Бүгін: 26.11.2024
Тіркеу: Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде. 2017 жылғы 18 қаңтардағы No 16307-G куәлік (1999 жылғы 16 қыркүйектегі № 869-G алғашқы тіркеу нөмірі мен күні)

АКТАС КЕНТІНДЕ 18 ОҚУШЫСЫ «ЖАС ҚЫРАН» ҚАТАРЫНА ҚАБЫЛДАНДЫ. АНТ ҚАБЫЛДАУ РӘСІМІ АҚТАС КЕНТІНІҢ МӘДЕНИ-САУЫҚ ОРТАЛЫҒЫНДА ӨТТІ. ШАРА ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ КҮНІНЕ ОРАЙ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ.

Қазақстан жас азаматтарының басын біріктіретін «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы қазіргі таңда республикалық қоғамдық бірлестігі. Елбасымыздың бастауымен құрылған болатын.  Бұл ұйым Отанды шексіз сүйетін, білімге құштар дәстүрді, ұлттық және адамгершілік, рухани құндылықтарды бойына сіңірген, рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыруды көздейді.

Елімізде жыл сайын белсенді, патриот жастардан құралған «Жас Ұлан» және «Жас қыран» қатары артып келеді. Жас ұрпақ бойына Отанға деген сүйіспеншілік пен патриотизмді дарытатын, мықты  рух қалыптастыратын, ұлттық  тәрбие мен сапалы білімге бастайтын ұйымның қатары биыл да нағыз отаншыл ұрпақпен толықты. 29 қараша күні Ақтас кентінің мәдени-сауық орталығында «Жас Ұлан» бірыңғай балалар ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігінің «Жас қыран» кіші буын қатарына жас буын өкілдері қосылды. Салтанатты шараға кент әкімі Бауыржан Ақанов, Саран қалалық мәслихатының депутаты Евгений Хисметов, аяулы ұстаздар  мен ардақты ата-аналар қатысты. 

№ 16 жалпы білім беретін мектеп үшін бұл шара жауапты сәттердің бірі болды. Себебі, дәл сол күні  білім ордасында оқитын 18 бірінші сынып оқушысы «Жас Қыран» қатарына қосылды. Білім алушылар патриот болуға, мемлекеттік рәміздерді дәріптеуге, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарауға, ата-ананы қадірлеуге, білімге табандылықпен ұмтылуға, табиғатты аялауға және салауатты өмір салтын ұстануға ант етті. Салтанатты қабылдау рәсімінде Ақтас кентінің әкімі Бауыржан Ақанов  және  қалалық мәслихатының депутаты Евгений Хисметов оқушыларға төсбелгілерді табыстады.

Кент әкімі Бауыржан Ақанов  өзінің құттықтау сөзінде: «Еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу қарсаңында, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай кентіміздің бастауыш сынып оқушылары «Жас Қыран» республикалық балалар ұйымының мүшесі болады. Баршаңызды осы мерекемен шын жүректен құттықтаймын.  «Жас Қыран» болу үлкен абырой мен сенім. Алдағы уақытта оқуды жақсы оқуға, тек қана биіктен көрінуге, мемлекетіміздің үлгілі, тәртіпті, дарынды, қайратты, білімді азаматтар болуларыңызға тілектеспін», - деп жас буын өкіліне деген  зор үмітін білдірді.

Қалалық мәслихаттың депутаты Евгений Хисметов еліміздің болашағы болып табылатын жас ұрпақты құттықтап, ізгі тілегін жолдады. 

Салтанатты шара өнерлі жастардың мерекелік концертіне ұласты.  «Томирис» би ансамблі қазақ биінен шашу шашып, «Жұлдыз» вокал тобы «Мой Казахстан»  әнін орындады,  «Қарлығаш» вокал тобы «Жас түлектер» әнін  тарту етті, жігер мен рухқа толы әндер шырқалды.

 

Дина ӘБДІҒАЛИЕВА