мен қара сөздерінен танимыз. Осы жерде Мұхтар Әуезовтің шеберлігіне тоқталғым кеп тұр. «Абай жолының» 1-бөлімінде бала Абай медреседен үйіне қайтып келгенде әкесі Құнанбаймен амандасар кезде жүгіріп барып анасы Ұлжанға барған. Сол кезде анасы көздің қырымен «әкеңе барып, сәлем бер» дейді. Сол кезде бала Абай әкесімен ересек адамдар секілді сөйлескен. Шын өмірде солай болды ма, әлде болмады ма оны біз білмейміз. Бұл барлығы көркемдік шығарма болып тұр. Алайда сол бөлімде маған бір ұнағаны Мұхтар Әуезов Абай арқылы сол қоғамның қаралығын да, даналығын да сипаттай білді. Тағы бір байқаған ерекшелігім, Абайдың отыз сегізінші қара сөзіне келгенде елдің көпшілігі тоқтап қалады. Түпкі ойды түсінбей, қиналады. Ал онда жазылған пайымды ұғу үшін ең алдымен Науаи, Физули, Сағдилерді оқу керекпіз. Яғни ежелгі дәуір әдебиетімен танысқаннан кейін ғана келесі отыз тоғызыншы қара сөзіне көше аламыз. Өзінің шығармасы арқылы адамды еңбекқорлыққа тәрбиелеген. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толады. Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті. Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» деген. Қазір оймен жарысатын заман. Ал, ой жетегінде Абай тұру керек.

Білуімше, биыл колледждің соңғы курсында оқып жүр екенсіз? Оқуды тәмамдаған соң қандай жоспарларыңыз бар?

- Оқуымды аяқтаған соң, Академик Е.А. Бөкетов атындағына Қарағанды мемлекеттік университетіне түскім келеді. Филология факультетіне, соның ішіндегі қазақ әдебиеті кафедрасына барсам деймін. Тек осымен тоқтамай, әрі қарай да білімімді шыңдаймын.

Курс жұмысында қандай тақырып таңдадыңыз?

- «Жаңартылған білім мазмұны бойынша қазақ әдебиеті пәнін оқытуда 5-9  сыныптар арасындағы өзекті проблемалар» тақырыбын қорғайтын боламын. Қазір оқыту жүйесіне аса мән беріп, ізденіс үстінде жүрмін.

Талай додалардың жеңімпазы ретінде сізді жақсы танимыз. Мүмкін біз білмейтін тағы бір өнеріңіз бар шығар?

- Жазушы жалпы сөз қадірін түсіну үшін поэзияны жан тәнімен түсіне білуі керек. Өлең жазбаған жазушы жоқ шығар. Сондай бір кезең болады. Кеңірдектің астынан өлең жолдары келетін кездер болады. Бірақ соңғы кездері прозаларға қызығып жүрмін. Шағын бір әңгімелерді жазамын. Жас болғандықтан шығар, өзімді жан-жақтан зерттеп жүрмін. Оқыған кітаптарымнан рухани азық алып, білімді толықтырумен келемін.

 Абайдың қанша өлеңін жатқа білесіз?

- Айтуға ұялып тұрмын, мен бір ел секілді 100-200 өлеңін жатқа білмеймін. Шығармасымен таныс болғанымен, шамамен 50-60 өлеңін жатқа білетін шығармын. Мүмкін мектеп кезден бастап жаттағанда қазір басқаша болар ма еді? Алайда әлі де кеш емес. Әлі де жаттау керек.

Қанша марапаттарыңыз бар?

- Мен өзім марапаттарымды жинамаймын. Барлығы бірінен соң бірін тізіп жинап жатса, менде ондай жоқ екен. 3-4 жыл қатарынан Абай оқуларынан бас жүлдеге ие болып келемін. Республикалық көлемде толеранттық жас ғылыми-тәжірибелік байқаудан бас жүлдеге иелендім. Биыл Қарағанды облысына қарасты Саран қалалық мешітінде облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының тапсырмасымен ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Махаббатпен жаратқан адамзатты, сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті» атты жыр мүшәйрасында 1-орын алдым. Сондай-ақ, Қазыбек бидің оқулары, Әл-Фараби, Сәкеннің шығармаларынан да қалыс қалмадым. Айта берсем көп екен (езу тартты).

Бір жылда қанша кітап оқисыз?

- Ғылыми мақалаларды, прозаларды санамағанда, 76 кітап оқыппын.

Соңғы оқыған кітабыңыз?

- Қазіргі таңда «Абай жолын» екінші рет, қайта оқып жүрмін. Төлен Әбдіктің және Оралхан Бөкейдің таңдамалы прозалық шығармаларын да оқимын.

Сұқбатыңызға рақмет, армандаған барлық мақсаттарыңыз орындалып, келешекте білім, ғылым жолында үлкен жетістіктерге жете беріңіз.

Сұқбаттасқан

Шапағат Қосшығұлов

Индира Ултанова