ҰСТАЗ ДА ДИҚАН ІСПЕТТЕС. ОЛ ӘРБІР ШӘКІРТТІҢ ЖҮРЕГІНЕ БІЛІМ НӘРІН СЕБЕДІ. ӘР ШӘКІРТІН ЖЕКЕ АЯЛАП, ТӘРБИЕЛЕП, ӨМІР АТТЫ ШЕКСІЗ ҒАЛАМҒА ТОПШЫСЫН ҚАТАЙТЫП ҰШЫРАДЫ. ДӘЛДЕП АЙТҚАНДА, АДАМДЫ ӨМІР СҮРЕ БІЛУГЕ ТӘРБИЕЛЕЙДІ.
Еліміздің болашағы жас ұрпақты тәрбиелеуде бірінші бесік - отбасы, ата-ана тәрбиесі болса, екінші бесік – балабақшада. Ал мектеп – білім нарымен сусындатады. Білім жолы – қиын да қасиетті жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады. Ал, осы білім жолына жетелейтін – ұстаз.
Ұстаз ұғымы – мағынасы кең, мәні терең тарихи ұғым. «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім - мектептің жүрегі» деген еді қазақ ұстаздарының атасы Ыбырай Алтынсарин. Уақыт көші қанша алға жылжығанымен, қай елде де ұрпақ тәрбиесі мен ұстаз біліктілігі қоғамның барометрі екенін байқаймыз.
Осындай ұлағатты ұстаздық жолға түсіп, шәкірттерін өмір мектебіне шыңдап жүргендер аз емес. Соның бірі де бірегейі – 28 жылдық тәжірибесі бар, білімі жоғары деңгейлі, біліктілігі жоғары санатты Әбікеева Рымгүл Қайыркенқызы.
Ұстаздар мерекесі қарсаңында Рымгүл Әбікеевамен әңгімелесудің орайы түскен болатын. Қазіргі уақытта Рымгүл Қайыркенқызы Саран қаласының Абай атындағы жалпы білім беретін мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасайды.
- Қазақтың бас ақыны Ұлы Хәкім Абай туылған өңірдің тумасы бала Рымгүлден дана Рымгүлге айналу жолына бір көз салсақ... Ұстаздық өмірге қалай келдіңіз??
- Иә, дұрыс айтасыз. Мен 1971 жылдың 25 сәуірінде Семей облысы, Бесқарағай ауданына қарасты Семеновка деген жерде дүниеге келдім. Сол жылы ата-анам осы Қарағанды облысына қарасты Егіндібұлақ ауданына көшіп келеді. Ол кезде Егіндібұлақ аудан болатын. Қазір Қарқаралы аудан атанды да, Егіндібұлақ ауылға айналды. Балалық шағым осы Егіндібұлақ ауылында өтті. Алғаш мектеп табалдырығын да 1979 жылы осы жерде аттаған болатынмын. «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» дегендей, 1988 жылы сол Егіндібұлақ ауылындағы мектепте соңына дейін оқып, бітіріп шықтым. Мектепті бітіргеннен кейін бірден жоғары оқуға түсе алмағандықтан, тура бір жыл уақыт сол мектеп қабырғасында жұмыс жасадым. Содан 1989 жылы мына Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетіндегі филфакқа «Орыс мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқуға түстім. Ол оқуымды абыроймен аяқтап біткеннен кейін, 1994 жылы осы Саран қаласындағы № 5 жалпы білім беретін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып алғаш еңбек жолымды бастадым. Кейін 5 мектеп жабылып қалады да, мен бірнеше жылдар мына РТБ-дағы № 3, кейін № 7 мектептерде өз мамандығым бойынша бірнеше жылдар еңбек еттім. Содан кейін қалалық білім бөлімінде біршама уақыт қазақ тілі мен әдебиеті әдіскері болып жұмыс жасадым. Ал осы Абай атындағы мектепте жұмыс жасап жатқаныма бүгінгі таңда шатаспасам 15-20 жылдай уақыт болып қалыпты.
- Мұғалімдік мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?
- Балалық шағымнан ұстаздарымды өнеге қылып, үлгі тұттым. Сондықтан да педагогика саласын таңдадым.
Атап айтатын болсам, ең бірінші себеп болған адам, ол бірінші сыныпта маған ең алғаш әліппе ұстатқан ұстазым - Нағима Әшкеева деген мұғалімім. Бала кезден сол кісіге қарап, қатты қызығатынмын. Ол кісі өзінің тектілігімен, білімімен, біліктілігімен, жұрыс-тұрысы, өз-өзін ұстауы, балаларға деген мейіріміділігімен, жайдары мінезімен, тіпті, тартымды сырт келбетімен маған қатты әсер еткен болар.
Одан кейін де, 5 сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін білімі мен біліктілігі жоғары ұстаздардың алдынан өттік. Солардың ішінде, сол Егіндібұлақ ауданындағы «Ленин туы» газетінің редакторы болған Кәрім Сауғабаев ағамызды, Маржан Иманғалиева, Салтанат Қабсаттарова апайларымызды ерекше атап өткім келеді. Міне, бала кезден осындай ұлағатты ұстаздардан білім алып, сол кісілердің тәлім-тәрбие мектебінен өткеннен кейін болар, ұстаздық жолды өмірлік мамандығым ретінде таңдадым.
– Педагогика саласында жеткен жетістіктеріңіз, арнайы марапаттарыңыз қандай?
Баршылық. Бірақ тап қазір сізге олардың қайсы-бірін атап айтып жатамын. Өзімнің жетістіктерім жетерлік. Бірақ, ұстаздың ең үлкен марапаты – оның шәкіртерінің ең биік шыңдардан көріне білуі емес пе?! Сондықтан осы тақырып жайында тілге тиек етсек дұрыс болар. Себебі әр ұстаздың біліктілігі мен білімі оның шәкірттерінің жеткен жетістіктерінен, бағындырған белестерінен көрініп тұрады емес пе. Ал менің шәкірттерімнің жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай.
Мәселен, менің шәкірттерім жыл сайынғы өткізіліп тұратын қалалық, облыстық дәстүрлі Абай, Міржақып оқуларының жеңімпаздары.
Атап айтқанда, Ақниет Айдынқызы есімді шәкіртім жалпы білім беру ұйымдарының 8-11 (12) сынып оқушылары арасында өткен ХХІ республикалық Абай оқуларының облыстық кезеңіне қатысып, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» номинациясы бойынша ІІ жүлделі орынға ие болды. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» номинациясы бойынша Аружан Хусманғазы есімді шакіртім ІІ жүлделі орынды иеленген болатын. 2020 жылдың 26 желтоқсанында Қарағанды облысы білім басқармасы, Қарағанды облысының білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 5-6 сынып оқушылары арасында өткен «Бір отбасы – бір кітап» акциясында Абай Құнанбайұлының аудармалары бойынша мәнерлеп оқу сайысына Құлжанбековтар отбасы қатысып, жүлделі ІІІ орынды иеленді.
Бұдан бөлек, облыстық «Жас қазақтар, қайдасыңдар?» атты М. Дулатұлының шығармашылығына арналған мәнерлеп оқу сайысына 9-сынып оқушысы Диана Болатова қатысып, 3-орын иеленді. 8 «Ә» сыныбының оқушысы Самиға Нарбай «Туған еліме мың алғыс» атты облыстық жас ақындар арасында өткен авторлық өлеңдер байқауына қатысып, 2-орынды қанжылаған болатын. Міне, айта берсе көп қой әрине, шәкірттерімнің жетістіктері.
– Карантин кезінде балалары үйден оқыған ата-аналар ұстаздың қадірін түйсінгендей. Педагог мәртебесі қаншалықты жоғарылады?
– Рас, карантин мұғалім еңбегінің елеулі екендігін ұқтырды. Бірақ бұл мұғалімнің беделін көтеретін жағдай емес. Індет елімізден кетіп, бұрынғы қалпымызға оралғанға не жетсін?!
Басқа елді білмеймін, бірақ біздің елде ұстаздарға деген құрмет ерекше деп ойлаймын. Өткен ғасырдағы Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаев айтып кеткендей «Алты алаштың басы қосылса, төр мұғалімдікі» дейді ғой. Мысалға, кейбір мемлекеттерде «Ұстаздар күні» деген мереке атымен жоқ. Ал бізде ұстаздар мерекесі жыл сайын атап өтіледі. Тіпті, кәзіргі пандемия жағдайында да ұстаздар ұлықталған күн назардан тыс қалмақ емес. Соның бір айғағы, мына сіз бенен біздің сұхбаттасуымыз деп ойлаймын. Мұның өзі осы еліміздегі мұғалім мәртебесіне көрсетіліп жатқан ерекше құрмет деп білемін.
- Ал егер қазіргі кездегі шәкіртің, ата-аналардың ұстазға деген құрметі жайында айтар болсақ?
Негізі орынды сұрақ. Егер бұрынғымен салыстырып айтатын болсақ, сәл басқашалау ма деп ойлаймын. Ол енді заман ағымына байланысты шығар. Десекте, ұстазға деген құрмет қазіргі уақытта мүлдем жоқ деп, бірден кесіп айта алмаймын.
– Ұстаз деген ұлы мамандықтың беделін түсірмеу үшін не істеуіміз керек?
- Әр ұстаз балалармен тығыз қарым-қатынас жасауы керек. Содан кейін, «Үштік одақ» құруымыз қажет деп ойлаймын. Яғни, мұғалім, оқушы, ата-ана. Ұрпаққа тәлім беруде, білім сапасын жақсарту жолында, мектеп, ата-ана және оқушы үштік одақ болып жұмыла белсенділік танытса, оң нәтижеге қол жеткізу аса қиынға соқпайды. Осы орайда мектеп және ата-ана байланысын жүйелі жолға қойып, екі жақтың көңілінен шығар жаңа жүйе енгізсек, ұстаз деген ұлы мамандықтың беделін сақтап қалар едік деп білемін.
- Өмірлік ұстанымыңыз?
- Оқу, оқу және оқу.
– Болашақ ұстаздарға айтар бір кеңесіңіз...
– Қазір көпшілік мамандық таңдауға материалдық қажеттілік тұрғысынан қарайтын болды. Мұғалімдік – мәңгілік мамандық, қысқарып қалу қаупі аз әрі соңғы кезде айлық еңбекақысы көбейіп келеді. Осы түсініктердің аясында ғана мұғалімдікті қаласаңыз, сіз бұл мамандықтың қиындықтарына төтеп бере алмайсыз. Себебі мұғалімдік мамандықты меңгеру үшін бойыңызда білгеніңізді үйрете алардай жан-жақты қабілет, ғылымды сүйген ғалымдардай табандылық, жаңа технологияларды меңгерердей үнемі ізденіс керек. Демек, қабілет, құштарлық, ең бастысы – еңбекқорлық.
Негізі осындай «болу керек» дегенді көбейтіп айтамыз ғой... Бастысы, жақсы мұғалім болудан бұрын, жақсы адам болыңызшы! Хосе Мартише айтсақ, «Ең қиын мамандық – адам боп қалу». Болды, басқасы реттеле береді...
– Сүбелі сұқбат үшін рақмет!
Әңгімелескен
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ