Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ЕШКІМ КӘСІПКЕР БОЛЫП ТУМАЙДЫ. КӘСІПКЕРЛІК ЕҢБЕК. ОНЫ ЖАСТАРДЫҢ БОЙЫНДА ӘУЕЛДЕН ҚАЛЫПТАСТЫРУ КЕРЕК. КӘСІПКЕРЛІК ЕҢБЕКТІҢ БАСҚА ТҮР­ЛЕРІНЕН ОҚШАУЛАНЫП ТҰРАДЫ. АТАҚТЫ НЕМІС ЭКОНОМИСІ, ГАРВАРД УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ ИОЗИФ ШУМПЕТЕРДІҢ «КӘСІПКЕР БОЛУ – БАСҚАНЫҢ ІСТЕГЕНІН ІСТЕМЕУ» ДЕГЕН СӨЗІ СОНЫҢ АЙҒАҒЫНДАЙ.

Өз еңбегін ұйымдастыра білген адам кәсібін дөңгелете алады. Бұл туралы француз экономисі Жан Батист Сейдің «Кәсіпкер – адамдарды өндірістік ауқымда ұйымдастыратын адам» деген анықтамасы бар.

Туған жерді түлету – азаматтық парыз. Өңірімізде халық сенімін ақтап жүрген кәсіпкерлер жетерлік. Солардың бірі өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып жүрген танымал жас кәсіпкер – Санжар Қаршығаұлы.

Өткен жексенбіде Саран қалалық орталық мешітінде «Жас келсе іске» атты семинар тренинг өткен болатын. Келелі кездесудің қонағы біз айтып отырған Санжар Қаршығаұлы болды. Игі жақсылар бас қосқан жиынға Саран қалалық орталық мешітінің бас имамы Саликов Мұхаммедқали қажы Сапарғалиұлы, мешіттің найб имамы Мәулен Әбілхайыр, мешіт ұстазы Күлтебай Асылхан және студент жастар мен мешіт шәкірттері қатысты.

Кештің мақсаты – елімізде ісін өрге дөңгеленткен кәсіпкерлердің  тәжірибесімен бөлісіп, жетістіктерін жастарға паш ету. Туған елге, жерге деген  сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді ояту.

Бүгінгі таңда жастарды кәсіпкерлікке тарту - уақыт талабы. Санжар Қаршығаұлы өзінің жетістіктерімен бөлісіп, жас буын өкілдеріне ақыл-кеңесін айтты. Сонымен қатар ол жастарға басынан өткерген қиындықтарын айтып, жетістікке жету жолдарымен бөлісті. Колледж студенттері мен мешіт шәкіртері Санжар Қаршығаұлымен ашық тілдесті.

- «Кәсіпкер болу керек» деп айта бергеннен кәсіпкер шықпайды. Адам жастайынан қай салаға икемді болса, соны дамыту керек деп ойлаймын. Уақыт өте келе бір саланы таңдауға тура келеді. Білімге, жаңашылдыққа ізденіс болумен қатар, өз-өзіңді дамытудан шаршамау керек. Кәсіпкер бір саланы өмір бойы алып жүрмеуі де мүмкін. Нарыққа қарай бейімделіп, жаңа жобаларға көңіл бөліп, кейінгі технологияны да пайдаланған абзал, - деді кездесу барысында Санжар Қаршығаұлы.

Иә, іскер кәсіпкер тынымсыз еңбегі мен білімінің арқасында бүгінде жетістікке жетіп отырған жайы бар. Мұндай  азаматтарды өскелең ұрпақ танып, білуі қажет. Кездесудегі басты мақсат та осы. Артынан ерген жастарға өмірге шынайы көзбен қарап, еңбекқор болуды үйрету. Оларға үлгі бола білу.

Мешіттің бас имамы Мұхаммедқали қажы Сапарғалиұлы жастарға насихат айтып, батасын берді.

Кеш соңында студенттерге мешіт атынан сыйлықтар табыс етілді.

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ