Бүгінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында біршама игі іс атқарылуда. Соның ішінде жас буынның білімділік сауаттылығын арттыру – бірінші орында тұр. «Кітап – білім қазынасы» дейтін болсақ, қазір кітапқұмар жастар азайып кетті. Саран қаласында Абай атындағы жалпы білім беретін мектеп кітапханасы заманауи құрылғылармен жабдықталып, онда коворкинг орталығы ашылды. Орталықты ашудағы басты мақсат -кітапхананы білімалушылар үшін зияткерлік демалыс орнына айналддырып, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру..
«Coworking» сөзі – бірге жұмыс жасау дегенді білдіреді. Еуропалық кітап оқу тәжірибесінен алынған кітап оқу алаңында білімалушылар жұмсақ дивандарға отырып, кітап оқиды, демалады, оқыған кітаптары бойынша өз ойларымен бөліседі, талдайды.
Кітапхана бірнеше алаңға бөлінген: білім, ғаламтор, кітап оқу. Білім алаңында керекті ақпараттарды таба алады, кітапхана қоры ғылыми-танымдық әдебиеттермен, анықтамалықтар, қазақ және әлем әдебиетінің көркем шығармаларымен толықтырылған. Білім алаңында білімалушылар ой-өрісін, қызығушылығын дамытуға арналған әдебиеттерді таба алады. Ғаламтор бөлімі компьютерлермен жабдықталып, ғаламтор желісіне қосылған. Ғаламтор бөлімінде әлем бойынша жаңалықтарды біліп, ой-өрісін кеңейтеді, ғылыми жобаларға, олимпиада, жарыстарға қажетті қосымша ақпаратты қолдануға толық мүмкіндік жасалған. Wi-Fi аймағы ұйымдастырылып электронды деректер қоры құрылуда.
Яғни, жастарға ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды таныту. Көркем әдебиетті оқыту арқылы құндылықтарымызды, тарихымызды дәріптеу. Жаңаша безендіріліп, өзгеше жабдықталған орталықтың білімалушылардың тұрақты ортасына айналарына сенім мол.
Г. Смаилова,
кітапхана менгерушісі