ЕЛІМІЗДЕ ӨЗ ТУҒАН ЖЕРІНІҢ ӨРКЕНДЕУІНЕ, КӨРКЕЮІНЕ ЕЛЕУЛІ ҮЛЕС ҚОСЫП, МҰҚТАЖ ЖАНДАРҒА ҚОЛ ҰШЫН СОЗЫП ЖҮРГЕН АТЫМТАЙ ЖОМАРТ АЗАМАТТАРДЫ МАРАПАТТАЙТЫН ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ «ЖОМАРТ ЖҮРЕК» СЫЙЛЫҒЫ БАР.
Пандемияға дейін аталмыш шара барлық сән-салтанатымен үлкен концерт залдарында өтетін. Мұқым елдің берекетін қашырып, екі аяғын бір етікке тыққан 2019-дан бастап барлық мәдени-бұқаралық шараларға шектеу қойылды немесе онлайн форматқа ауыстырылған-тын. Бұл шектеулер шаһар әкімінің «Жомарт жүрек» сыйлығын табыстау салтанатын да айналып өтпеді.
Десекте, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген аталы сөз бар емес пе. Осы қағидатты берік ұстанған қала басшылығы жылдағы дәстүрге сай биыл да сарандық атымтай жомарт жандарды назардан тыс қалдырмады. Биыл салтанатты марапаттау рәсімі Zoom платформасы арқылы онлайн форматта өткізіле отыра, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылғандығын атап өткеніміз жөн.
Ал, негізі бұл сыйлық «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында тағайындалады. Жобаның ұйымдастырушысы – ҚР Қоғамдық даму министрлігі. Сыйлық қайырымдылық, меценаттық және филантропия идеяларын насихаттау мақсатында жанашыр азаматтарға беріледі.
Марапаттау рәсіміне Саран қаласы қаласы әкімінің орынбасары Ералы Оспанов, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ меценаттар мен еріктілер қатысты.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Жомарт жүрек» сыйлығы республикадағы, оның ішінде елордадағы бизнес-қауымдастық өкілдерінің әлеуметтік бастамаларын жүзеге асырудың негізгі құралдарының бірі болды. Сыйлық еліміздегі қайырымдылық саласының дамуына бей-жай қарамайтын жандарды іздеу және көтермелеу мақсатында тағайындалған. Игі іспен айналысу, адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі, қанымызға сіңген қасиет. Бұл – ғасырлар бойы құндылығын жоймаған ата салтымыз», – деп атап өтті әкім орынбасары Ералы Серікұлы.
Сонымен, кезек «Жомарт жүрек» сыйлығының иегерлеріне де келіп жетті. Белсенді азаматтық ұстанымы мен түрлі бағыттағы кең ауқымды қайырымдылық қызметі үшін «Жыл тұлғасы» номинациясында лауреат атағын Иванова Елена Михайловнаға иеленді.
Елена Михайловна жануарларға арналған жеке баспана ашқан болатын. Соның арқасында 2000-нан астам иесіз қалған төрт аяқты достарымыз өз отбасыларын тауып, жаңа иелерімен табысқан-тын. Атап айтатын болсақ, 25 мысық пен 2 ит Германияға ұшақпен аттандырылып, иелерімен қауышып, сол жерден жаңа жатақтарын тапты. Қазіргі таңда Елена Иванова ашқан баспанада 200-ге жуық жануар бар.
«Рахмет. Бүгін менің қуанышымда шек жоқ. Ержан Оралұлы мен әкім аппаратына бізді үнемі назардан тыс қалдырмай қолдап, қолпаштап жүретіндеріне, сонымен қатар, әрдайым біздің жануарларға арналған баспанаға қаражатпен де, азық-түлікпен де көмектесіп, қол ұшын созып жүретіндеріне шексіз алғысымды білдіремін. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін келтірер болсақ, әкімге және әкім аппаратына тек қана сөз жүзінде емес, сондай-ақ іс жүзінде де жәрдемдесіп, қолдау көрсеткендеріне мың алғыс айтқым келеді», - дейді «Жыл тұлғасы» номинациясының иегері Елена Иванова.
Ондан кейін елді мекендерді абаттандыруға, саябақтарды, аллеяларды, ескерткіштерді, балалар ойын алаңдарын қайта жаңарту және салу, денсаулық сақтау, мәдениет, білім беру және спорт салаларына демеушілік көмек көрсетуге бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асырғаны үшін «Туған өлке» номинациясымен Шинкаренко Татьяна Петровна марапатталды. Татьяна Шинкаренко «Открытое сердце» еріктілер қозғалысының құрылтайшысы.
Татьяна Петровна көп балалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету бойынша қайырымдылық қызметінің ұйымдастырушысы (киім, аяқ киім, ыдыс, азық-түлік сатып алып береді). Әрдайым балаларды емдеуге қаражат жинауға, сонымен қатар, карантиндік үй қамағындағы адамдарға азық-түлік жеткізу бойынша көмек көрсетіп, мұқтаж жандарға қол ұшып созып жүреді. Бұдан бөлек, Татьяна Петровнаның жоғалған адамдарды іздестіруге және тағы да басқа қайырымдылық іс-шараларға белсене атсалысып жүрген жайы бар.
«Жомарт жүрек» сыйлығы – еліміздің нағыз батырларын танытуға, көрсетуге мүмкіндік беретін бірегей жоба. Қала басшылығына бізді назардан тыс қалдырмай, қолдау мен көмек көрсеткендеріне, сонымен қатар, бүгінгі марапаттарыңызға шексіз ризамыз және алғыс айтамыз. Бұдан бөлек, қала басшылығына мұқтаж жандар мен көп балалалы отбасыларға арналған киім-кешек тапсыратын жеке қойма бөліп бергендеріне рақмет айтамыз. Біз қайырымдылыққа барынша көп адамды жұмылдыруға тырысамыз. Қорымыз тұрақты негізде жұмыс істейді, біз қиын жағдайға тап болған жандарға материалдық көмек көрсетеміз. «Жомарт жүрек» сыйлығы – тегін жақсылық жасай алатын, басқа адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлай білетін жандарды ынталандыру үшін өте маңызды», - деді «Открытое сердце» еріктілер қозғалысының құрылтайшысы Татьяна Шинкаренко.
Ал, әлеуметтік маңызы бар жобаларды, қайырымдылық жобаларды мен акцияларды тиімді іске асырғаны және қайырымдылық көмектің жаңа тиімді формаларын енгізгені үшін «Жылдың үздік ұйымы» номинациясында қоғамдық маңызы бар іс-шараларға демеушілік көрсеткені үшін лауреат атағы «Дара» қайырымдылық қорына берілді. Аталған қайырымдылық қорының жетекшісі - Заблоцкая Ирина Сергеевна. Бұдан бөлек Ирина Сергеевна № 13 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.
Аталған қайырымдылық қорының тікелей қатысуымен Ақтас кентіндегі № 13 жалпы білім беретін мектепте Инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылды.
Бұдан бөлек, қор білім ошағындағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 1 942 500 теңге сомасындағы қаражат жұмсаған. Сонымен қатар, балалармен жұмыс жасау үшін ұйымдастыру техникасын мен дидактикалық материалдар сатып алуға, релаксация аймағын жабдықтауға ат салысқан.
«Саран қаласының әкімдігіне жеке өзімнің және қордың атынан мектебіміздегі ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалармен жұмыс істеу мақсатында жағдай жасау бойынша атқарылған жұмыстарымызға жоғары баға беріп, елеп жатқандарына шексіз алғысымызды білдіреміз. Кешегі еңбегіміздің жетістігі бүгінгі марапат - жалпы ұжымның жемісі деп есептеймін. Біздің қорда қаншама қайырымды жандар бар. Олардың әрқайсысы осы марапатқа лайық деп санаймын», – деп ағынан жарылды «Дара» қайырымдылық қайырымдылық қорының жетекшісі Ирина Заблоцкая.
Содан кейін, «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясында елеулі әлеуметтік-маңызды өзгерістерге алып келген кешенді қайырымдылық қызметі үшін лауреат атағын Шехватов Михаил Юрьевич иеленді.
Михаил Юрьевич қаланың коммуналдық қызмет көрсету саласындағы апатты жағдайларды жоюға тұрақты негізде көмек көрсетіп келеді.
«Елге, туған жерге осылай еңбек ету әрбір азаматтың борышы, әсіресе, қайырымдылыққа шамасы жететін жандардың осындай игі істерге мұрындық болып жүргеніне қуанамыз. Мақсатқа жету жолында қаншама еңбекті сарп етсек, туған өлкені алға дамыту жолында осындай қажыр-қайрат керек. Біздің еңсемізді тіктейтін елдің алғысы, осы жолда әрі қарай жұмыс жасай беретенімізге кәміл сенемін», - деді «Жылдың үздік қамқоршысы» номинациясының лауреанты Михаил Шехватов.
Иә, елге болысып, жығылғанға демеу, сүрінгенге тіреу бола білетін абзал азаматтардың тұғыры биік қашанда. Олар мақтау мен марапатқа мұқтаж емес, алайда, алқалы елдің алғысын арқалану да азаматқа бір мәртебе.
Шаһарымыздағы игі істердің бастамашысы болып жүрген жандар - азаматтардың бір парасы ғана. Бұдан өзге жақсылығы мен жомарттығы бар сарандықтар баршылық. Ондай жандар қандай құрметке болса да лайықты.
Жалпы, жомарттық - қазақ халқының бойынан тез табылатын қасиет. Жомарт болу үшін қалтаның қалыңдығы мен малдың саны қажет емес. Ол үшін жақсылыққа жаны құмар, айналасына жанашыр жүрек болса жеткілікті.
Игі жақсылар бас қосқан алқалы жиынды қорытындылай келе «Жомарт жандар қаламыздың көркеюіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып ғана қоймай, әлемді шарпыған пандемия кезеңінде де жомарттық пен елжандылықтың жоғарғы үлгісін көрсетті. Қолында барын халықтың игілігіне жұмсап, ізгі іске атсалысқан рухы биік жандарға қала тұрғындарының атынан шынайы алғысымды білдіремін», – деді қала әкімінің орынбасары Ералы Оспанов.
Жоба жеңімпаздарына арнайы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. Марапаттау рәсімі санитарлық нормалар мен карантин талаптарын сақтай отырып өткізілді.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ
Фото: Камила ОСПАНОВА