ҚҰРБАН АЙТ – ОРАЗА АЙТТАН КЕЙІН 70 КҮН ӨТКЕН СОҢ КЕЛЕТІН МЕЙРАМ. ҚҰРБАН – АРАБ ТІЛІНДЕ «ЖАҚЫНДАУ» ДЕГЕНДІ БІЛДІРЕДІ, ЯҒНИ ЖАСАҒАН САУАП ІСТЕР АРҚЫЛЫ АЛЛАҒА ЖАҚЫНДАЙ ТҮСУ. АЛ ШАРИҒАТТАҒЫ ТЕРМИНДІК МАҒЫНАСЫ «ШАРТТАРЫМЕН САНАСА ОТЫРЫП ҚҰЛШЫЛЫҚ НИЕТІМЕН МАЛ БАУЫЗДА» ДЕГЕНГЕ КЕЛЕДІ. Қажылық өтеушілер Қағбаға жүзін қаратып, Арафатта жалбарынып, дұға оқиды. Дүйім мұсылман баласы пайғамбарлардың ісін қайта жаңғыртып, Алла жолында құрбандық шалу арқылы бір-бірін дінге беріктік танытуға шақырады.
Адам құрбандықты өз қолымен бауыздағаны абзал. Өйткені, бұл – құлшылық амал. Сондықтан құрбандық ғибадатын кісі өзі орындағаны жақсы. Ал мал бауыздай алмаған жағдайда қасапшының жанында тұрып, өз көзімен көргені дұрыс.
Құрбандық шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге бекемдігі, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пенденің пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады.
Бұл мейрам, шын мәнінде, ел-жұртты біріктіретін қасиетті мереке. Қайырымдылық пен қамқорлыққа, ынтымақ мен татулыққа үндейтіні аса маңызды. Бұл мереке ең əуелі айт намазын оқумен басталады. Əрбір мұсылман баласы айт күні таңертең мерекелік құлшылықты жасау үшін ғұсыл құйынып, әдемі киімін киіп, мешітке барады. Мерекелік намаздан соң жамағат бірін-бірі құттықтап, жақсылық тілеп, көтеріңкі көңіл-күйге бөленеді. Құрбан айтта жамағат тек мал союмен ғана шектелмейді. Ренжіскен адамдардың татуласқаны жөн. Ауырып жатқан адамдардың көңілін сұрап, арнайы кіріп шығу, жетім-жесір, мұң-мұқтаж адамдарға жанашырлық жасап, оларға да айттың қуанышын сездіру сауабы мол істерге жатады. Осылайша, береке мен бірлікті, қайырым мен қанағатты арттыратын Құрбан айт адамдардың жақындасуына, бірін-біріне ізгілік танытып, қайырымды болуына ықпал етеді.
Ұлық мейрам осымен екінші жыл қатарынан коронавирус пандемиясына тұспа-тұс келіп тұр. Былтыр індеттің өршуіне байланысты республика бойынша айт намазы оқылған жоқ, құрбандық тек онлайн тапсырыс арқылы шалынды.
Биыл да елдің басым бөлігінде карантиндік шектеулер сақталып отыр. Құрбандық шалу рәсімі санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, «қызыл» аймақта тек онлайн, ал «сары», «жасыл» аймақтарда онлайн және офлайн форматта өткізілді.
Мұсылманның басты мейрамы – Құрбан айт биыл да біраз өңірде Айт намазынсыз басталды. «Қызыл» аймаққа кіретін өңірлерде, оның ішінде елорда мен Алматы, Шымкент қалаларында Айт намазы оқылмады. Бұл тізімде Қарағанды облысы да бар.
Қалалық орталық мешіттің бас имамы Мұхамедқали қажы Сапарғалиұлы шаһардағы құрбандық шалынатын орынның жұмысымен танысып, қазіргі індетке байланысты санитарлық талаптар мен шариғат ережелерінің сақталуына өзі көз жеткізіп шықты.
Әрі тапсырыс арқылы сойылайын деп жатқан малға бата қылды:
- Жаратушы Раббым Алла тағала Құрбан айтты құтты, берекелі ет. Халқымыздың ниетін, тілегін, құрбандықтарын қабыл ет. Аллаһу әкбар!
Құрбан шалу кімге міндет?
Мұхамедқали қажы Сапарғалиұлы:
Əрбір жағдайы бар əрі жолаушы емес мұсылманға құрбандық шалу – уəжіп. Адам баласы құрбан шалу арқылы Жаратушының өзіне берген сансыз нығметтерінің шүкірін өтеп, күнәларына кешірім тілейді. Ал әл-ауқаты төмен адамдарға құрбан шалу міндет емес. Ниеті адал, пейілі шын болса, ол да сауап. Құрбандық етінің бір бөлігі ағайын-туыс пен көрші-қолаңға, екінші бөлігі тұрмысы төмен отбасылар, жетім-жесір мен мұқтаж жандарға таратылады, ал үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына тиесілі. Алланың разылығынан үміттенген жандар құрбандыққа соятын малды таңдауда өте мұқият болуы қажет. Ең алдымен, ықылас-ниет дұрыс болуы, одан кейін сойылатын мал жарамды болуы керек. Құрбандыққа тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық тоқты бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалған абзал.
Қасапшылар да құрбандық малын қалай шалу керектігі жөнінде арнайы курстан өткен. Мал сою алаңына Қарқаралы ауданынан 50 бас қой, Шет ауданынан 29 бас қой, Жаңаарқа ауданынан 22 бас қой, ал Саран қаласындағы шаруа қожалықтарынан 15 және 5 бас қой әкелінді. Құрбан айттың бірінші күнінде саудаға әкелінген 121 бас қойдан 53 бас қой құрбандыққа шалынды. Қазірдің өзінде мұнда әкелінген 121 бас қойдан 50-ге тарта қойдың еті таратылып жатыр. Мұндағы арнайы курстан өткен қасапшылар таңнан бері жұмысына қызу кіріскен.
Ал ет қалай таратылады және кімге жіберіледі?
Арғын Қаржауов:
- Қой сойылады, төртке бөлінеді, төрт пакетке салынады да, содан жетім-жесір, жағдайы жоқ адамдарға таратылып беріледі. Жамбас бір бөлек, қол еті бір бөлек, төртке солай бөлінеді.
Дегенмен мал сою алаңына өздерімен бірге қой әкеліп жатқандар да болды. Бірақ сол жерде сойдырып жатты. Ондағылардың айтуынша, биыл баға былтырғыдан өскен.
Себебі жем-шөп – бәрі қымбат. Өйткені олардың бағасы мұнайға байланысты. Жемі бар, шөбі бар, солярка, бензиннің шығынын есептеп келгенде, бәрінің құны соған байланысты болады. Тоқты, бір жастағылар 50 мыңнан 60-70 мың теңгеге дейін барады. Үлкен қойлар 65-тен жоғары қарай. 80 мың, 90 мың, сондай бағада сатылып жатыр деді саудагерлерлер.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Фото: Камила ОСПАНОВА