САРАН ҚАЛАСЫНЫҢ РТБ ШАҒЫН АУДАНЫ ЖАНДАНА ТҮСПЕК. КӨП ЖЫЛДАР БОЙЫ ҚАҢЫРАП ТҰРҒАН ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР, КӨШЕЛЕР ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛМЕК. ЖАҢА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕР БОЙ КӨТЕРЕДІ. САЯБАҚТАР МЕН ДЕМАЛЫС АЛАҢДАРҒА ЕКІНШІ ӨМІР СЫЙЛАНБАҚ.
Құрылыс ауданының аумағында қандай да бір белгілі объектіні салмас бұрын егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарын әзірлеу қажет. Оның өзі құрылысты дұрыс жобалау және жоспарлау үшін бас жоспарға сәйкес жасалады.
Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы берілген аумақты ұтымды пайдалануға және оған құрылыс объектілерін дұрыс орналастыруға мүмкіндік береді. Яғни осы құжат арқылы тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бойынша бірқатар тың істер атқарылады. Әлі салынбаған нысанның орналасуы, қай жерде немесе қай көшеде тұруы соның барлығы үтір-нүктесіне дейін қарастырылады.
Қазіргі таңда Саран қаласының РТБ шағын ауданына ерекше көңіл бөлінуде. Индустриялық аймақ құрылып жатқан шағын ауданның солтүстік өнеркәсіптік аймағына өзге де инвестициялық жобаларды тарту мақсатында егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленуде. Саран қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бақытбек Акпаровтың айтуы бойынша, шағын ауданның ажарын аша түсу үшін бүгінде қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
- Саран қаласының РТБ шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеудің негізгі мақсаты - жоспарлау құрылымының барлық элементтерін өзара байланыстыра отырып, халықтың тыныс-тіршілігіне қолайлы орта құру. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы: көп пәтерлі тұрғын үйлер құрылысын, үй жанындағы жер учаскесі бар жеке тұрғын үйлердің тұрғын аймағын, пәтерлік жер учаскесі бар блокталған тұрғын үйлердің тұрғын аймағын, қоғамдық-іскерлік және рекреациялық аймақтарды дамытуға бағытталған, - деді Саран қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Бақытбек Акпаров.
Аумақты алдын ала жоспарлау арқылы РТБ шағын ауданының сәулеттік келбеті қалыптаспақ. Тұрғын үйлердің құрылысын, қызмет көрсету мекемелері мен кәсіпорындарын, қоғамдық орталықты, көше желісін, жалпы халықтың тұруы үшін ең жақсы жағдай жасау мақсатында ұтымды орналастыруды қамтамасыз етеді.
РТБ шағын ауданының егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын әзірлеуге жергілікті бюджеттен 9 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Бүгінгі күні ЕТЖ жобасын әзірлеуге мердігер ұйымды анықтауға конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
2020 жылы Саран қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі РТБ аудандағы зерттелген әрбір үйге фотосуреттері бар актілерді ұсына отырып, үйлерді визуалды тексеру актілерін жасаған. Дәл сол жылы Саран қаласының Бас жоспарына өзгерістер де енгізілген болатын.
Дина ӘБДІҒАЛИЕВА