Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЖАЗ БОЙЫ ҚАЛАНЫ КӨРКЕЙТУ-КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСЫНА АТСАЛЫСАТЫН «ЖАСЫЛ ЕЛ» ЖАСТАР ЖАСАҒЫНА ЖАҢА «ЖАСЫЛ ЕЛ» ФОРМАЛАРЫ ТАБЫС ЕТІЛДІ. «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асырудың арқасында Қазақстан жастары еліміздің барлық өңірлерін абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына қатыса алады. Табиғатқа қамқорлығын көрсетіп, өзге де қатарластарына қоршаған ортаны таза ұстауға үлгі болмақ. Бұл бағдарлама жазғы маусым кезінде студент пен жастарды жұмыспен қамтуға үлес қосып келеді. Саран қаласында 2016 жылдан бастап «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының жауынгерлерін өз қатарына қосу бойынша жұмыстар жүзеге асырылуда. Олардың қатарындағы студенттер, оқушылар барлығы бірге абаттандыру мен көгалдандыруға, саябақтарды, алаңдарды тазалау жұмыстарына белсене қатысады. 

Биылғы жылы «Жасыл ел» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша  қалалық жастар ресурстық орталығы «Сәуір-11» және «Sary-Arka Consulting» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен тығыз жұмыс істеуде.

Маусым айында 16-29 жас аралығындағы 19 жас жұмысқа орналасты. Бүгінгі таңда «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша «Сәуір-11» және «Sary-Arka Consulting» серіктестіктердің кәсіпорындарына жастар арасынан 34 адам жұмысқа орналастырылды. Қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы Сәнді Мұстафинаның айтуы бойынша, NEET санатындағы жастар «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасуға өтініш білдірген жоқ.

- «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының жауынгерлері жеке қорғаныс құралдарымен: маскалармен, қолғаптармен қамтамасыз етілген. Саран қаласының көшелері мен гүлзарларында жұмыстар жүргізілуде. Саран қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бойынша маусымдық жұмысқа рұқсат бар. Осы бағыт бойынша жұмыс жалғасуда, әрдайым тұрақты бақылауда, - дейді Сәнді Мұстафина.

Еңбек жасақтарының еңбекақысы шамамен 65-70 мың теңге көлемінде. Бұл жұмыссыз жүрген жастар үшін қомақты қаражат. «Жасыл елдің» екінші кезеңі шілде айында басталды. Жауынгерлер үшін жұмыс уақыты Еңбек кодексіне сәйкес белгіленген. 18 жасқа дейінгі жастар үшін аптасына 36 сағаттан аспаса, 18 жастан асқан жауынгерлер үшін жұмыс уақытының ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспайды. Тұла бойлары жігерге толы жастар  таңғы 8-ден бастап  15:00-ге дейін ғана жұмыс істейді. Түскі үзіліс 12:00-ден 13:00-ге дейін.

Маусым айында 19 жауынгерге  жаңа «Жасыл ел» форалары: күртеше, шалбар, футболка, кепка, сөмке, қолғап табысталды.  Шілде айында 15 жасты жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр. Олардың барлығына да жаңа формалар табысталмақ.

Жасылелділіктер қаланы көргейтуге тек атсалысып қана қоймайды, өздерінің еңбектерімен көпке үлгі болады. Жастардың айтуы бойынша, жұмыс барысы өте қызықты. Олардың қатарында екінші жыл қатарынан  жұмыс істеп жүрген жастарымыз да бар. Солардың бірі – Василий Мамыркин.

Василий  17 жаста. 2020 жылы «Жылдың ең үздік жауынгері» номинациясын жеңіп алды.

- Маған «Жасыл елде» еңбек еткен ұнайды. Жұмыс қиын емес. Биыл бізге жаңа форма берілді.  Формаға келетін болсақ, өте ыңғайлы, - деді Василий Мамыркин.

Жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елдімекен айналасын жасыл ағаштармен көркейту, сонымен қатар, жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту мақсатында қаншама студенттеріміз, жастарымыз бос уақыттарын тиімді өткізіп, еліне сүбелі үлестерін қосуда.   Бағдарлама аясында көптеген игі бастамалар өз жемісін беруде. Бүгінде өңірді көгалдандыру мен абаттандыруға өз үлесін қосып жүрген барлық жастарға сәттілік тілейміз.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА