САРАН ШАҺАРЫ МЕН АҚТАС КЕНТІНДЕ СЕГІЗ ҚЫРЛЫ – БІР СЫРЛЫ, ӨНЕГЕЛІ ЖАНҰЯЛАР БАРШЫЛЫҚ. ОЛАРДЫҢ БІРІ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ДӘРІПТЕСЕ, ЕНДІ БІРІ ЖАНҰЯСЫМЕН ӘНГЕ, БИГЕ, ӨНЕРГЕ ЖАҚЫН БОЛАДЫ. КЕЙБІРЛЕРІ САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫН НАСИХАТТАП, СПОРТПЕН ӘУЕСТЕНЕДІ. БҰЛ ОТБАСЫЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫ ДА ҚАРАПАЙЫМ ЖАНДАР, ҚАЛАНЫҢ ЖАҢАШЫРЛАРЫ, ЕЛІМІЗДІҢ ПАТРИОТТАРЫ. ОСЫНДАЙ БЕРЕЛІ, КӨПКЕ ҮЛГІ БОЛАРЛЫҚТАЙ ЖАНҰЯЛАР ӨТЕ КӨП. СОЛАРДЫҢ БІРІ – 2019 ЖЫЛЫ «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУҒА ҚАТЫСҚАН ГУРЕЕВТЕР ЖАНҰЯСЫ.
Гуреевтер жанұясы әртүрлі конкурстар мен жарыстардан бақтарын сынаған. Алайда осы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқаудың арқасында бірінші рет отбасылық жарысқа қатысуға ниет білдіріп, 1-орынға ие болды.
Отбасының асқар таудай тірегі Алексей Васиевич Қарағанды қаласының қалалық коммуналдық шаруашылығында қызмет істейді. Ал отбасы ұйытқысы болып отырған Жанар Сәлімжанқызы «Газoil» компаниясында жұмыс жасайды. Ерлі-зайыптылардың отау құрып, бір шаңырақ астында өмір сүргеніне биыл 30 жыл болмақ. Бүгінде олар екі баланың ардақты ата-анасы атанып отыр.
Гуреевтер жанұясында барлық отбасы мүшелері спортпен шұғылданады. Бұл бағытта олар бір емес бірнеше жетістіктерге қол жеткізген.
- Біз жанұямызбен бірге спортты жақсы көреміз. Әрдайым салауатты өмір салтын қолдаймыз. Ұлымыз Әділ велоспорттан спорт шеберіне үміткер және Қарағанды облысының чемпионы, қызымыз Альмира бізде Қарағанды облысының қола жүлдегері, ал өткен аптада каратэ-додан ұйымдастырылған республикалық жарыста екінші орынға ие болды. Өзім әуесқой шаңғышымын, жолдасым – велосипедші.
Жақсы жанұя бақыттың Отаны. Ерлі-зайыптылардың жарастығы бақыт ағашы болса, балалары оның жемісі болып келеді. Бүгінде бақытты отбасының кілті – бірлік пен татулықта. Өнегелі отбасының перзенттері жақсы тәрбие алып, қоғамға өз үлестерін қосуда. Ұлдары Әділ Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенті болса, қыздары Альмира № 6 жалпы білім беретін мектепте білім алуда.
Альмира - алғаш рет сахнаға 4 жасында шыққан. Осы күнге дейін көптеген сұлулық байқауларының, билердің, жалпы білім беретін, халықаралық форумдардың және т. б. жүлдегері және лауреаты. 2015 жылы «LITTLE MISS RUSSIA 2015» номинациясының жеңімпазы атанған. Ресей мен Қазақстанның моделі. Сурет салғанды, домбырада ойнағанды ұнатады. Әрі хореографиямен де айналысады.
Үйдің отанасы Жанар Сәлімжанқызының айтуы бойынша, отбасындағы құндылықтарды сақтап қалу үшін ең алдымен ата-ана өзінің баласына үлгі көрсете білуі тиіс. Егер ата-анасы әрдайым жинақы жүрсе, істеріне мығым болса, онда балалар да олардан үлгі алатын болады.
- Жолдасым екеуміз бақытты ата-анамыз. Бала тәрбиесіне келгенде ешқандай қиындықтар болмады. Бір-бірімізді өте жақсы түсінеміз. Әрине керек кезде бағыт-бағдар беріп, ақылымызды, кеңесімізді айтып отырамыз, - деді Жанар Сәлімжанқызы.
Әр отбасының өзінің салты мен жанұяда қалыптасқан дәстүрі болады. Гуреевтер жанұясы ұрпақтан ұрпаққа келе жатқан барлық әдеп-ғұрыптарды, салт-дәстүрлерді сақтайды. Оларда әр 22 наурыз – ұлыстың ұлы күнінде ақ дастарқан жайып, ұлық мерекені ата-әжелерімен бірге қарсы алу игі дәстүрге айналған.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА