Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

КӘСІБІН ДӨҢГЕЛЕТКЕН ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТАРЫ МЕН ЖЕКЕ КӘСІП ИЕЛЕРІ ҚАЗАННЫҢ САЛҚЫНЫНА ҚАРАМАСТАН АҚТАС КЕНТІНЕ БЕТ БҰРЫП, КЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚОЛЖЕТІМДІ БАҒАҒА ӨНІМДЕРІН ҰСЫНДЫ.

31 қазан күні Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығының алаңында  «Ауыл-Береке» ауыл шаруашылығының жәрмеңкесі өтті.  Оған Қарқаралы, Жаңаарқа, Қазыбек би, Абай аудандарының, Шахтинск, Қарағанды қалаларының, Ақтас кентінің маңындағы фермерлік шаруашылықтардың, Саран қаласының кәсіпкерлері қатысты. Барлығы 42 жеке кәсіпкер мен  4 шаруа қожалығы болды. Онда ұсынылған азық-түліктің бағасы  нарықтан  қарағанда 5-10 пайызға төмен болды.

Жәрмеңкеге  Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Аканов қатысып, сөрелерде қойылған ауыл шаруашылық өнімдерімен танысып, бағаларына аса мән берді.

Жалпы жәрмеңкеде 1000 келі сиыр еті, 270  келі жылқы еті, 850 келі шошқа еті, 300 келі қой еті, 200 келі құс еті, 400 келі балық еті, 7000 дана жұмыртқа, 1500 келідей сүт өнімдері сатылды.

Бұдан бөлек сәбіз бен картоптың, орамжапырақтың саудасы да қызды. Ет пен жеміс-жидектерге деген сұраныс жоғары болды. Таңғы тоғыздан бастап түскі екіге дейін жалғасқан ауыл шаруашылық жәрмеңкесінде 12 млн теңгеден астам қаражатқа өнімдер сатылды және өнеркәсіптік тауарлар сомасы 2,3 млн теңгені құрады.

Қарқаралы ауданы, Қарабұлан ауылының Айнабұлақ бөлімшесінен  келген Бахтияр Тельманұлы - жеке кәсіпкер. Ақтас кентінің әкімшілігі ұйымдастырған жәрмеңкеге арнайы бір тонна ет әкелген.

- Өте жақсы өтіп жатыр, жақсы ұйымдастырыпты. Ыңғайлы, халық жақсы келіп жатыр. Бізге қолайлы болды. Барлық ұйымдастырушыларға, рақмет, - деп ризашылығын білдірді жеке кәсіпкер Бахтияр Искаков.

Сондай-ақ, жәрмеңкеге Саран қаласында өткен ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне қатысқан шаруа қожалықтар да болды. Солардың бірі –  Жаңаарқа ауданы, Ералиев ауылындағы Аралтөбе деген жерден  келген «Інжу» шаруа қожалығы.

- Жәрмеңкеге өзіміздің сүт өнімдерімізді әкелдік. Қымыз, май, қаймақ, ірімшік, қызыл ірімдік, өзіміз жаздай жасаған құрттарымыз. Өзіміздің табиға таза өнімдеріміз, - деді М. Дүйсенбина.

Теміртау қаласынан осымен бірнеше рет Ақтас кентіндегі жәрмеңкеге келіп жүрген жеке кәсіпкер Н. Ложкина  да ұйымдастырушыларға деген шексіз алғысын білдірді. Жеке кәсіпкер сүт және шұжық өнімдерін сатты.

- Мен барлық ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Үлкен рахмет әрқашан жақсы қарсы алады. Адамдар да мейірімді, көмектесуден аянып қалмайды, керек болса кеңес те береді, - деді жеке кәсіпкер Н. Ложкина.

Сол күні ауа райының қолайсыздығына қарамастан тұрғындар жәрмеңкеге толассыз келіп жатты.  Таңертеңгі уақыттан жәрмеңкеге ағылған жұртшылық түске дейін арзан өнімдерді алды. Жұмыртқа, сүт, ет, қаймақ, құрт секілді өнімдерді таласып алып жатты.

- Жәрмеңке өте жақсы өтіп жатыр. Ауа-райына қарамастан, бағасы да, барлығы да жақсы.  Бәрін аралап үлгермесек те, үйге картоп, шұжық, жұмыртқа сатып алдық. Осындай жәрмеңкелерді жиі ұйымдастыра беріңіздер, - деді Ақтас кентінің тұрғыны Алла Фетисова.

Сонымен қатар, ұйымдастырушылар да жаз бойы тер төгіп, табандылық танытқан шаруалардың еңбегін айрықша  бағалап,  жәрмеңкеге атсалысқан барлық қатысушыларға, жеке кәсіпкерлерге  зор алғысын білдірді.

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА

Суреттерді түсірген:

Камила ОСПАНОВА