Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

Бүкіл әлемнің тынысын тарылтып, өкпесін қабындырған биылғы жылдың да жал-құйрығы күзелетін кезге келдік. Ел де, елге тұтқа азаматтар да үлкен сынақтан өтті. Жаһанды жүрісінен жаңылдырған індет кезінде мемлекет нақты қандай әрекет жасады? Президент қандай шешімдер қабылдады? Осындай күрделі, қиын-қыстау кезеңде атқарылған жұмыстардың жай-жапсары, ауқымы жайында Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәлимен сұхбаттасқан едік.

– Берік Уәлиұлы, биыл адамзат баласы ең қатерлі індетпен күрес­кен қауіпті жыл ретінде тарихта қала­йын деп тұр. Коронавирус жекелеген адам­дардың тұрмыс-тіршілігі тү­гілі, тұтас мемлекеттердің дамуына кері әсер етіп, әлемді саяси және эко­номикалық дағдарысқа әкеп тіреді. Президент пандемияға қарсы күресте қандай бағыттарға басымдық берді?

– Расында, бұл жыл тұтас адамзатты ты­ғы­рыққа тіреген, жер-жаһанды бір та­ры­ның қауызына сыйдырып жібер­гендей әбігерге түсірген, өте бір ауыр жыл болды. Адамзат көзге көрін­бейтін «жаумен» алысып, майдан даласында онымен қалай күресерін білмей, біраз абдырады. Сондықтан 2020 жыл әлемнің бір бөлшегі Қазақстан үшін де оңай болған жоқ. Дегенмен дертпен күресте біздің мемлекет те ұтымды шешім қабылдай алды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы коронавирус індетінің өршіп, тез таралуына бай­­ланысты халыққа Үндеу жариялап, елі­­мізде 30 күндік төтенше жағдай ен­гі­зіп, алғашқы толқынның алдын ал­ғаны сөзімізге дәлел бола алады. Мем­­лекет басшысы індеттің салдары ауыр бо­ла­тынын, онымен қатаң тәртіп арқылы кү­рес­песе болмайтынын ал­ғашқы­лар­дың бірі болып айтып, соған сәйкес тиіс­ті шаралар қабылдады. Солай­ша, дер кезінде қатаң карантин жа­риял­а­нып, сақтық шараларын сақтау­дың арқа­сында эпидемияның белең алуы­на жол берілмеді.

Мемлекет басшысы өз жұмысында халықтың денсаулығын қорғау, эконо­ми­каның тұрақтылығы мен даму қар­қынын сақтау, білім беру салаларын басты назарда ұстады. Соған сәйкес маңызды шешімдер жедел қабылданып, оны жүзеге асыруды Үкімет пен әкім­дерге жүктеп, нәтижесін жіті қадағалап отыр­ды. Ең алдымен, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында шұғыл түрде жаңа модульдік жұқпалы аурулар ауруханалары, провизорлық ста­цио­нарлар салынды. 4,5 миллионнан ас­там адамға 42500 теңгеден қаржылай көмек көрсетілді. 1 миллионнан астам азаматқа азық-түлік пен тұрмыстық заттар үлестірілді. Аймақ әкімдері азық-түлік пен қызмет түрлерінің бағасын ба­қылау жұмыстарын белсенді жүргізді. Соның арқасында еліміздің азық-түлік қоры Қазақстан халқының қажеттілігін толық қамтамасыз ете алды.

Сонымен қатар халық тұрмысына тіке­лей әсер ететін коммуналдық төлем­дердің тарифі төмендетілді. Оны төлеу үшін аса мұқтаж жандар қосым­ша көмек алды. 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп, қазақстандық бизнеске несие беру көлемін азайтпау жөнінде шара­лар қабылдауға тапсырма берілді. Қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қара­жат бөлінді. Төтенше жағдай кезін­де екінші деңгейдегі банктер әлеу­­мет­тік-экономикалық ахуалдың тұрақ­тануына өз үлесін қосты деуге бола­ды. Ең алдымен, банктер кәсіп­кер­лерге және азаматтарға берген не­си­е­ні қайтару мерзімін 3 айға шегерді. Табысынан айырылған азаматтар үшін бұл үлкен көмек болды.

 

700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерлердің салық жүктемесі азайтылды. Сол арқылы олар 1 триллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүм­кіндік алды. Осы ретте 2020 жылы 492,5 мың педагогтің жалақысы 25 пайызға өскенін атап өткім келеді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбекақы тағы да 25 пайызға ұлғайтылмақ. Ал педагогикалық бағытта білім алып жатқан студенттердің стипендиясы 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін көбейді.

Денсаулық сақтау саласы бойын­ша дәрігерлердің еңбекақысын көтеру бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Эпиде­мияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерін ынталандыру және материалдық қолдау мақса­тын­да коронавирус жұқтыру қаупі­нің дәрежесіне қарай жалақылары­на үстемақы қосылды. Осы мақсат­та биыл 196,5 миллиард теңге бөлінді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен коронавирусқа қарсы QazCovid-in вакцинасы әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар дағдарысқа қарсы «Жұ­мыс­пен қамтудың Жол картасы» бағ­дарламасы іске қосылды. Оны жү­зе­­ге асыру үшін 1 триллион теңге бөлін­ді. Пандемияның ауыртпалығына қара­мас­тан, өндіріс көлемі 1,5 есе, ауыл шаруа­шы­лығының өнімділігі 2,5 есе, экспорт 2 есе ұлғайды. Осы ретте арнайы тоқ­та­лып кететін бір мәселе ретінде IT және туризм салаларына тартылған ірі көлем­дегі ин­вестицияны айта кету керек. Соның нә­ти­жесінде 300 мың жаңа жұмыс ор­ны ашыл­мақ. Жалпы Қазақстан Прези­денті­нің тапсырмасымен Төтенше жағдай жө­нін­дегі мемлекеттік комиссия 500-ге жуық маңызды шешімді жүзеге асырды.

Мемлекет басшысы биылғы жылды «Волонтер жылы» деп жариялағанын білесіздер. Пандемия кезінде волонтерлер еліміз үшін аса қажетті, пайдалы жұмыс атқарды. Осы ізгі іске тар­тылған волонтерлердің қатары 100 мың адамнан асты. Олар ешқандай қауіп-қатерге қарамай, дәрігерлерге, әскери қызметшілерге, қарапайым азаматтарға көмектесті. Birgemiz Фронт-офисі және волонтерлердің Qazvolunteer.kz он­­лайн-платформасы ашылды. Қайы­рым­дылық туралы заң дайындалып жат­­қанын айтуға тиіспіз. Сонымен қатар волонтерлік қызмет еңбек өтіліне қосылып, оқу орындарына түсерде басымдыққа ие болады. Волонтерлерге салықтық және басқа жеңілдіктер жасалады. Президент еріктілердің еңбегін нағыз ерлік деп бағалады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы пандемия­дан қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін 13 шілдені жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Осы күні Мем­лекет басшысы Ақорда рези­ден­ция­сының алдында коронавирустан қаза болған адамдарды еске алды. Мұны өліге құрмет, тіріге өнеге болған игі іс деп санаймын.

Қасым-Жомарт Кемелұлы каран­тин талаптарын қатаң сақтауды өзі­нен бастап, өзгелерге үлгі көрсетті. Ай­та­лық, Президент биылғы шетелдік және ел ішінде жоспарланған ресми және жұ­мыс сапарларын кейінге ше­герді. Мем­­лекеттік қызметшілер мен басқа да ла­уазымды тұлғалардың шетел­дерге ісса­пар­мен баруына тыйым са­лынды. Тек аза­мат­тарымыздың және мем­лекеті­міз­дің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағыт­талған сапарларға ғана рұқсат берілді.

Мемлекет басшысының тапсырма­сы бойынша бюджет қаражаты ха­лық­ты жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнесті қолдауға бағыттау үшін қайта қаралды. Атап айтқанда, жос­парланған барлық іс-шаралар онлайн форматқа көшірілді. Еліміз бойынша қашықтан оқу, қашықтан жұмыс істеу тәсілі енгізілді. Пандемия кезіндегі үнемделген қаражат экономиканың тұ­рақ­ты дамуын қамтамасыз етуге, дағ­да­рыстан зардап шеккен халықтың әл-ауқатын арттыруға және басқа игі істерге жұмсалды. Президенттің тапсырмасы бойынша пандемияның салдары мен экономикалық дағдарысты еңсеруге 5,9 триллион теңге көлемін­де қаржы бөлінді. Біз бұл арада Пре­зи­дент­тің пандемия кезіндегі жұмысының бір парасын ғана айтып өттік. Ең басты­сы, Мемлекет басшысы осынау қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге, жұрт­пен қатар талмай-тынбай еңбек етті.

– Пандемия халықаралық қаты­нас­тарды тежеуші факторға айнал­ды: көптеген маңызды іс-шара­лар кейінге қалдырылды немесе онлайн форматта өткізілді, екіжақ­ты байланыстардың белсенді­лігі бір­шама азайды. Әлемде халық­аралық және өңірлік ахуал шиеленісе түсті. Мемлекет басшысы сыртқы саяси аренада Қазақстанның ұлттық мүд­делерін қалай қорғады?

– Дұрыс айтасыз, коронавирус пандемиясы халықаралық қатынастардың даму үдерісіне салқынын тигізді. Есе­сіне онлайн саммиттер форматын қол­дану, телефон арқылы әңгімелесу тәжі­рибесін арттыру және жазбаша хаттар жолдау сияқты дипломатиялық жаңа стандарт кеңінен қолданылды. Жалпы, Президент жыл ішінде 9 халықаралық жиынға қатысып, телефон арқылы 30-дан астам елдің басшыларымен сөй­лесті. Шетелдің 15 елшісінен се­нім гра­мо­та­ларын қабылдады. Дәл осындай қиын-қыстау сәтте сыннан сү­рінбей өту үшін Қазақстан алыс-жа­қын шет мемлекет­термен ара­­дағы ын­ты­мақтастықтың жоға­ры қар­қынын сақтауға, оның ішінде, зама­науи қауіп-қатерлерді бірлесе шешуге ерекше көңіл аударды. Сондай-ақ осы дағдарыс кезеңі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір Қазақстан аза­ма­ты­­ның және бизнестің мүдделерін сырт­­­қы саясатпен үйлестіру туралы ұс­­та­­­ны­­­мын айқын көрсетті. Мәселен, Мем­ле­кет басшысы ақпан айында бекіт­кен Қазақ­стан Республикасының 2020-2030 жыл­дарға арналған сыртқы саясат тұжы­рым­дамасында отандық дипломатия қыз­метінің практикалық, ең алдымен, эко­но­микалық аспектілеріне баса мән берілді.

Әрине, Президенттің шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың бас­шыларымен жүргізген барлық келіс­сөздерінде пандемияның әртүрлі салдарына қарсы тұру үшін күш жұмылдыру­ға назар аударғаны баршаға аян. Пан­де­мия кезінде, ең алдымен, шет мемлекеттерде қалған азаматтарымызды елге аман-есен жеткізу жұмыстары қолға алынды. Шекаралардың жабылып, әуе қатынастары тоқтатылып жатқанда бұл алғашқы сәтті қадамдардың бірі болды. Шетелдік әріптестермен орнатылған тиімді ықпалдастықтың арқасында мың­даған азаматтарымыз отанымызға аман-сау оралды. Сонымен бірге Қазақ­станда қалған шетелдіктерге тиісті көмек көрсетілді. Осындай сын сағатта шет­елдік серіктес мемлекеттермен өзара ықпалдастықтың арқасында елі­мізге сырттан үлкен көлемде гумани­тар­лық көмек тартылып, кәсіби дәрі­герлер келді. Олардың ішінде Ресей, Қытай, Түркия, Қатар және т.б. дос­тас мемлекеттер бар. Қазақстан да халық­аралық қоғамдастықтың жауапты мү­ше­сі ретінде Қырғызстан, Тәжікстан, Ауған­стан, Қытай және Италия сияқты жақын көршілес және серіктес мемлекеттерге қол ұшын созды. Елімізге корона­вирусқа қарсы тиімді және қолжетімді вакциналар алу, жасау және өндіру саласында нақты жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда осы бағытта Ресеймен тығыз ықпалдастық орнатылды.

Президент өзінің сыртқы саясатқа қатысты жұмысында ашықтық, прагматизм және ымыраға келу секіл­ді тәсіл­дерді қолдану арқылы Қазақ­стан­ның ұлттық мүдделерін сенімді қор­ғайды. Бұл тәсілдің тиімділігі мамыр айын­да Өзбекстандағы Сардоба су қойма­сының бұзылуына байланысты төтенше жағдай кезінде анық көрінді. Екі елдің түсінісіп жұмыс істеуінің арқасында су тасқынының салдарын қысқа мерзімде жою мүмкін болды.

 

Тағы бір мәселеге назар аударғым келеді. Жоғары еуразиялық экономи­ка­лық кеңестің 19 мамырда өткен оты­ры­сы естеріңізде болар. Сол кезде «2025 жылға дейінгі Еуразиялық эконо­микалық интеграцияның стратегиялық даму бағыттары туралы» құжаттың жобасы ұсынылды. Қасым-Жомарт Кемел­ұлы аталған құжатқа ұлттық мүд­де­міз тұрғысынан қарап, оның кей­бір бөлімдерін қайта пысықтап, әлі де ширата түсу керек екенін айтты. Мем­лекет басшысы құжаттың Одаққа мүше елдер арасындағы экономикалық ын­ты­мақтастықты қамтуы керек екенін жет­кізді. Бұл тұрғыда Қазақстанның түбе­гейлі ұстанымы Одақты «саясаттандырмау» екенін атап өтті.

Мемлекет басшысының биылғы жұмыс кестесіндегі маңызды шараларға да тоқталып кетейік. Мысалы, Теңіз­ге шығатын жолы жоқ дамушы ел­дер тобының қазіргі төрағасы ретін­де Қазақстан Президенті мамыр айын­да БҰҰ-ның «COVID-19 дәуірін­де және одан кейінгі кезеңде дамуды қар­­жы­ландыру» атты жоғары дең­гей­­­дегі онлайн іс-шарасына қатыс­ты. Әлем­дік деңгейдегі тағы бір ма­ңыз­ды шара ретінде Мемлекет басшы­сы­ның қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамб­лея­сы­ның 75-ші мерейтойлық сессиясы­ның жұ­мысына қатысуын айтуға болады. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамб­леясы 75-сессиясының жалпы саяси дебаттарында сөйлеген сөзінде COVID-19 індеті салдарынан туындаған дағдарысқа қарсы қабыл­дануға тиісті шараларды атай келіп, Аурулар мен биологиялық қауіп­сіз­дікті бақылау жөніндегі өңірлік орта­лықтар желісін құру идеясын ұсын­ды. Осы ретте Қазақстан мұндай орта­лық­тың бірін өз аумағында ашуға дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар әлем­ді жаулаған жаһандық пандемияға бай­ланысты биологиялық қаруды бақы­лау жүйесін әзірлеу және іске қосу мә­­се­­ле­сінің өзектілігіне тоқталып, БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің алдында есеп бе­ре­тін арнайы көпжақты орган – Био­­логия­лық қауіпсіздік жөніндегі халық­ара­лық агенттік құру жөнінде ұсыныс жасады.

Шетелдік көшбасшылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформаларға оң бағасын беріп жатыр. Атап айтқанда, еліміздің Өлім жазасын жоюға бағытталған Аза­маттық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің екінші Факуль­тативтік хаттамасына қол қою туралы Мемлекет басшысының шешімі жоғары бағаланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың көшбасшылығымен ұлттық дипломатия елдің тәуелсіздігін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын, сыртқы саяси бағытының дербестігін сақтай отырып, өзгермелі құбылыстарға тез бейімделді. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы өзінің беделін Еуразия құрлығының геосаяси және геоэкономикалық жүйесінде және Орталық Азия өңіріндегі жетекші мемлекет ретінде нығайтты. Әрине COVID-19 індетінің қатал сынақтары қазақстандық дипломатияның алдына жаңа міндеттер қоюда. Тәуелсіз Қазақ­станның сыртқы саяси қызметінің не­гізін қалаушылардың бірі ретінде Мем­лекет басшысы дағдарыстан кейінгі жаңа әлемдегі ұлттық даму міндеттерін ескере отырып, еліміздің халықаралық деңгейдегі беделін нығайтуды көздейді.

– Өңірлердегі жағдай Мемлекет басшысының үнемі бақылауында. Биыл Қасым-Жомарт Кемелұлы бірқатар облысқа жұмыс сапарымен барды. Осы сапарлардың мәні мен маңызына тоқтала кетсеңіз.

– Әрине, Мемлекет басшысы еліміз­дің бүкіл өңіріндегі ахуалды жіті бақы­лап отырады. Қасым-Жомарт Кемелұлы ел мен жердің тағдырына, халықтың тыныс-тіршілігіне әрдайым баса мән беретінін өздеріңіз де білесіздер. Әр өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бірдей көңіл бөліп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шаралар қабылдайды, тиісті тапсырмалар береді. Биыл да ауыр жағдайға қарамастан 9 рет өңірлерге жұмыс сапарымен барды.

Президент облыстарға жұмыс сапарын жоспарлағанда өңірлердегі қалып­тасқан ахуалды өз көзімен көріп, індетке қарсы күресіп жатқан жұрт­шы­лықпен жүзбе-жүз кездесуді жөн көрді. Мемлекет басшысының өңір­ге арнайы жұмыс сапарымен келуі дағ­дарыс тауқыметін тартқан халыққа сенім беріп, еңселерінің түспеуіне ық­пал етті деп ойлаймын. Мысалы, жыл ба­сында Жамбыл облысына барды. Онда аймақтың тыныс-тіршілігімен таны­­сып қана қоймай, Қордай ауданын­дағы жалпыға белгілі оқиғадан кейін­гі ат­қарылған жұмыстардың бары­сын көрді. Ақмола облысына жұ­мыс са­пары кезін­де өңірдегі көктемгі егін егу жұ­мыс­тарымен, ауыл шаруа­шы­лы­ғын, оның ішінде егін және мал шаруа­шы­лы­ғын дамыту жоспарымен танысты. Түркістан облысына жасаған сапарында Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның Сардоба су қоймасының бұзылуынан зардап шеккен Мақтаарал ауданының ахуалы­мен, былтырғы Арыстағы жарылыс­тың салдарын қайта қалпына келтіру жұ­мыс­тарымен танысып, өз көзімен көр­ді. Бұған қоса, бүгінде қарқынды құ­рылыс алаңына айналған Түркістан қала­сындағы ат­қарылып жатқан жұ­мыс­­тарға куә болды. Одан кейін Мем­лекет басшысы жұмыс сапарымен, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыс­тарына барды. Бұл екі өңір елімізді ас­тықпен қамтамасыз ететін негізгі облыс­тар екені мәлім. Қазіргідей дағдарыс жағ­дайында ха­лық­ты азық-түлікпен қам­тамасыз ету – негізгі мәселелердің бірі. Соны­мен қатар ауылдағы жастарға жағ­дай жасап, оларды жұмыспен қамту да – өзекті міндет. Осындай мәселелерді ұдайы назарда ұстаған Мемлекет басшы­сы аймақтарға арнайы барып, егістік ал­қап­тарын аралап көрді. Ал Алматы қала­сына жұмыс сапарымен барғанда ін­детпен күресте алғы шепте жүрген дәрі­гер­лермен кездесті. Қаладағы ме­ди­ци­налық-демографиялық ахуал мен COVID-19 індетіне қарсы күресу үшін қабылданған шараларды көрді. Өн­діріс орындарын аралап, жасалған жұ­мыс­тарға оң бағасын берді. Биыл Әбу Насыр әл-Фараби, Абай Құнанбайұлы сын­ды біртуар тұлғаларымыздың мерей­тойлары ЮНЕСКО деңгейінде кеңі­нен аталып өтті. Пандемия салдары­нан жоспарланған іс-шаралардың дені онлайн режімде өткізілді. Деген­мен Мем­лекет басшысы хакім Абай­дың 175 жыл­дық мерейтойына ар­налған Семейдегі жиынға арнайы барып, ұлы ақынның рухына тағзым етті. Сонымен бірге Абай мен оның ұл­дарына арналған «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» атты ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысып, «Жидебай-Бөрілі» мемориалдық кешенінде болды. Абай­танушы ғалымдармен кездесіп, келе­лі кеңес құрды. Сондай-ақ Абайдың кін­­дік қаны тамған киелі мекендегі атқа­рыл­ған игі жұмыстармен танысты. Қара­ша айын­да Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барып, жаңадан са­лынған 1200 орындық мектеп-гимназияны және бірқатар спорт нысандарын аралап көр­ді. Мемлекет басшысының бірқатар облысқа жұмыс сапарымен баруы өңір­ді әлеуметтік-экономикалық тұрғы­дан да­мытуға, пандемия салдарымен күре­суге және халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған жұмыстардың жүйелі орындалуына зор ықпал етті деуге болады.

Бұрынғы қалыпты өмір кезінде Мем­­лекет басшысы Үкімет мүшелерін жос­парға сәйкес қабылдап, атқарған жұмыс­тары­ның есебін алатын болса, биыл олар­ды жиі қабылдап, сәт сайын тапсыр­ма беріп, жасалған жұмыстардың нәти­же­сін бақылады. Жалпы, Президент өзі жүк­теген міндеттердің орындалуын бақы­лау мақсатында жыл ішінде Үкі­мет мү­ше­лерімен, мемлекеттік орган­дар­­дың, өңірлердің және басқа әртүрлі ұйым­­дар­дың басшыларымен 200-ден аса кездесу өткізді.

Осы жақында Президент Ақордаға барлық әкімді жинап, кеңес өткізіп, аймақтардың әлеуметтік-экономикалық ахуалына баға беріп, халықты жұмыс­пен қамтуға, дағдарыс кезінде елдің тұрмыс жағдайын қалыпты ұстап тұруға қатысты нақты тапсырмалар берді.

– Мемлекет басшысы ақпараттық кеңістікті үнемі бақылауда ұс­тайды. Әлеу­­меттік желілердегі парақ­­ша­лары­­на көңіл бөледі. Біз Прези­дент­тің твит арқылы министрлерге, әкім­дер­ге тапсырма беретінін білеміз. Осы тап­сыр­малар қаншалықты орындалады?

– Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлауалды бағдарламасында да, 2019 жылғы Жолдауында да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдамасы туралы айтты. Жал­пы, Мем­лекет басшысының бұл тұжы­рым­да­масын қалың жұртшылық жақсы қабыл­дады. Осы ретте Президент әлеу­меттік желі арқылы еліміздің бү­кіл өңірінде болып жатқан түрлі оқи­ға­ларға, түйткілдерге дер кезінде үн қатып, тиісті тапсырма береді. Әсі­ресе әлеуметтік желілер арқылы елдің тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырады. Яғни бұл – Президенттің қоғамдағы болып жатқан әр проблеманы естіп, біліп, көріп отырғанының бел­гісі. Мұндай жұмыс стилі уақыт үнем­деу тұрғысынан өте тиімді екенін көр­сетті. Себебі берілген тапсырма­лар дер кезінде назарға алынып, тиісті шешімін табады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желі арқылы тапсырма беруді қолайлы санайды. Осы жылы Президенттің твиттер парақ­ша­сында жалпы саны 630-дан астам твиті, инстаграмда 30 жазбасы жарияланды. Айталық, Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Ақмола облысындағы «Көбейтұз» көліне келтірілген зиянды әрекеттерге алаңдаушылық білдіріп, тиісті министрліктерге тапсырма берді. Соның нәтижесінде көрікті жер­дегі келең­сіз әрекет тоқтатылды. Бүгін­де эко­ло­гиялық ағарту жұмыстары жүр­­гі­зілу­де. Президент бірқатар депутат­тар мен патриот азаматтардың Мем­лекет­­тік рәміздерді, әсіресе Туды күн­делік­ті өмірде кеңінен қолдану туралы ұсыны­сына назар аударып, Үкімет­ке қолда­ныс­тағы заңнамаларға өз­геріс енгізуді тапсырды. Соның нәти­же­сін­де, Туды қоғамдық, көпшілік орын­дарда, үйлердің балконына ілуге рұқ­сат берілген Үкімет қаулысы шық­ты. Президенттің тікелей араласуымен Маңғыстау облысындағы Боз­жыра қорығы аумағында салынатын қонақүйдің құрылысы қайта қара­лады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Алматы қаласы Төле би кө­ше­сінде­гі ағаш­тардың оталғанына қатыс­ты жағдай­­ға назар аударып, қала әкіміне қызмет­тік тексеру жүр­гізіп, кінәлілерді жауап­кер­шілікке тартуды тапсырды. Жыл ішін­дегі осындай жұмыстарды көптеп кел­тіре беруге болады. Дегенмен мұның бәрі елдің көз алдында өтіп жатқан­нан кейін бар­лығын бірдей тізіп шығу міндет емес шығар деп ойлаймын.

Осы арада Президенттің akorda.kz сайтындағы Виртуалды қабыл­дауына да жұртшылықтан көп­теген талап-тілек­тер, әртүрлі өтініш хат­тар келетінін айта кеткен жөн. Бүгінге дейін азаматтардан 19 мың 500-ге жуық өтініш келіп түсті. Оның еш­қай­сысы назардан тыс қалмайды.

Қорыта айтқанда, жалпы осы кезең­дегі орындалған тапсырмаларды саралай отырып, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасы өз деңгейінде жүзеге асырылып жатыр деп айтуға толық негізі бар.

– Иә, Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдасын жариялағалы мемлекеттік органдар ашық болуға, елдің алдына көбірек шығуға тырысып жатыр деуге болады. Олар азаматтардың өтініштеріне жылдам жауап беріп, БАҚ пен әлеуметтік желілерде тығыз байланыс орнатып жатыр. Президенттің баспасөз қызметі осы Тұжырымдаманы іске асыруда қандай рөл атқарады?

– Мемлекет басшысының аталған тұжырымдамасынан кейін мемлекеттік органдардың басшылары әлеуметтік желілерде ресми аккаунттарын ашып, кейбірі жеке байланыс телефондарын жариялау арқылы халықпен жедел кері байланыс орнатуға көңіл бөле бастады. Мұны халыққа қызмет көрсетудің, жұртшылықпен байланыс орнатудың озық үлгілерінің бірі деуге болады. Бұл атқарушы билік өкілдерінің халықпен қарым-қатынасы айтарлықтай ілгері­ле­генін көрсетеді. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру тұжырымдамасы аясында билік өкіл­дерінің халықпен кездесулері артып, азамат­тарды жеке мәселелері бойынша қабылдау оңтайлана түсті. Осы ретте, Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғам қайраткерлерімен және ғалымдармен 23 кездесу өткізді. Мемлекет басшы­сы­ның бастамасымен құрылған Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесі аталған тұ­жы­рым­даманың іске асырылуына, қоғам­мен диалог орнатуға зор үлес қосып келеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде білім беру және денсаулық сақтау мәселелері, сондай-ақ, саяси жаңғырудың негізгі бағыттары талқыланды. «Бейбіт жиындар туралы» жаңа заң қабылданып, «Саяси партиялар туралы», «Сайлау туралы» заңдарға өзгертулер енгізілді. Ұлттық кеңестің бастамасымен тоғыз заң қабылданды. Тағы жеті заң жобасы қаралып жатыр.

Сонымен қатар осы жылы Прези­денттің 3 мақаласы, отандық және шет­елдік бұқаралық ақпарат құрал­дарына берген 7 сұхбаты жарияланды.

Президенттің баспасөз қызметі бар­лық мемлекеттік және жергілікті ат­қарушы органдардағы баспасөз қыз­меті­мен тығыз жұмыс істейді. Бас­пасөз қыз­меті осылайша Тұжы­рым­­дама ғана емес, Президент баста­ма­ларының, оның берген барлық тап­сыр­маларының, өзі атап көрсеткен түйткілді мәселелердің бұр­маланбай, елге түсінікті әрі дер кезін­де жетуін қамтамасыз етеді. Осы ретте әлеуметтік желі арқылы жұртшы­лықтың ой-пікірлерін, ұсыныстарын, талап-тілектерін саралап отырады.

Баспасөз қызметі Президенттің айт­қан келелі ойларын, тұжырымдарын, қанатты сөздерінен видеоүзінділер мен модульдер жасап, жұртшылыққа таратып отыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының апталық жұмысының қорытындысы бойынша бейнероликтер дайындалып, таратылуда.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан Президенті қызметіне кіріскенде ха­лыққа «Сабақтастық, Әділдік, Өрлеу» деген басты үш ұстанымды негізге алатынын айтты. Осыған орай биылғы нау­рызда Қазақстан Республикасы Прези­дентінің баспасөз қызметі Мем­лекет басшысының 1 жылдық жұмы­сы­ның қорытындысы ретінде «Сабақтас­тық. Әділдік. Өрлеу» деген атпен 4 том­дық жинақ шығарды. Бұл Мем­ле­кет басшысының бір жылда атқар­ған жұ­мысын бір жерге жинақтап, бола­шаққа аманаттау ниетінен туған игі іс деп ойлаймын. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса береді.

Сөз орайы келгенде айта кетейін, биыл akorda.kz сайтында Мемле­кет бас­шысының қызметі бойынша 442 ақ­па­р­ат­­тық хабарлама, Президенттің түр­лі жиындарда сөйлеген сөздері мен үн­деу­лерінен 25 ақпарат және Қазақстан хал­қы­на арналған 1 Жолдауы жариялан­ды. Осындай ақпараттың алаңына, жаңа­лық­тың жаршысына айналған akorda.kz сайты алдағы жылдан бастап жаңа­рып, заманға лайықталып, жаңа дизайнмен шығатынын айтқан да абзал шығар.

– Жылдың соңында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші отырысы өтті. Бұл көптен бері ғалымдардың да, жалпы зия­лы қауым­ның да күткен саяси шешімі еді. Комиссияға артылған жүк белгілі, ал нәтижесі қандай болуы керек?

– Иә, бұл қазақ халқы үшін көптен күт­кен ақжолтай жаңалық болды. Себебі елімізде нәубет зардабын тарт­паған отбасы жоқ. Өзіңіз айтқандай, ғалымдар да, зиялы қауым өкілдері де аталған мәселені көп уақыттан бері көтеріп келеді. Сондықтан Президенттің бұл шешімін бүкіл халық зор қуа­нышпен қабыл алды деп ойлаймын.

 

ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы қуғын-сүргін, ашаршылық зобалаңы ел тарихында қасіретті кезең болғаны баршаға белгілі. Ғалымдарымыз қазақ даласында 300-ден астам ұлт-азат­тық көтерілісінің болғанын айтады. Халқымыз бастан кешкен бұл тау­қы­метті жылдар ақтаңдақтар кезеңі деп аталып кетті. Сондықтан тарихи әділ­дікті қалпына келтіріп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекет басшысы биылғы 30 мамырда үндеу жариялады. Президент сол үндеуінде «Жазықсыз жапа шек­кендерді толық ақтау баршамыздың пер­зенттік борышымыз» деп атап өтіп, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде бүгінге дейін жүр­гізіл­ген жұмыстарды соңына дейін жет­кізуді тапсырды. Соның нәти­жесінде Президент Жарлығымен арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, 3 жел­­тоқсанда оның алғашқы отырысы өткі­зілді. Мемлекеттік комиссия құра­мында Қазақ­стан Республикасының Президенті Әкім­шілігі мен Үкіметінің өкілдері, Қазақ­стан Республикасының Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мүд­делі мемлекеттік ұйым­дардың басшыла­ры, қоғамдық ұйым­дардың өкілдері мен елі­міз­дің ғалым­дары бар. Мемлекеттік хатшы Қырым­бек Көшербаев төрағалық ететін Комиссияға 49 азамат мүше боп кірді.

Мемлекеттік комиссияның басты міндеті – кеңестік кезеңдегі сая­си қу­ғын-сүргін құрбандарының бар­лық санат­тарына қатысты тарихи әді­лет­тілік­ті толық қалпына келтіру. Келер жылы Қазақстанның Тәуелсіздік алға­нына 30 жыл толады. Осы айтулы мереке қар­саңын­да Мемлекет бас­шы­сының тікелей бас­та­масымен Қазақ­стан­ның еркіндігі, тәуел­сіздігі және аумақ­тық тұтастығы үшін күрес­кен, сол үшін құрбан болған, зардап шек­кен тұлғаларды мемлекеттік деңгей­де ақтаудың мәні зор деп ойлаймыз. Комис­сия қуғын-сүргін кезеңіне қатысты материалдарды жан-жақты әрі кешенді зерттеп, жазықсыз құрбан болған азаматтарды заңды және саяси тұрғыдан толық ақтайды деп сенеміз.

– Әңгімеңізге рахмет.



Әңгімелескен

Жолдыбай БАЗАР,

«Egemen Qazaqstan»