Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

24 МАУСЫМ КҮНІ  САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК АРХИВІ МЕН ҚАЛАЛЫҚ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ОРТАЛЫҒЫ БІРІГІП  «ІС ҚАҒАЗДАРЫН МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ЖҮРГІЗУ ЖӘНЕ ВЕДОМСТВОЛЫҚ АРХИВТЕРДІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ» ТАҚЫРЫБЫНДА ОНЛАЙН СЕМИНАР ӨТКІЗДІ.

ZOOM платформасы арқылы қашықтықтан өткен семинарға коммуналдық мемлекеттік мекемелердің аудармашылары, архив қызметкерлері және мекемелер мен ұйымдардың іс жүргізушілері қатысты.

-        Біз жылда қаладағы мемлекеттік архивпен бірге осындай семинарлар ұйымдастырып отырамыз. Осы жолғы семинарымыздың бір өзгешелігі әдеттегідей іс жүргізушілердің емес, көбінесе аудармашылардың кәсіби біліктіліктерін жетілдіруге бағытталуында,- деді қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Береке Жарылғапова.

Мұрағатқа жауаптылардың және аудармашылардың біліктіліктерін арттыру мақсатында ұйымдастырылған семинарда қалалық архивтің жоғарғы санатты архившісі Ардақ Уалибекова ведомстволық  архивтерде  құжаттардың  сақталуын  қамтамасыз  ету және архив қоймасында  құжаттарды сақталуын   ұйымдастыру  туралы  ақпарат берді, істерді мұрағатқа тапсыруға дайындау жолдары бейнеролик арқылы көрсетілді. Тілдерді дамыту орталығының директоры Береке Жарылғапова аударма жасауда кездесетін стильдік қателіктер туралы айтып, тұрақты тіркестерді аудару жолдарын нақты мысалдармен түсіндірді.

Семинар соңында қалалық тілдерді дамыту орталығының директоры Береке Жарылғапова  шара барысында аталған мәселелерді қорытындылау үшін қатысушылар арасында «Kahoot» бағдарламасы арқылы ойын ұйымдастырды. Ойыншылар ең алдымен қазақ тілінде ұсынылған тұрақты тіркестерді орыс тіліне аударса, кейіннен керісінше орыс тілінен мемлекеттік тілге аударды. Соңында   жылдам, әрі дұрыс аударма жасаған үштік анықталып, қатысушылар өзара пікір алмасты. Архив қызметкерлері алдағы уақытта электронды архив қалыптастырылатыны, бұл жұмысты жүргізу үшін әдістемелік көмек көрсетілетіні туралы мәлімдеді.

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА