Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ӘЛЕМДЕ КӨНЕ ЗАМАННАН БҮГІНГЕ ДЕЙІНГІ ТАРИХЫ БАР МЕМЛЕКЕТТЕР БАР. СОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА ӘЛЕМДІК ӨРКЕНИЕТ ПЕН ТАРИХТЫҢ БІР БӨЛІГІН ҚҰРАЙТЫН ҚАЗАҚ ЕЛІНІҢ ДЕ ТАРИХЫ БАР ЕКЕНДІГІ АНЫҚ.Өкінішке орай, қазақ халқы бірнеше ғасыр отар ел болды. Ұлттық тарихы мен санасы тұмшаланды. Алдымен Патшалық Ресей империясы және одан кейін Кеңес Одағы кезінде әдейлеп тарихы бұрмаланды. Жазылуы керек және айтылуы қажет мәселелер айтылмады. Тіпті, тыйым салды. Халықты санасыздандыру бағытында астыртын жұмыстар атқарылды. Бір ғана мысал ретінде тарихшы Е. Бекмаханов және оның зерттеулерін алып қарасақ та жеткілікті. Кеңестік кезеңде бір қазақ тарихшысы мен оның еңбегінде тұрған не бар еді? Отаршыл билік өкілдері халықтың ұлттық санасының оянуына жол бермеді. Талантты тарихшыны түрмеге жапты, тұқыртты және қудалады. Бұл сол заманда ұлтқа жасалған қиянат еді.

Өткен аптада Қарағанды облысының конфессияаралық қарым-қатынастар проблемаларын зерттеу және талдау орталығының инстаграм желісіндегі әлеуметтік парақшасында аталған тақырып төңірегінде әңгіме өрбіткен онлайн шара болып өткен-тін. Онда Қарағанды техникалық университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, мәдениеттану ғылымдарының магистрі және әлеуметтану ғылымдарының докторанты Жарқын Түсіпбеков «Тарихи сананы жаңғыртудағы мемлекеттік бағдарламалар» тақырыбын тілге тиек етті. Айта кетелік, тікелей эфир ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған жайы бар.

Халқымыз тарихта қаншама қиянат көріп, ұлт азаттық жолында қаншама қаһарман тұлғалар күресті. Халқымыздың бағына қарай тарих сахнасындағы Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан Республикасы 1991 жылы тәуелсіздігін жариялап, егеменді ел атанды. Тәуелсіз еліміздің тарихын жаңаша жазу, тарихи сана қалыптастыру тұжырымдамасын дайындау сияқты күрделі мәселелер күн тәртібіне қойылған болатын. Онлайн шараның спикері Жарқын Амантайұлы тікелей эфир барысында осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар туралы парақша оқырмандарына егжей-тегжейлі талдап берді.

Иә, 1995 жылы ҚР Президенттің тапсырысымен Президент жанындағы мемелекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңестің «Қазақстанда тарихи сананы қалыптастыру тұжырымдамасы қабылданды. Мұнда тарихтың, әсіресе, қоғам дамуының өтпелі кезеңдерінің ерекше маңызы көрсетілген, тарихи білімнің негізгі басымдықтары, тарих ғылымының проблемалары, тарихи білім беру мен ағарту ісінің келешегі белгіленген болатын.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жарлығымен үш жыл қатарынан тарихи танымға айрықша назар аударылды. Олар: 1997 жылы – Қоғамдық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу; 1998 жыл – «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», 1999 жыл – «Ұрпақтар бірлігі мен сабақтастығы» еді. Ұлттық тарихқа стратегиялық тұрғыдағы өзінің көзқарасын Елбасы 1999 жылы шыққан «Тарих толқынында» кітабында баян етіп берді.

Іс-шараның шымылдығын Қарағанды техникалық университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Жарқын Амантайұлы «Мәдени мұра» бағдарламасымен түрді.

2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Н.Ә. Назарбаев бұрын-соңды болып көрмеген «Мәдени мұра» бағдарламасын қабылдау керектігін жариялады. Бағдарлама жүзеге асырылған 2004-2011 жылдар аралығында – Қазақстанның тарихы мен этнографиясы бойынша арнаулы зерттеу жүргізілді. Дегенмен, мұның бәрі – тарихи жады мен тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы ауқымды жұмыстар атқарылды.

Мемлекеттің ұлттық тарихты жаңғырту мен зерделеу мақсатында қабылдаған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы ауқымы орасан зор жұмыстар тындырды. «Мәдени мұра» бағдарламасының мақсаты жазба деректерді жинау және жариялау болып табылады. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы екі кезеңді, бірінші кезеңі 2004-2006 жылдарды қамтыса, екінші кезеңі 2009-2011 жылдарды қамтыды», - деді ол.

2014 жылдың 17 қаңтарында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезекті халыққа жолдауында: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат — Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол — «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті»,- деген болатын.

Бұл орайда елең еткізген жаңалық — тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы. Бұл — Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым. Келесі кезекте Жарқын Түсіпбеков әңгіме барысын «Мәңгілік ел» жалпыұлыттық идеясы төңірегінде өрбітті.

Ұлт Көшбасшысы, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мәні аса зор еңбегінің жас ұрпаққа берер үлгі-өнегесі өлшеусіз. Ұлттық сананы жаңғырту жолында рухани сілкініс туғызған еңбектің тарихи тағылымы ұшан-теңіз. Келесі кезекте Жарқын Амантайұлы әңгіме төркінін осы бағытқа қарай бағыттады.

«Тәуелсіздік тарихына аздаған шегініс жасасақ, қоғамдық санадағы өзгерістерге куә боламыз. Елбасының һәм саяси биліктің бұқара халықпен қарым-қатынасында соңғы кезде бір жарасымды дәстүр өмірге еніп келе жатыр. Бұл, әсіресе, елдің рухани өміріне үлкен ықпал етуде. Мысалы, қазір дәстүрлі түрде тағдырлы, тұжырымдамалық мәселелер қарастырылған белгілі бір мақала немесе арнайы құжат халықтың назарына ұсынылуда.

«Ұлттық бірегейлікті сақтау». Алғаш рет бұл сөз тіркесі Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрініс тапты. Онда былай деп атап көрсетілген: «ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту». Біздің пайымдауымызша, бүгінгі қоғамның дамуындағы негізгі идеология­лық діңгек дәл осы қағидаттың негізінде қабылданып, өрбісе, қоғамдық сананы жаңғырту мақсаты өз нәтижесін берері анық.

Бүгінгі күні ресми айналымға «Ұлттық бірегейлік» аталатын жаңа түсінік  келіп қосылды. Н. Назарбаевтың қазақстандықтардың санасын жаңғыртудың алты бағытының ішінде үшіншісі етіп осы «ұлттық бірегейлікті сақтау» мәселесін алғаны, оның салмағының қаншалықты маңыздылығынан хабар берсе керек. Негізгі міндет – рухани бірегейлікті, ұлттық құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді сақтап қалу және оны жаңғырту.

Рухани жаңғырудың бастау бұлағы  «Мәдени мұра» (2004), «Халық – тарих толқынында» (2013) бағдарламалары аясында басталды. Елбасының тарихи жадыны жаңғырту үшін айтылған осы ойларының әрбір түйіні кейінгі ұрпаққа сабақ боларлық даналық мектебі. Құлдық қасіреттің, бодандық қамыттың не екенін білмейтін жас ұрпақ өсіп келеді. Алайда бұл ұрпақ өткен тарих тағылымынан ғибрат алып, ғасырлар бойы күрестің жемісімен келген жеңісті баянды ету жолында болатын қиындықты жеңіп, мәңгілік ел болуды мақсат етіп отырғанда ғана халық арманы шын мәнінде жүзеге асады», - дейді мәдениеттану ғылымдарының магистрі және әлеуметтану ғылымдарының докторанты Жарқын Түсіпбеков.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек» – деген тұжырым жасаған. Міне, осыған орай, 2013 жылы Мемелекеттік хатшы М. Тәжиннің баяндамасында айтылғандай, Президенттің тапсырысымен «Тарих толқынындағы халық» бағдарламасы жүзеге асырылды. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ретінде Қазақстанның тарих ғылымының алдыңғы қатарлы әдіснама мен әдістеме арқауында сапалы секірісті жүзеге асыруына жағдай жасауды, қазақтардың ұлттық тарихының көкжиегін нығайту, ұлттық жаңа дүниетанымын қалыптастыруды, Қазақстанның жаңа тарихының жиырма жылының мәнін пайымдауды айтуға болады.

2018 жылы 21 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Онда Тарихи сананы жаңғырту мәселесі де көтерілді. Елбасы: «Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты», - деп атап өтті», - деді Жарқын Амантайұлы.

2021 жылы 5 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты мақаласы жарияланды.

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын мақалада ел Президенті егемендіктіктің 30 жылдығына қорытынды жасап, болашаққа бағдарды айқындап берді. Осы аталған мақалада «Таным мен тағылым» мәселесі көтерілген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінінің және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек. Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нәубеттерді бастан өткерді. Осының бәрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс», - деп қорытындылады тікелей эфирді  Жарқын Амантайұлы.

Түйін. Ұлттық сананы қалыптастырудың ең негізгі жолы – тарихи білім. Ол жүйелі түрде мектептерде, ЖОО-да іске асады. Сондықтан тарих пәнін оқытудың маңыздылығын түсінудің маңызы ерекше. Жоғары оқу орындарының Қазақстан тарихын оқытуда тарихшылар жастардың ұлттық намысын тәрбиелеуге, ата-баба рухы деген қасиетті сөздерді жоғалтпауға тәрбиелейді.

Кезінде Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы: «Тарихын жоғалтқан ел, қайда тұрып, қайда бара жатқанын білмейді. Соңында жоғалуға ыңғайлы тұрады», - деген пікірін айтқан. Сондықтан, ұлттық тарихымызды әлі де зерттеп, зерделей түсуіміз керек.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ