Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ – ТӘРБИЕЛІ ДЕ БІЛІМДІ ҰРПАҚ. СОЛ ҰРПАҚТЫ ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒА ЛАЙЫҚТЫ, БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ БОЛА АЛАТЫН ДӘРЕЖЕГЕ ЖЕТКІЗУ, МЫҚТЫ БІЛІМ МЕН ТАҒЫЛЫМДЫ ТӘРБИЕМЕН СУСЫНДАТУ – ҰСТАЗ АЛДЫНДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ.

Ел болып еңсеміз көтеріліп, дамыған елдің қатарына қосылуға қам жасауда бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыру – мұғалімнің еншісіндегі іс екені анық. Мемлекеттің жарқын болашағын мұғалімдерсіз елестету қиын. Бүгінде педагог мәртебесін көтеру жұмыстары өз жалғасын табуда. Бұл істің былтырдан бері заң жүзінде қолға алынғаны көпшілікті қуантты.

Қазіргі ұстаз өткенге сын көзбен қарап, бүгінгіні саралайтын, болашақты бағдарлайтын бағдаршам іспеттес десек, артық айтпас едік. Кезінде ұлт мақтанышы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұстаз - мектептің жүрегі» деп баға берген еді. Осындай мектеп жүрегіне айналған ұстаздар біздің Саран шаһарында да көптеп саналады.

Оған мысал жақында өткен «Жыл мұғалімі - 2021» байқауының өткізілуі еді. Аталмыш байқаудың соңғы кезеңі Мәдениет үйінің үлкен залында өтті. Алқалы жиынға қала әкімінің орынбасары Ералы Оспанов, қалалық мәслихат хатшысы Өміржан Баймағанбетов, Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев, білім бөлімінің өкілдері, білім беру мекемелерінің педагогтары, «Жыл мұғалімі» облыстық конкурстарының өткен жылдардағы қатысушылары мен жеңімпаздары қатысты.

Міне, осындай мұғалімдер үшін аса маңызды байқаудың соңғы кезеңіндегі ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Ералы Оспанов сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ералы Серікұлы өз сөзінде аталмыш байқаудың мұғалімдерді қолдау мақсатындағы игі бастамасы екендігін айта отырып, мұндай байқауларды өткізу қаламызда дәстүрге айналғандығына тоқталды. Оның әр жыл сайын мазмұны артып, мұғалімдердің де кәсіби білім-біліктілік деңгейі арта түскендігін жеткізді.

Ұстаз мәртебесін арттыру, талантты педагогтарды қолдау және кәсіби педагогикалық тәжірибенің үздік үлгілерін көрсету мақсатында өткізілген сайысқа биыл 8 пән мұғалімі қатысуға ниет білдіріп, олар бірнеше кезеңнен тұратын сайыста  бақ сынасты. Конкурстың негізгі кезеңдерінде қатысушылармен онлайн форматта ашық сабақтар мен мектептен тыс іс-шаралар және таныстырылым, жексенбілік күн, ашық микрафон  өткізілді.

Міне, осылайша байқауға қатысушы әрбір ұстаз педагогикалық қызметтің қыр-сырын өздігінше көрсете білді. Алайда, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озар» ұстаздар сынында бір ғана жеңімпазды анықтау шарт. Осыған орай қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі, әділ–қазылар алқасының төрайымы - Сәулеш Шаймұратқызы бастаған әділқазылар тобы әр өткізілген сынақ кезеңі бойынша байқауға қатысушыларға баға беріп, соның нәтижесінде жеңімпаздарды анықтады.

Әділқазылар алқасының қорытындысы бойынша № 7 жалпы білім беретін мектеп -интернатының қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Айдарбекова Марал Нургабдешқызы «Үздік іс-шара» номинациясымен, № 13 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Алимханова Ғазиза Арыстанқызы «Үздік үй тапсырмасы» номинациясымен, ал № 6 жалпы білім беретін мектептің математика пәні мұғалімі Иванова Евгения Петровна «Үздік сабақ» номинациясымен марапатталды.

№ 1 мектеп -гимназиның қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Акпарова Айгерим Мәуленқызы мен аталмыш мектеп - гимназиясының ағылшын тілі мұғалімі Сторчак Мария Дмитриевна «Жыл мұғалімі - 2021» қалалық байқауының ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды.

Ал № 16 жалпы білім беретін мектептің орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі Увалиева Айнаш Абылайқызын  әділ қазылар алқасы байқаудың ІІ дәрежелі дипломына лайық деп тапса, «Жыл мұғалімі - 2021» қалалық байқауының І дәрежелі дипломының иегері № 2 жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі  Хохлова Людмила Юрьевна атанды.

Бас жүлдені үздіктердің үздігі атана білген Абай атындағы жалпы білім беретін мектептің орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі Махмутова  Баян Қанатқызы иеленді.

Салтанатты шарада жылдың үздік мұғалімдеріне марапаттарды Саран қаласы білім бөлімінің басшысы Арман Бақтыбаев табыстаған болатын.

«Мұғалім мамандығы – қай кезде де құрметті және мәртебелі. Сіздер еліміздің болашағы үшін еңбек етудесіздер. Сіздердей ұстаздардың ерен еңбегінің нәтижесінде сарандық оқушылар түрлі байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Біздің оқушыларымыз түрлі деңгейдегі байқауларда жақсы нәтиже көрсетіп, сарандық мұғалімдер тек қана қаламыздың емес, сонымен қатар облыстың қоғамдық өміріне де белсене атсалысуда. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Бүгінгі шараның осындау атаулы датамен сәйкес келуі де қуантарлық жағдай. Мемлекет қандай жағдайда да білім саласын қолдаудан танған емес. Соңғы екі жылда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мұғалімдердің жалақысы көтеріліп, мектептердің құрылысы мен күрделі жөндеуіне қомақты қаржы бөлінді.

Мұғалімдерге үлкен үміт артылады, өйткені олар ел ертеңі – бүгінгі ұрпақты тәрбиелеуде. Сіздерді шын жүректен құттықтай отыра, кәсіби салада жаңа белестерді бағындыруларыңызды тілеймін», - Арман Болатұлы салтанатты марапаттау рәсімінде.

Қала мектептерінің ұжымдары мен Мәдениет үйінің өнерпаздары ұстаздар қауымына арнап концерттік бағдарламаларын ұсынды.

Біздің мемлекетіміз әрбір ұстаздың еліміздің дамуына қосқан үлесін аса жоғары бағалайды. Мемлекет басшысының ұстаздар қауымына әрқашан қолдау көрсетуі – осының айғағы болса керек.

Демек, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде «бала жанының бағбаны» саналатын мұғалімдерге артылатын жауапкершіліктің де өз салмағы бар. Тамаша қызмет иесі саналатын ұстаздардың балаларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруі тынымсыз еңбекті, қажырлы қайрат пен үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Қоғамдағы тәрбиелік дәстүрді жалғастырып, биік адамгершілікке бастайтын қасиеттерге баулу – мұғалімнің басты міндеті болмақ.

Ұстаздық – тағылымы мол мамандық иесі. Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған мұғалім қашан да құрмет-қошеметке бөленуі тиіс!

  

 

Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ

Фото: Камила ОСПАНОВА