Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

 ҚАЙТА ҚАЛПЫНА КЕЛІП, ТҮЛЕП ЖАТҚАН РТБ ЕЛДІМЕКЕНІНДЕ­ГІ 3 ШАҒЫН АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНА АРНАП АЗЫҚ-ТҮЛІК ӨНІМ­ДЕРІНІҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ. ЖӘРМЕҢКЕГЕ САРАН ШАҺАРЫ МЕН КӨРШІЛЕС АЙМАҚТАРДЫҢ ТАУАР ӨНІРУШІЛЕРІ ҚАТЫСТЫ. ӨҢІР ШАРУАЛАРЫ ЕТ, КАРТОП, КӨКӨНІС, СҮТ ЖӘНЕ БАЛ ӘКЕЛІП САУ­ДАҒА САЛДЫ.

 Жаз бойы баптап өсірген бау-бақша өнімдерін, артылған қолдың сары майы мен құрт-ірімшігін, қаймағы мен та­рыталқанын саттыққа шығарған тауар өндірушілердің өнімдерін арзан бағаға сатып алуға келген жұртшылықтың қа­расы көп болды. Жаймашуақ бұл күні картоп, өзге де көкөніс түрлерінің болуы қалтасына қарап саудаласқан жұртшылыққа қолжетімді көрінді.

Шағын ауданның тұрғындары осын­дай жәрмеңкелер барысында жұрт­шылықтың төменгі бағамен азық-түлік қорын жасақтап алуға мүмкіндік беріліп отырғанына ризашылықта­рын білдіріп жатты.

Жәрмеңкеге келушілердің санитарлық-эпидемиялық та­лаптарды сақтауын арнайы топ бақылады. Сондай-ақ олар ашық базарда саудагер­лер мен тұтынушылардың беттұмша тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтауын қа­дағалады.

Жәрмеңкеге келіп, тауарын сатып, оны қаражат қылған­дар да, оны арзан бағада са­тып алған тұрғындар да риза. Таңқурай жәшігін көтерген ағамызды сөзге тартып едік, тосап қайнату үшін алып жатқанын айтып, бағасының да айтарлықтай арзан екенін жеткізді. Есімін сұрап едік, жазбай-ақ қоюымызды өтін­ді .

«Осы жәрмеңкені арнайы күттік. Мұнда барлық қажетті өнімдер ұсынылған. Жәрмең­ке көңілімізден шығып отыр. Тауар бағасы күннен-күнге қымбаттап жатқан шақта бұл жәрмеңкенің қарапайым халық үшін пайдасы үлкен. Себебі мұндағы кейбір тауар бағасы қара базардан әлдеқайда арзан екен. Қысқа азық дайындау ке­рек қой, банкі жабу үшін жеміс-жидек, көкөністерді жәрмеңкеден алмасаң, дү­кендердегі баға удай. Ет, сүт өнімдерін алдым. Шаһарда жыл сайын осындай жәрмеңкелер өткізілетініне, бұл жұмы­стар болашақта да жалғаса беретініне қуаныштымын» деді 3 шағын ауданның тұрғыны.

 

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Фото: К.ОСПАНОВА