БІЗ ҚАЗАҚ ҚАРТТАРЫН ҚАДІРЛЕГЕН ХАЛЫҚПЫЗ. ҚАРТТАР КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫСЫ, ЖОҒАРЫ ДӘРЕЖЕЛІ ДӘРІГЕР, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ІСІНІҢ ҮЗДІГІ, БІРНЕШЕ ЖЫЛДАР БОЙЫ ҚАРАПАЙЫМ УЧАСКЕЛІК ДӘРІГЕР, ДӘРІГЕР ТЕРАПЕВТ БОЛЫП ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН, ӨМІРІНІҢ ТЕҢ ЖАРТЫСЫН МЕДИЦИНА САЛАСЫНА АРНАП, КҮНІ БҮГІНГЕ ДЕЙІН ОСЫ САЛАҒА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТІП КЕЛЕ ЖАТҚАН, АЛ ҚАЗІРГІ ТАҢДА САРАН ҚАЛАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ БОЛЫП ЖҰМЫС ЖАСАП ЖАТҚАН САТОВА КӘЛИМА ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫМЕН ӘҢГІМЕЛЕСКЕН ЕДІК.
Кәлима Құсайынқызы зейнетке шықса да, зейіні жұмыста. Адам жанына араша болып жүргеніне 43 жылдан асты. Жылдар бойы көз майын тауысқан білімі, тірнектеп жиған тәжірибесін бір сәтке де сарп еткісі келмейді. 67 жаста болғанымен, «шаршадым» деген әжені көрмедік. Әлі тың, қимылы ширақ.
Кәлима Сатова 1954 жылдың 10 қыркүйегінде Қарағанды облысына қарасты Киров ауданында дүниеге келген. Әкесі Құсайын аға бірнеше жылдар бойы Ақтас шахтасында халықтың тұрмыс қажетін өтеу және кадр мәселесі бойынша директордың орынбасары болып қызмет еткен. Оның үстіне Құсайын аға Ақтас кентінің гүлденуіне алғаш жол салушылардың бірі әрі бірегейі. Тіпті мына қазіргі Ақтас кентіндегі мәдени-сауық орталығының құрылысында да Құсайын ағаның қол ізі жатқандығын бірі білсе, бірі біле бермейді. Бұл турасында біз Кәлима апаймен сұхбат барысында ол кісінің өз аузынан естіп білген жайымыз бар.
Кәлима Құсайынқызының анасы қарапайым үй шаруасындағы әйел болса керек-ті. Бүкіл уақытын отбасы-ошаққасы мен балаларының тәрбиесіне арнаған. Нағыз қазақ әйелі болған десек, артық айтпаған болар едік.
Жақсы, әңгіме ауанын Кәлима апайдың өз жеке басына қайта бұрсақ. Орта арнайы білімді осы Ақтас кентіндегі № 16 мектепте алып шығады. Содан Кәлима Құсайынқызы 1972 жылы Қарағанды мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түсіп, аталған оқу орнын 1978 жылы тәмамдап шығады.
Оқуын аяқтай салысымен, Кәлима апай алған мамандығы бойынша қызмет етуге бірден білекті сыбана кірісе кетеді.
1978-1980 жылдар аралығында Ақтас кентіндегі № 2 қалалық ауруханада учаскелік терапевт-дәрігер болып жұмыс жасайды. Содан 1980-1981 жылдар аралығында бір жылдай «Ақтас» шахтасында цех дәрігері болады. Ал 1981 жылдан бастап 1987 жылдарға дейінгі уақыт аралығында 6 жыл бойы аумақтық учаскенің учаскелік терпаевт-дәрігері болады.
Сөйтіп жылдар өте келе, еткет еңбегінің жемісін көріп, лауазымы жоғарылайды. 1987-1988 жылдарда Саран қаласының қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Содан кейін 1988-1999 жылдар аралығында 10 жылдан астам уақыт Саран қалалық орталық ауруханасының бәс дәрігері болып қызмет етеді. Ал 1999 жылдан 2016 жылға дейінгі уақыт аралығында Кәлима Құсайынқызы «Саран қалалық орталық аураханасы» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры лауазымында 17 жыл қызмет атқарады.
Содан 2016 жылы зейнеткерлікке шыққаннан кейін, Саран қалалық орталық аураханасы директорының орынбасары болып бүгінгі таңға дейін еңбек етіп келе жатқан жайы бар.
Зейнеткерлікке шыққасын «бәрі бітті» деген түсінік бар. Дегенмен, жұмыс істейтін зейнеткерлер аз емес. Оның да бояуы сан қырлы. Жетіскеннен емес, жетпегеннен де істейді. Бірақ бұл Кәлима Құсайынқызына қатыс месе әрине. Бір анығы – адамның үйге қамалмай, өзіне ұнайтын шаруамен айналысқаны, қозғалыста болғаны, өзінің біреуге/біреулерге керек екенін сезінгені.
Ал ең бастысы – мамандық, жүретін жолыңды таңдағанда әу бастан қателеспеу. Сондықтан ел басқаруға да лайықты адамдар шықпаса, қиын. Әр адам қабілетіне байланысты істесе, ол халыққа да жақсы, адамның өзіне де жақсы.
Неге десеңіз, Кәлима Құсайынқызының дәрігер мамандығын таңдаудағы өзіндік себебі бар. Ал себеп, Кәлима апайдың анасымен тығыз байланысты. Анасы астма, яғни, «демікпе» ауруымен ауырса керек-ті.
- Анам қиналып, демікпесі ұстаған уақытта дәрігерді күтіп алатын да, анама қарайласатында көбіне өзім болатынмын. Алты ағайынды болдық. Бірақ анамның күтімінде өзім болдым. Ол басқа балалардың анама қарайласуға ықылас-ниеті болмады дегеннен емес. Қалғандарының уақыты, мүмкіншілігі болмағаннан кейін, анама қарау міндетін өз мойныма өзім жүктеген едім.
Бірде анам маған, балам бір үйде бір дәрігедің болғаны дұрыс. Сондықтан сен осы мамандықты таңда деп айтпасы бар ма. Анамның осы сөзін мен аманаты ретінде қабылдадым. Анамның өмірден қайтқанына қаншама жылдар өтсе, аманатын әлі күнге орындап келемін, -дейді Кәлима Құсайынқызы.
Адам мына өзінің ісін сүюі керек. Өзінің ісін сүйген адам кез келген нәрседе қолынан қуаты кеткенше ол жұмыстан шықпайды. Мәселен, адам жаратылғаннан кейін әркімнің өз саласында қабілетіне қарай ісі болады. Сол ісін өзі сүйсе, ол өмір бойы қолынан қуаты кеткенше сонымен айналысады. Ол - адамның бақыты дейді білікті дәрігер.
Бүгінде Кәлима апай тек анасының аманатын арқалап қана отырған жоқ, сонымен қатар, ата-анадан қалған қара шаңырақтың да иесі болып отырған жайы бар. Ал қасиетті қара шаңырақ сол Ақтас кентінде орналасқан.
Тоғжан есімді қызы бар болатын. Тағдырдың жазғаны солай болар, үкілеп отырған қызы 13 жасында қайтыс болады. Қазір қолында Карина есімді қызы бар. Қарағандыдағы № 92 гимназияда 9 сыныпта оқиды.
Осылайша анасының аманатын арқалаған ақ халатты абзал жанмен сұхбатымызды тәмамдадық.
Кәлима апай кеше ғана Гиппократқа ант берген жігерлі жас cекілді. Науқастың білте шамдай үмітін сөндіргісі келмейді. Айығып кетсе екен деп асығады. Бүгінгі медицина жаңалықтарына қуанып, жас мамандарға қызыға қарайды.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ