ЖИҺАЗ КЕҢСЕГЕ КЕЛБЕТ, ҮЙГЕ СӘН БЕРЕДІ. БҮГІНДЕ ҮЙДІ ДЕ, КЕҢСЕНІ ДЕ ОНСЫЗ ЕЛЕСТЕТУ МҮМКІН ЕМЕС. ӘР ҮЙДЕН ТАБЫЛАТЫН ЖИҺАЗ САН ТҮРІ ЖИНАҚЫЛЫҚ ҮШІН ТАПТЫРМАС ДҮНИЕ.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына қатысып, қалалық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Бастау Бизнес» курсында білімін жетілдірген Саран шаһарының жас кәсіпкері Асқар Маураттың есімі бүгінде көпшілікке жақсы таныс.
Алғашқы кезде Қарағанды қаласындағы жиһаз жасау цехтарының бірінде жұмыс жасап, біліктілігін арттырып, тәжірибе жинаған ол, жеке өз цехын ашу ойымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Саран қалалық бөліміне барған. Мауратқа бөлім мамандары жиһаз кәсібін бастаса нәтижеге қол жеткізуге болатыны туралы кеңес береді.
Маурат Ерланұлы көп ойланбастан «Бастау Бизнес» курсында білімін жетілдіріп, қорғаған жобасы арқылы алған несиеге Ақтас кентінен арнайы жиһаз жасайтын құралмен жабдықталған шағын цех ашты.
Бүгінде Маураттың жиһаз цехында өзімен қосқанда екі маман тұтынушылар тапсырысын сапалы әрі уақытылы орындап, тұрғындарға қолжетімді бағамен ұсынуда.
Шебер жігіттер кеңсеге және үйге қажетті жиһаздың түр-түрін жасап береді. Бір жыл бұрын осы кәсіпті жолға қойған Маураттың қазіргі күні тасы өрге домалап келеді. Іскер жігіттің бос уақыты мүлдем жоқ, себебі тапсырыс көп, уақыт аз.
Күні кеше ғана жиһаз цехының жұмысымен танысудың орайы келді. Шеберді жұмыс орнынан жолықтырдық. Оның еңбекқорлығын аз сөйлеп, көп тыңдайтындығынан байқадық.
– Отан алдындағы борышымды өтеп келгеннен кейін үйде бос жатпай, жұмыс жасау керек болды. Содан Қарағанды қаласындағы жиһаз жасайтын цехқа жұмысқа тұрдым. Осылайша үйішілік мүліктерді жасаудың қыр-сырын үйрене бастадым. Уақыт өте келе, өзім жеке цех ашқым келіп, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының Саран қалалық бөліміне барған болатынмын. Ондағы мамандар ойымды жүзеге асырудың жолдарын тәптіштеп түсіндіріп берді. «Бастау Бизнес» курсында оқып шыққаннан кейін, өз бизнес жобамды абыроймен қорғап, кәсібімді дөңгелетуге несие алдым. Міне, осылайша ептеп жұмысты бастадық. Кәсіпті бастарда біршама қобалжулар болды, әрине. Дегенмен ойлаған мақсатымызға жету үшін көп еңбек ету қажет еді. Сапасы жақсы, бағасы қолжетімді болған соң тапсырыс берушілердің көңілінен шықтым деп айта аламын. Аллаға шүкір, шағын болса да, өңір тұрғындарын түрлі жиһаздарға тапсырыстар алып, олардың алғыстарын арқалап келеміз, – дейді жиһаз жасаушы.
Аз ғана уақыттың ішінде көпшілікке танылып үлгерген жиһазшы Мауратқа Қарағанды, Саран қалалы мен Ақтас кентінің тұрғындары мен бірқатар дүкендер, мектеп-балабақшалар өздеріне керекті компьютерлік үстелдер мен шкафтарды жасатып алған. Олардың қатарында тіпті Нұр-Сұлтаннан да тапсырыс бергендер болған екен.
Сондай-ақ, мұнда тапсырыс берушінің талғамын ескеріп, түр-түсін, жасалу формасын таңдау секілді мүмкіндіктер мен тұтынушыларға тапсырыстарын тегін өлшеп беру сынды жеңілдіктер қарастырылған. Бұл нарық заманындағы тұтынушы тартудың тиімді жолдары болса керек-ті.
Жиһаз цехында үш бірдей азамат еңбек етіп, тиісті нәпақасын тауып отырған жайы бар. Оны жасауға қажетті материалдар облыс орталығы Қарағанды шаһарынан тасымалданады. Жергілікті жерде дайындалатын өнімдер сапасына қарай тұрғындарға қолжетімді бағада сатылады.
– Қандай да бір жиһазға тапсырыс алған соң, оған қажетті құралдарды дайындаймыз. Яғни, ЛДСП, МДФ сияқты ағаш материалын, оның тұтқасы, топсасы, шегелері сияқты ұсақ-түйектердің бәрін дүкен аралап жүріп, сапасына қарай таңдап аламыз. Жалпы шкаф купе, ас үй гарнитурлары мен үй бұйымдарының бағасын сапасына қарай бағалаймыз, – дейді жеке кәсіпкер.
Бүгінде Маураттың қолынан шыққан тамаша жиһаздарды тек қана Ақтас кентінен емес, Қарағандыға маңайлас қалалардың көпшілігінен кездестіруге болады. Тұтынушылар базасы бір ғана елді мекенмен шектелмеген. Кәсібі алға басып, күннен-күнге сұраныстар көбейіп келеді екен.
«Талаптыға нұр жауар» деген. Жоқтан бар жасап, кәсіптің көзін тапқан, осылайша өзімен қоса тағы бір адамды жұмыспен қамтып отырған 21 жасар Маураттың бұл ісі көпке үлгі.
Шапағат ҚОСШЫҒҰЛОВ