САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ ХАЛқын ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС КЕЗЕҢІНДЕ ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУ БОЙЫНША «ЖАЗҒЫ ДРАЙВ» ЖОБАСЫН СӘТТІ ІСКЕ АСЫРУДА. БҮГІНДЕ ЖОБАҒА 200-ГЕ ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСАДЫ. Жазғы драйв - жастарға өз қабілетін ашуға мол мүмкіндік беретін жоба. Оған тек 16 және одан жоғары жастағы жоғары сынып оқушылары мен жоғары оқу орындарының және колледждердің студенттері ғана қатыса алады. Жоба төрт бағыттан тұрады.
Алғашқы бағытына «Жастар арбаты» деген атау берілді. Онда жасөспірімдер мәдениет нысандарына жұмысқа жіберіледі. Жұмысты Саран қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырады. Бұл бағыт қала тұрғындары арасында мәдени - демалыс жұмыстарын ұйымдастыруға негізделген.
Жобаның «Спорт! Денсаулық! Демалыс!» атты екінші бағыты салауатты өмір салтын насихаттауға арналған. Онда Саран қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімімен тығыз жұмыс жасалады. Жобаға қатысушылар қала тұрғындары арасында спорттық-бұқаралық жұмыстарға атсалысады.
Сондай-ақ, «Жазғы драйв» жобасы арқылы жастар мемлекеттік мекемелерде де жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Оны «Жазғы офис» атты бағыты бойынша жүзеге асыруға болады.
Соңғы бағыты – шаһарды, қоршаған ортаны қорғауға арналған. Жастар саябақ аумағын, қалалық балалар алаңдарын абаттандыру және көгалдандыру бойынша іс-шаралар жүргізеді. Көрсетілетін жұмыстары Саран қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі ұйымдастырады.
- Бірінші үш бағыт бойынша жалақы мөлшері толық жұмыс айына 63750 теңгені құрайды. Ашық ауадағы дене еңбегіне негізделген төртінші бағыт бойынша жалақы мөлшері 106250 теңгені құрайды. Жалақыдан табыс салығын, зейнетақы аударымдарын және медициналық сақтандыруға аударымдарды ұстап қалу жүргізіледі,- деп Саран қаласының халқын жұмыспен қамту орталығының басшысы Кенжебала Тунгушбаева атап өтті.
ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай елімізде көптеген іс-шаралар өткізілуде. Олардың басым көпшілігі жастарға арналған. Себебі білімді жастар - ел болашағы. Осы тұста «Жазғы драйв» жобасы жастарға тәжірибе жинауға көмектесетін таптырмас мүмкіндіктердің бірі болып тұр.
Тағы бір түйткілді мәселелердің бірі - жас мамандар университетті немесе колледжді бітіргеннен кейін бірден жұмыс таба алмай жүріп қалуы. Әдетте жұмыс берушілер тәжірибесі бар кадрларға басымдық береді. Сол себепті, жастарды қолдау мақсатында елімізде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
2021 жылы Саран қаласының халқын жұмыспен қамту орталығы Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Қарағанды облысы бойынша бірінші болып «Алғашқы жұмыс орны» жобасын іске асыруға кірісті.
«Легенда KZ» ЖК құрылыс ұйымында жастарды жұмысқа орналастыру үшін 6 жұмыс орны құрылды. Кәсіпорында барлығы 11 адам жұмыс істейді. Онда жастар бір жағынан еңбек тәжірибесін жинаса, екіншіден ұжыммен еңбек етуге бейімделе түседі. Теориядан практикаға көшу арқылы, шыңдала түседі.
Саран қаласының халқын жұмыспен қамту орталығының басшысы Кенжебала Тунгушбаеваның айтуынша, атамыш жоба жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге сеп болады.
2022 жылы «Легенда KZ» ЖК базасында құрылыс мамандықтарының білікті кадрларын қысқа мерзімді курстық даярлау үшін оқу орталығын ашу жоспарланып отыр.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА