Ағымдағы жылдан бастап Саран қаласының аумағында коронавирустық инфекцияның 3177 жағдайы тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында – 412 жағдай орын алған. дегенмен бүгінгі таңда шаһардағы КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақтанып келеді. Бұл туралы Саран қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Евгений Ким әкім аппаратының инстаграм әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында өткен тікелей эфир барысында мәлімдеді.
- Симптомдары бар науқастардың 89% - ы және симптомсыз вирус тасымалдаушылардың 11% - ы анықталды.
Ауырған ересектер арасында 29,3% - жұмыс істейтін халық, 26,5% - зейнеткерлер, 11,9% - жұмыс істемейтіндер, сондай-ақ педагогтар 2,4%, студенттер 2,3% және медицина қызметкерлері 1,9% - ды құрап отыр. Балалар арасында 42% мектеп оқушылары, 10% мектепке дейінгі ұйымдарға баратын балалар, 10% студенттер және 38% ұйымдастырылмаған балалар, - дейді Евгений Илларионович.
Қарағанды облысының «қою қызыл» аймақтан «қызыл» аймаққа көшуіне байланысты Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 27 тамыздағы №31-Қ «Қарағанды облысындағы шектеу және карантиндік шаралар туралы» қаулысы және Қарағанды облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 8 қыркүйектегі № 32-Қ «Қарағанды облысындағы шектеу және карантиндік шаралар туралы» қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулысы шыққан болатын.
Евгений Ким тікелей эфир барысында аталмыш қаулыларға байланысты қабылданған шектеу шаралары туралы баяндап өтті.
Сонымен қатар ол: «Қазіргі уақытта Саран қаласы бойынша 581 жақын байланыста болған адам дәрігерлердің бақылауында және 180 науқас үйде емделуде. Осыған орай қала халқын өзін-өзі емдеумен айналыспауға, жоғары температура, тыныс алудың қиындауы, ентігу, әлсіздік сияқты симптомдар пайда болған кезде қысқа мерзімде хал-ахуалдың нашарлауына жол бермеуге шақырамыз. Ондай жағдайлар орын алғанда дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. Сонымен қатар, үй карантиніндегі (науқас адамдар, амбулаториялық жағдайда ем алатын және науқастармен жақын байланыста болатын) барлық адамдарға келесідей хабарлағым келеді, үй карантині талаптарын міндетті түрде сақтау қажет, атап айтқанда: үйден шықпау, үнемі медициналық маска кию, қолды сабынмен жуу, оларды антисептикпен өңдеу, бұлардың бәрі міндетті», - деді.
Дұрыс вакцинация (барлық ережелерге сәйкес) вирусқа жауап беру үшін иммундық жүйені дайындауға қабілетті. Сондықтан, инфекция жұқтырып жатқан болсаңыз да, ауру әлдеқайда жеңіл түрде өтеді, тіпті симптомсыз болуы да мүмкін.
Алайда, симптомсыз пациенттер инфекцияны тасымалдаушы болуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, айналаңыздағы екпеден өтпеген жандарды қорғау үшін Сіз вакцинациядан кейін де әлеуметтік-медициналық бақылауды жалғастырып, бетперде киюіңіз міндетті болып есептеледі. Вакцина алдым енді бетпердесіз де жүруге болады. Болды, бітті деген емес. Сіз екпе алсаңыз да маскамен жүруге міндеттісіз. Жоғарыда аталған барлық ұсыныстарды қатаң сақтау, сондай-ақ жаппай вакцинация жүргізу арқылы ғана біз пандемияны жеңетін боламыз дейді Саран қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Евгений Ким.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ