Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

2021 ЖЫЛҒЫ 24-26 ҚЫРКҮЙЕК АРАЛЫҒЫНДА ОҢТҮСТІК АСТАНА АЛМАТЫ ШАҺАРЫНДА 12-13 ЖАС АРАЛЫҒЫНДАҒЫ (U14), 14-15 ЖАСТАН жоғары (U16) ЖАСӨСПІРІМДЕР МЕН 16-17 ЖАС АРАЛЫҒЫНДАҒЫ (U18) КАДЕТТЕР АРАСЫНДА ДЖИУ-ДЖИТСУДАН ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЧЕМПИОНАТЫ ӨТТІ.

Аталған чемпионат 2021 жылғы 3-10 қараша күндері Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өтетін джиу-джитсудан JJIF Әлем чемпионатына іріктеу кезеңі болды. Айта кету керек, Біріккен Араб Әмірліктері пандемия кезінде  джиу-джитсудың JJIF барлық ірі континенталды шараларын үш жылға өткізуді өз мойнына алған болатын.

Екі күн бойы тартысты өткен чемпионаттың 900-ден астам қатысушыларының арасынан ҚР Ұлттық құрамасының құрамы анықталды.

Біздің спортшылар мұндай жарыстарда алғаш рет қатысып отырса да, нәтижелі жетістіктерге қол жеткізе алды. Саран қаласының құрама командасы «Неваза» бөлігінде, яғни, қоян-қолтық күрес пен партердегі күресте сәтті өнер көрсетуімен ерекшеленді.

Атап айтқанда, Ахмадов Абу Бакар – 1 орынды қанжығаласа, Аманбеков Али, Кадырова Амина, Леликова Мария өз салмақ дәрежелерінде жүлделі 3 орынды місе тұтты.

«Осы чемпионатқа арнайы джиу-джитсу қауымдастығының шақыруымен келіп отырмыз. «Арыстан» клубында спортшыларымыз барлық өткізілетін жекпе-жек жарыстарына қатысатын. Ал джиу-джитсу спорт түрімен айналысу, спортшыларды осы спорт түріне дайындау біздің клубымызда арнайы жарысқа шақыру алғаннан кейін басталды. Әрине бұл спорт түрін де «Арыстан» клубында әрі қарай дамытамыз, алдағы болатын ірі жарыстарға қатысуға дайындаламыз. Барлық ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін», - деп жаңалықтармен бөлісті «Арыстан» спорт клубының жетекшісі Берік Ермағамбетов.

Джиу-джитсу, шығыс халықтарының жекпе-жек спорт түрлерінің негізін қалаған жапондықтардың дәстүрлі, ұлттық күресі. Қазақстан Джиу-джитсу ұлттық федерациясы 1992 жылы 26 ақпанда құрылды. Қазіргі кезде Қазақстанда 100-ден астам джиу-джитсумен айналысу залдары бар, онда 15000-нан астам спортшылар шұғылдануда.

Республикалық чемпионат ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында спорт және дене шынықтыруды дамыту, дербес спорт түрі ретінде Қазақстан Республикасында джиу-джитсу және оның бағыттарын одан әрі жұртқа таныту және дамыту, жас буынды дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылдануға жаппай үйретіп, таратуға жәрдем беру, джиу-джитсу спортшыларының кәсіби шеберлігіне және төрешілердің біліктілігін жоғарылатуға бағытталды.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ